11.07.2019, 12:23
Оқылды: 112

Облыс әкімі сырымдықтармен кездесті

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданының активімен кездесті. Кездесуге облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар қатысты.

 syrym (2)

Актив жиынының басында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауданның әлеуметтік-экономикалық аяқ алысы туралы баяндама жасап, өңір басшысына алдағы 5 жылдықта іске асуы жоспарланған, қаржыландыруды қажет ететін жобаларды таныстырды. Олардың арасында Алғабас ауылынан 10 тұрғын үй салу және 15 үйдің орнына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту, дәл осындай инфрақұрылымды Өлеңті ауылы бойынша 42 учаскеге дайындау, Тоғанас ауылының кірме жолын, Абай мектебін жөндеу және тағы басқа да жобалар бар.

Еңбек ардагері, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сыдық Тәжмұқан облыс әкімі Ғали Есқалиевтен аудан үшін идеологиялық әрі тарихи маңызы бар екі мәселеге назар аударуын сұрады.

syrym (3)

-Біріншісі – Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі үшін сатып алынған Алашорда көшесіндегі екі қабатты ғимаратты жөндеу. Күн тәртібінде «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» тұрған уақытта білдей ауданның музейін, яғни тарихи келбетін аядай бөлмелелерге тығып қоймай, жаңа ғимаратқа көшіріп, жарқыратып көрсету, тарихты қоғам тәрбиесіне пайдалану мәселесі өте орынды деп ойлаймын. Екіншісі – дала реформаторы, батыр Сырымның еңселі ескерткішін орнату. Ескерткіш болғанда да, тек мүсін емес, ердің айбарына, елдің болмысына айналған Сырым батырдың алшайтып тұрып ат мінген ескерткішін орнату  керек,- деді Сыдық Тәжмұхан.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Асхат Дүйсенғалиев Жымпитыдағы мәдени – спорт кешенін жөндеу мәселесін көтерді. Көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері Анаргүл Боранқұлова жанұясының «Өрлеу» бағдарламасы мен жаңа үлгідегі әлеуметтік көмектің игілігін көріп отырғанын, қазақстандық отбасылар мемлекеттің қамқорлығына саналы ұрпақ тәрбиелеу ісімен және адал еңбекпен жауап беру керек екендігін айтып, сөз сөйледі.

syrym (4)

Актив жиынын Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қорытындылады.

-Сырым ауданының Сырым мен Тайлақтай батырлардың, Қадыр мен Абдолладай ақындардың туған жері екенін білемін. Алашорда идеясының да қазығы осы киелі топырақта қағылды.

Ел бүгін жаңарды, жанданды. Халық жаңа, заманауи игіліктерді қолдануда. Биліктің әр саясатының астарында – халықтың қамы, азаматтарды аманаты тұр.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев өңір басшыларының алдына бірқатар мәселелерді қойды. Олардың үшеуі тікелей аудан әкімдерінің жұмысына қатысты. Аудан басшыларының бірінші міндеті – жаңа жұмыс орындарын ашу. Ол үшін бизнеске жағдай жасалуы керек. Билік бизнеске қолайлы жағдай жасаған сайын, жеке инвестициялық табысты да арттырады.

Екінші мәселе – бюджетті үнемдеу. Бюджетті үнемдеудің негізгі жолы – дұрыс жоспарлау мен тиімді жарату. Біздер көбіне осы екі тұстан әлсіздік танытып жатамыз.

Президенттің билік өкілдеріне қойып отырған тағы бір талабы – халықпен жұмыс істеудің жаңа форматтарын қолдану. Биліктің ашықтығы, қолжетімділігі – бұл еліміздің саяси жетекшісі «Nur Otan» партиясының да мақсатымен үндес.  Облыс әкімі әрі партияның өңірдегі төрағасы ретінде жаңа форматтағы жұмыстарды қолдаймын. Мен халықты ашық пікірге, қоян-қолтық жұмысқа шақырамын! - деді өңір басшысы. Сөзінің дәлеліндей, БҚО әкімі Ғали Есқалиев аудан активіне өзінің Сырым ауданындағы қоғамдық өкілі ретінде Есберген Әжібаевты таныстырды.

Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале