22.08.2017, 10:15
Оқылды: 34

Өлеңтілік тұрғын сыйлық ұтып алды

Кешегі мамыр айында Сырым ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы көлеңкелі экономиканы жою мақсатында «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының басталғаны жөнінде хабарлаған болатын.


Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін акция жұмысы электронды форматта «Wipon» мобильдік бағдарламасы арқылы жүзеге асырылуда. ҚР кез келген азаматы акцияға қатысушы бола алады. Ол үшін мобильдік бағдарлама арқылы фискалды түбіртектің суретін жіберу керек. Ойынға осы түбіртек қатысады. Кім көп түбіртек жіберсе, оның ұтысқа ие болу мүмкіндігі соншалықты мол. Акция жеңімпаздары ай сайын анықталып отырады.

Кешегі аптада Батыс Қазақстан облысында осы акцияның бірінші деңгейі бойынша шілде айының жеңімпаздары анықталды. Жеңімпаздардың саны үшеу ғана екен. Солардың бірі болып Сырым ауданы, Өлеңті ауылының тұрғыны Азат Қарағойшиев болып танылды. Азат сауда жасаған жерлердің барлығында тұтынушы ретінде түбіртек талап етіп, заңның да, акцияның да барлық талаптарын тыңғылықты орындаған.

Бүгін Сырым аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Ғұмаров «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының шілде айындағы жеңімпазы Азат Қарағойшиевті арнайы қабылдап, акцияның жүлдесін табыс етті. Жүлдеге әмбебап мультиварка бұйырыпты.

Осындай игі сыйлыққа ие болуға, тіпті автокөлік ұтып алуға әркімнің де мүмкіндігі бар. Ол үшін ұялы телефонға «Wipon» мобильдік бағдарламасын қондырып, сауда жасаған жеріңізден түбіртек талап етіп, суретін жіберіп отырсаңыз болды. Акция жыл соңына дейін жалғасады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале