7.08.2020, 14:38
Оқылды: 338

Өркениетті өңірді өрге көтергендер

Жаңақала өңірі экономикасының қайнар көзі – ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы екендігі әмбеге аян. Үлкендердің айтуынша, осы аймақтың тұрғындары әріректе ақ бидай, тары дақылдарын өсірген. Ауылдың қақ ортасындағы биік қоймада сап-сары дәндердің үйіліп жататыны әлі көз алдымызда. Одан беріректе Қызылоба, Пятимар, басқа да ауылдық округтердің бірқатарында арпа, қара бидай дақылдарынан әжептәуір өнім алынған кездер болды. Әйтсе де су көздері азайып, топырақтың құнарлылығы жоғалғаннан кейін жартылай шөлейтті аймақта егіс шаруашылығымен айналысудың тиімділігі азая бастады. Сосын да жергілікті тұрғындар күнкөріс қамы үшін мал шаруашылығына басымдық таныта бастады.

Бүгінгі мақаламызда ауданда ауыл шаруашылық саласын ұйымдастыруда білімі мен тәжірибесін ұштастырып, аянбай еңбек еткен азаматтар жөнінде сөз қозғамақпыз.

5FD1071F-50B1-44F4-806B-14596180C0DA

Ақиық ақын Жұбан Молдағалиев өлеңге отырарда үнемі «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын, бастағаннан кейін-ақ тастау қиын» дейді екен. Сол сияқты аудан шежіресінен азды-көпті білгенімізді тасқа басамыз деп артық-кемді өкпе-назды да естіп жатырмыз. Бірақ ниет – түзу, көңіл – ақ. Мақсат – көкірекке түйген-білгенімізді шама-шарқымызша кейінгі ұрпақ кәдесіне жарату.

Атаулы кезеңде ауданымызда небір шаруашылық ұйымдастыру шеберлері, ұжымшар, кеңшар қайраткерлері еңбек етті. Өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы  жылдарында  - алғашқы серіктестіктер мен ұжымшарлар құруға атсалысқан адамдардың белсенді істері кейінгі ұрпақ есінде жақсы сақталыпты.

Осы Жаңақала өңірінде өздерінің және ауылдастарының малдарын ортаға салып, серіктестік құрған ағайынды Қапсен мен Меңдіхан Башановтар, Тойлыбаевтар, Нұрмұқан, Жоламан, Ихсан Танабаевтар ұжымдық шаруашылықтың алғашқы қарлығаштары Сүйналиев Қабыл, Лявинсков Илларион, Янтудин Смағұл, Бисекенова Барша, Темірғалиев Кузьма, Қайырғалиев Әбілхаталарды, одан кейін ұжымдық шаруашылықты одан әрі өркендеткен Суханов Дүйсенбай, Жантурин Аян, Сүлекешов Жұмағали, Мұстафин Құспантай, Қазымов Ізбан, Мирманов Мұхтар, Кенжеғұлов Бақтығали, Саркенов Білал сияқты басшылар өздерінің кәсіби шеберліктерінің нәтижесінде елімізде халық шаруашылығын өркендетуге орасан зор үлестерін қосты.

Ауыл шаруашылығын дамытудағы жетістіктері үшін Мирманов Мұхтар мен Кенжеғұлов Бақтығали «Социалистік Еңбек Ері» деген ең жоғары атаққа ие болса, Жантурин Аян, Суханов Дүйсенбай, Темірғалиев Кузьма Ленин орденімен, Бисекенова Барша, Аймағанбетов Дәрмен, Есенов Бақтығұл, Тілепбергенов Құрманқұл «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Башанов Меңдіхан «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданда 47 ұжымшар болған екен. Олардың қай-қайсысының да іс басында білікті, тәжірибелі, іскер басшылар болған. Соның нәтижесінде аудан еңбеккерлері ауыл шаруашылығындағы жетістіктері үшін еліміздің Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған.

Соғыстан кейін шаруашылықты қалпына келтіру, адамдардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында уақытпен санаспай, белсенді еңбек еткен азаматтар аз болмады. Осы кезеңде жоғарыда аты аталған ұжымшар құрылысының қайраткерлерімен бірге Башенов Тілеп, Жақыпов Өтеген, Айтбаев Қанат, Өтегенов Бижан, Шахин Ғұбайдолла, Есенғалиев Өтешқали, Бектасов Әйіп сынды басшылар өздерінің күш-қайраты мен тәжірибесін аудан экономикасын көтеріп, адамдардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға жұмсады.

Аудандағы 47 ұжымшарда көптеген бөлімшелер болды. Сол кездегі шаруашылық-құрылымына сәйкес бөлімшелер жылқы, сиыр, қой фермалары деп аталды.

Міне, осы ұсақ бөлімшелерді басқаруда да ауданымызда Мырзағалиев Құбыш, Қабылов Семғали, Сатаева Әлия, Қаржауов Құрман, Сейітқалиев Мақсот, Кереев Нұржігіт, Үмбетов Тәкеш сияқты азаматтар өздерінің іскерлік қабілеттерін таныта білді.

Алпысыншы жылдардың басынан елімізде кеңестік шаруашылық жүйесі өндіріске енгізіліп, шаруашылық жүргізудің жаңа тәсілі пайда болды. Осы жүйе Кеңес Одағы тарап, еліміз тәуелсіздік алғанша жұмыс істеді. Кеңестік шаруашылықты да ұршықтай иіріп, шебер басқарған азаматтар аз емес.

Осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, халықтың құрметіне бөленген Орақбаев Есен, Өтеғалиев Закария, Өтеғұлов Ғаббас, Манасов Қабдол, Сәбденов Қалдыбек, Асанғалиев Сәлімғали, Әбдірахманов Әдиет, Бекесов Нәсіпқали, Айтасов Мүсір, Ғұбашев Бисембі, Апақаев Қайрат, Қожахметов Тұрар, Томанов Ғайса, Қосаев Қадим, Қошқарбаев Файзолла, Әтенов Нұртаза сынды азаматтар ауданның ауыл шаруашылығын өркендетуде аянбай еңбек етті.

Осындай абзал ағалардың істерін одан әрі жалғастырған шаруашылық басшылары Мерғалиев Төлеген, Карменов Ғабдірашит, Сүндетқалиев Серік, Мүселов Қанат, Мұқамбетжанов Жомарт, Есіркепов Нығмет, Меңдәлиев Халел, Ирманов Марат, Хайырбеков Серік, Семенов Жанболат, Ишанғалиев Нәсіпқали, Қоспаев Марат, Әбілхайыров Мирас, Күнтуов Мақсот, Бекмашев Наурыз, Ешімов Қанат, Қарағойшин Наурызбай сияқты азаматтар ауданымыздың облыс, республика көлеміне кеңінен танылуына айтарлықтай үлестерін қосты. Аталған шаруашылық басшыларының ішінен Сәбденов Қалдыбек кейін облыс басқарып, ұзақ жылдар Алматы зоотехникалық-ветеринарлық институтында ректор болды.

Бисембі Ғұбашев Көшім тұқымдас жылқы өсірудегі ғылыми еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанса, Айтасов Мүсір мен Өтеғұлов Ғаббас «КСРО және ҚКСР-сы ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер» атақтарына ие болды. Томанов Ғайса «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь Революциясы» ордендерімен, Апахаев Қайрат «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Кеңес Одағының Батыры Орақбаев Есен ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін «Октябрь Революциясы» орденімен марапатталып, КОКП-ның ХVІІІ съезіне делегат болды.

Кейінгі толқын ішінен де Мерғалиев Төлеген, Ирманов Марат, Карменов Ғабдірашит, Салықов Ербол, Қарағойшин Наурызбай ауданға жетекшілік етсе, Сүндетқалиев Серік, Ешімов Қанат, Хайырбеков Серік, Бекмашев Наурыз облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына сайланды.

Кеңестік жүйе кезеңінде бөлімше басқарған Әжіғұлов Өтеш, Әлмұқанов Ғайнеден, Тілеубергенов Орынғали, Есқабылов Қисым, Әубекеров Әжібай, Қойысов Арыстанғали, Қыдырсиықов Басир, Сатқанов Хафиз, Хасанғалиев Ахат, Тілепбергенов Құбаш, Наурызалиев Мұхтар, Сейталиев Әнуар, Жүсібалиев Қадим, Жұмабаев Қамекен, Есмағұлов Мәжекен, Өтепов Халел, Еслямғалиев Биғали, Серғазиев Жеңіс, Бейісов Сырым, Ғұбашев Болат, Беркалиев Болат, Нұрмұқанов Есқақ, Төлеуғалиев Қамыспай, Қайыржанов Серікқали, Дыңғалиев Оразай, Жүсібалиев Кәрім, Берғалиев Ғайса, Стамғазиев Құрманбай, тағы басқа көптеген азаматтардың ерен еңбектерімен халық құрметіне ие болғанын айтқанымыз жөн.

Әрине, ауыл шаруашылығының майталмандары – олар шопандар мен табыншылар, механизаторлар. Ауданнан Кеңестік жүйе кезеңінде 16 Социалистік Еңбек Ері шықты, 19 адам Ленин орденін алды. Олардың есімін атасақ, бұл мақаланы жалғастыра беруге болады. Әйтсе де ауыл шаруашылығын өркендетуге өлшеусіз үлес қосқан жаңақазандық Мұқамбетқалиев Есмырза, Оңаев Жолдығали, Қайыров Орынбай, мәстексайлық Бердалиев Сатым, Қуанов Құрмаш, Сапарғазиев Теміржан, айдархандық Нәжімғалиева Халида, Сағынғалиев Ғалым, Қажығалиев Рахым, пятимарлық Төреғалиев Кеңес, Қамалов Сағадат, бірліктік Қуанов Табылды, Есенғалиев Хайдар, Камалов Нұрым, жаңаталаптық Нұрсұлтанов Әбдіхалық, Қапанов Мұрат, Сейілханов Закария, қызылобалық Кенжеғалиев Құмырзақ, Молдашев Елеусін, Серғазиев Ибраим, мендешевтік Иманғалиев Рахмет, Меңдіғалиев Сағынғали сынды жүздеген ауылшаруашылығы өрендері өнегелі істерімен көпке үлгі болды. Сондай-ақ Ажақов Төлеген, Негаев Хайдар, Сейітқалиев Ермек, Құлымжанов Қамидолла, Мауытов Мұрат, Оспанова Мария, Дауылбаев Сәуірбай, Алдабеков Құрақбай, Бекқалиев Мырзақұл, Шаймарданов Иманғали, Нұрқатов Сабыр, Аманғалиев Мақсот, Батыргереев Темірболат сынды механизаторлар мен автомобиль жүргізушілер аудан экономикасының өркендеуіне өлшеусіз үлестерін қосты.

Сонымен бірге ауданның ауыл шаруашылығы саласының айтарлықтай дамуына мал дәрігерлік жұмыстардың ойдағыдай жүргізілуі, табиғи жем-шөп  қорының жасақталуы көп ықпалын тигізгені сөзсіз. Осы салада еңбек еткен адамдардың тізімдерін шама-шарқымызша баспасөзде жариялаған соң, тоқталып жатуды жөн көрмедік.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін шаруашылық құрылымдары да өзгерді. Бұрынғы кеңестік шаруашылықтардың ізінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, сонымен бірге жеке меншік түрінде шаруа қожалықтары құрылып, жұмыс істеуде.

Қазіргі кезеңде қызылобалық Жағыпаров Бекболат, көпжасарлық Мусин Тілеген, мәстексайлық Ибрашев Ерболат, бірліктік Борашев Қажымұқан, жаңақазандық Оңаев Айдынғали сынды шаруашылық иелерінің істеріне жерлестері дән риза.

Қазір ауданда барлық меншік түрін қосып есептегенде 183146 бас қой, 47227 ешкі, 73107 бас ірі қара, 30989 бас жылқы, 707 бас түйе малы бар.

Ауданда кәсіпкерлік сала кең өріс жая бастады. Өңірімізде құрылыс, жол, сауда саласын өркендетіп, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға үлес қосып жүрген Сертеков Саламат, Төлеуғалиев Сапар, Ибрашев Нұрболат, Ибрашев Серік, Қайырғалиев Мамлют, Томанова Ләззат, Бердіғалиев Батырбек, Насиева Нұргүл сынды көптеген кәсіп иелерін аудан жұртшылығы әрдайым мақтан етеді.

Жаңақала ауданы қай кезеңде де асқарлы табыстарымен биік тұғырдан көрінді. Ал оның негізгі көрсеткіші, табыс көзі – ауыл шаруашылығы саласы еді. Ендеше, ауданда ауыл шаруашылығының абыройын асырып, өркениетті өңірді өрге көтерген азаматтардың есімдері де ел есінде жасай беретін болады.

Закария Сисенғали,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале