22.01.2020, 17:21
Оқылды: 2098

Сирия асқан келіншек Жәнібегіне қайта оралды

Ауылға көктем келгенде жер бусанып, көк көрпеге оранады. Сол кезде ауылдан жусан иісі аңқиды. Туған жеріміздің ауасын жусан иісімен байланыстыратынымыз да осыдан. Бұл қасиетті шөп бүгінде сағыныштың символына айналғандай.

Қазақстан билігі «Жусан» операцияcын өткізіп, Сириядан өз азаматтарын қайтарды. Адасқандарды елге қайтару операциясының «Жусан» аталуы, олардың қайғыдан құса болған ата-аналарымен қауышуы жүректі елжіретеді. Аталмыш операция өмірде ең қымбат – адам, адамның өмірі екенін дәлелдеді. Бүгінде аталмыш операцияның үш кезеңі талай ата-ананы қуантып, көз жасын құрғатты. Сол жат сенімнің жетегіне еріп, Сирия асып кеткендердің арасында өзіміздің жерлес сіңіліміз де бар. Жазгүлдің (есімі өзгертіліп алынды) «Жусан 3» операциясымен туған жеріне оралып, бүгінде отбасының, тума-туысының қасында екенін естіп, арнайы іздеп бардық. Аққұба, бота көз, нәзік қыздың қанды қырғынның ортасынан аман шыққанына сене алмайсың. Ол бізді жылы қарсы алды. Анада оның ұстаздары да оқушы кезінде биязы, ұяң, тәртіпті, сабақ үлгерімі жақсы оқушы болғанын айтқаны бар-ды.

 - Ағам студент еді. Каникулға келген сайын маған діни кітаптар әкеліп жүрді. Осылайша ағамның ықпалымен Исламды қабылдадым. Бар арманым – Алланың жолына түсу болды. Оныншы сынып оқып жүргенде намазға жығылдым. Алғашында ата-анам қарсылық білдірді. Кейін сабақ оқуыма ешқандай кедергі келтірмейтінін көргесін қалауымды, ниетімді түсінгендей киіп танытты. Ал мен ол кезде дәрігер болуды армандайтынмын. Сол себепті биология пәнін сүйіп оқып, ұлттық бірыңғай тестіге де тыңғылықты дайындалдым. Жинаған балыма қарап, медицинаға емес, дефектология мамандығына оқуға тапсырдым. Бірақ грантқа іліге алмадым. Содан ата-анам мені Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнының психология және педагогика бөліміне ақылы оқытты. Бірінші курста өзіміздің жерлесіміз, Теректі ауданының намазхан жігіті менімен жақын танысқысы келетінін айтты. Алғашқы да аса мән бергенім жоқ. Орталық базарда ұялы телефон жөндейді екен. Бір күні ағама телефон шалып, маған үйленгісі келетінін айтқан ғой. Ағам бірден келіспегенімен, кейін рұқсатын берген. Шариғат бойынша үш рет кездесіп, одан кейін үйдегілердің алдынан өтіп, мені алып кетті, - деп ол терең бір күрсініп алды.

Кейін екеуі Орал қаласына келіп, пәтер жалдап тұрады. Жолдасы оны оқудан біржола шығарып алады. 2014 жылы тамыз айында тұңғышы дүниеге келді. Сол уақытта жолдасының телефонына әр түрлі адамдар қоңырау шала бастайды. Кез келген уақытта, әр түрлі нөмірден тыным бермеуді әдетке айналдырады. Бір күні жұбайы оған әлдекімдердің өзін Сирия еліне шақырып жүргенін жеткізіпті. Бұл елде ислам дінінің талаптары қатаң сақталатынын, емін-еркін жұмыс жасап, мол қаражат табуға мүмкіндік бар екенін, бәрі шариғат заңымен жүретінін айтып, қызықтырып та қойған. Күйеуі жалғыз анасының тәрбиесінде өсіп, жоқшылықтың дәмін татып, балалығы пәтерден пәтерге көшумен өтіпті. Сондықтан да шығар, Сириядағы өмірді айтқанда көзі жайнап кететін. Жазгүл бірден келіспейді. Егер ол бармай елде қалса, баланы тартып алуы немесе екеуін де өлтіруі мүмкін екенін жеткізеді күйеуі.

 -Бойымды қорқыныш билеп, ақыры жолдасымнан қалмау керек деп шештім. Бұл қыркүйек айы еді, - деп әңгімесін жалғады кейіпкеріміз.

- Самарадан ұшаққа отырып, Түркияның Анталия қаласына жеттік. Онда түскеннен кейін таксимен автобекетке барып, Стамбулға билет алдық. Стамбулда бізді арнайы адамдар күтіп алды. Дәл сол күні әр елден келген неше түрлі ұлт өкілдері жиналды. Үндістер, америкалықтар, қырғыздар мен өзбектер, шешендер де бар. Әйелдер мен ерлерді екі бөлек пәтерге орналастырды. Екі күннен кейін автобуспен барлығымызды Казантип қаласына алып шықты. Кейін Чарабус деген жерге орын тептік. Ер азаматтарды басқа жаққа алып кетті. Ішінде менің де жолдасым бар. Ол қайтып келетінін айтты. Біздерді Ракка қаласына әкелді. Басымызда жүрген орыс ағай еді. Орыс тілінде сөйлей алатын тек мен болғасын, ұлыммен өз үйіне алып келді. Сол кісінің отбасымен бірге тұрдым. Ол бізге өзі тұрып жатқан үйдің екінші қабатынан бөлме берді. Төлемақыға ақшаны доллармен алып тұрдық. Күйеуім екеуміздің әрқайсымызға 100 доллар, баламызға 50 доллардан беріп отырды. Тамағымызды алып, арабша үйрене бастадық. Басында ештеңе ұқпадым. Шариғат үстемдік құрған жерде тұрып жатырмыз десек те, берекесіздік, бомбаның дауысы күмәнді ойларға жетелей бастады. Қалада зина жасаған немесе басқа да күнәға батқан адамдардың өлі денесін бір күн бойы көшеге іліп қояды. Жолдасым бір айдан кейін келді. Бір күн болды да, ертесіне тағы алып кетті.

Қараша айында бізді, яғни, әйел адамдарды Шадат ауылына ер адамдар келіп алып кетті. Үгітшілерден бөлек, кімнің қайда тұрып, қайдан көшетінін реттеп отыратын адамдар бар. Шадатта жолдасым күтіп алды. Бұл кезде ол әскери дайындықтан өтіп жүрген-ді. Ақыры мамыр айында соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмады.

Бұдан кейін Жазгүл баласымен қазақстандық жалғызбасты келіншекпен бірге тұрады. Бір жерден екінші жаққа көшіп-қонып жүргенде құжаттары жоғалды. 2016 жылы қазақстандық әйел өзінің ұлына тұрмысқа шығуын өтінеді. «Мен келісім беріп, сол отбасымен бірге болуды жөн санадым. Ол кісінің үш баласы болды. Өзі Қазақстанның азаматшасы болғанымен, балалары Қырғызстанда дүниеге келген. Екі тілде, қырғызша, қазақша сөйлей береді. Үлкен ұлына әйел болдым. Олардың жасап берген құжаттары арқылы ресми некелесіп, бір отбасы болып күн кештік. 2018 жылы ақша тоқтатылды. Жолдасым машина жөндейтін еді. Тек жұмыстан аздап ақша, азын-шоғын тамақ беріп тұрды. Сол ақшаны барлығымызға жеткіземіз. Жағдайымыз біртіндеп қиындай берді. Кәдімгідей соғыстың ішінде жүрдік. Айналаның бәрі қызыл жалын. Екінші жұбайымнан тағы бір ұл дүниеге келді. Алайда, оның ғұмыры ұзақ болмады. Оққа ұшты. Ол сәтті есіме алғым келмейді. Жарақат алған адамдарды емдейтін аурухана, дәрі-дәрмек жоқ. Адамдар шыбындай қырылып жатты. 2019 жылдың ақпан айында күрдтердің қолына өттік. Бұл лагерьде үш айдай болдық...», - деді Жазгүл жанарын жас жуып.

Өткен жылғы мамыр айының соңында «Жусан-3» операциясымен елге оралған сіңіліміз үшінші ұлын туған жерде босанды. Бейбіт өмірде дүние есігін ашқан сәби анасына еркелеп, біздерге күліп қарайды. Былдырлап бірдеңе айтқысы келеді. Ал жөргекте жатқанында ата-анасының адасуымен шетел асқан тұңғышы мектеп жасына жеткен. Даярлық тобына барып жүр. Жолдасы Қырғыз елінің азаматы болғандықтан, сол жақта қалып қойыпты. Жазгүлдің өзі сөз арасында Қазақстанның «Жусан» операциясына шексіз риза екендігін жасырмады. Оның қазіргі басты мақсаты - кішкентай балаларын өсіріп, олардың алаңсыз білім алуларына жағдай жасау. Ең басты бақыты - ата-анасы қыздарын өзектен тепкен жоқ. Қайта қыздарымен аман-есен қауышқандарына шүкіршілік етіпті.

 Әсемгүл Қуанғалиева

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале