18.06.2018, 18:02
Оқылды: 195

«Соркөл табиғаты туризмге сұранып-ақ тұр»

IMG_4882Жаз – демалыс кезеңін ашық деп жариялайтын мезгіл. Күн көзі қақ төбеңде шақырайып тұрса, аптап ыстықта жан тасалап, отбасыңмен, достарыңмен рахаттанып демалатын жердің бірі - көл жағасы. Маусым айы басталғанымен күн әлі де суға түсуге қолайлы емес, бірақ бұл науқан шіліңгір шілде келісімен қызады. Күннің ыссылығынан қорғанған аудан халқы түс ауғаннан кеш қарайғанға дейін Соркөл жағасынан табылады. Бір тобы көл жағасына суға түсіп, салқындау үшін барса, енді бірі балық аулау үшін барады. Ал ең жиі баратындар – табиғат аясына демалуға шыққандар. Олар сусындары мен тамақтарын алып, сол жерден сірне, кәуаптарын пісіріп, көл жағасында 7-8 сағатқа дейін жатуға бар. Әрине, демалған жақсы-ау. Алайда, демалушылар қауіпсіздік, тазалық деген талаптарды орындап жатыр ма, жағажай мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Біздің демалысымыз тек көңілді ғана өтіп қоймай, қауіпсіз, жағажай этикасын сақтайтын, комфортты жағдайда өтуі керек.

Жылдағы бір көрініс. Толған күл-қоқыс, шашылған шөлмектер, от жағылған орындар. Құдды бір жаңа замандағы саналы жандардың емес, ежелгі дәуірдегі мәдениеттен жұрдай жабайы адамдардың орны іспетті. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Суға түсу науқанында қауын-қарбыздың қабығы, мүжілген сүйектер, шемешкінің қабығы, темекінің тұқылы дейсіз бе бәрін жағажайдан табуға болады. Ауданымызда жаз айында халықтың демалатын орнына айналатын бірден-бір жер - Соркөл жайында ауданымыздың мемлекеттік орган өкілдері мен халқымен сұхбаттасып қайтқан болатынбыз.

А.Ахметов, Жаңақала ауылдық округі әкімі:

- Соркөлдің жағасын әкімдік құзырындағы ақылы қоғамдық жұмыс істейтін тазалықшылармен аптасына бір рет барып, тазалап қайтамыз. Ал, суға түсу маусымы басталғанда аптасына екі рет дүйсенбі және сейсенбі күндері баруымыз қажет. Демалу маусымы адам санының көптігі, тәртіп сақтамауы, күл-қоқыстардың көбеюі әсеірнен жиі баруымызды талап етеді.

Т.Үмбетов, аудандық жер қатынастар бөлімінің бас маманы:

-Соркөл жағасын қазіргі таңда ешкім жалға алып отырған жоқ, барлығы ауылдық округке тиесілі. Жеке бизнеске айналдырып, құм төгіп, катамаран немесе қайықтар әкеліп, туристтік орталық жасауға, жалға аламын деушілер ауылдық округ әкімімен келісім жасап, айналыса беруіне рұқсат.

IMG_4877Тыныштық Өтешқалиев, өлкетанушы:

-Соркөл – демалуға, емдік қасиеті бар, халықтың азығы – балығы бар ауданымыздың маңызды ресурсы.  Бұрынырақта балық көп болатын, бертін келе азайып келеді. Соған қарамастан көлдің балығы дәмді, әрі семіз келеді. Демалыс орны дейтінім - суға түсу маусымы басталғанда аудан тұрғындары мен қонақтардың ең бір рахаттанып табиғат аясында демалатын орны. Енді емдік қасиетіне келер болсақ, көлдің өзінен 1-2 шақырым жерде сор бар. Беті тұзды қабат, асты шамамен 1 метр қалыңдықтағы қара балшық. Шілде айында суға түсу маусымы басталғанда, яғни 10 шілдеден 10 тамыз аралығында сордың емдік қасиетін пайдаланып қалу керек. Алайда, қара балшықты жағып, тұзды суға түсудің өзіндік ережесі бар. Араға күн салып 3 рет, тамақ ішіп алғаннан кейін 10-15 минут балшықты жағып, жуып тастау керек. Сонымен қатар, шелектеп балшығын алып барып, моншаға түсуге болады. Моншаның пары буланбайтын және басыңызда бас киіміңіз міндетті түрде болуы керек. Мұнда да 15 минуттан артық балшықты денеде ұстауға болмайды, себебі жүрек қан-тамырларының жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Адам баласы жасы ұлғайған сайын, буындары сырқырып, бойындағы қан айналым жүрісі нашарлайды, дененің белгілі бөлігіне тұз жиналады. Бойдағы тұздар жас кезде денеден бөлініп шығып, организмнің жұмыс істеу үрдісі реттеліп тұрса, үлкейген шақта тұздың уақытылы бөлінбеу ауруға шалдықтырады. Ал, соркөлдің балшығын жағу арқылы денедегі артық тұздарды шығаруға болады.

Осындай пайдасы мол ауданымыздың ресурсын назардан тыс шығармай,  жағдай жасасақ нұр үстіне нұр болар еді.

Ж.Маметов, ауыл тұрғыны:

-Суға түсу маусымы күні ертең басталады. Ауылға келген қонақтардың көлімізге түсіп, балығын жеп, қызығып кетпейтіні кемде кем. Алайда, бізде дұрыс жағдай жасалмаған, басқа өңірлердің жағажайларына қарасаң, адам қызығарлықтай демалуға керемет жағдай жасалып қойылған. Бізде қарапайым киімді ауыстырып киетін арнайы кабиналардың жоқтығы, тазалықты сақтау үшін қоқыс жәшіктерінің орналастырылмауы, талапқа сай суға түсетін арнайы аумақты жасамауы қынжылтады. Ең бастысы - бұл жерде дәретхана да жоқ, Кішкентай балалар бар, үлкен кісілер бар. Өзіңіз білесіз дәретхана керек әр жерге. Ол өте біртүрлі екен...

Жоғарыда аталған тазалық, қауіпсіздік мәселесінің негізгі шешімі – заңды жағажай жасақтау. Ал, оған бізде мүмкіндік бар ма? Әрине бар. Оған керегі ең бірінші табиғи ресурс. Соркөл табиғаты туризмге сұранып тұрғаны көрініп-ақ тұр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, емдік қасиеті, суы, балыққа бай бар байлығымыздың қадірін білмейтініміз қиын. Тек осы істің көзін тауып, айналдырып кететін епті кәсіпкер керек. Өзен бойының айналасын қоршап, тазалап қойса, дайын демалыс орны болып шыға келетін жерлер жетерлік. Содан кейінгі тірлік кәсіпкердің идеясы мен іскерлігіне байланысты. Жағажайға келуді ақылы қылып, түрлі сусындарды салқындатып, кәуап пісіріп, демалушылардың жағдайын жасар болса, ақша өзі келеді. Тіпті шағын тапшандар мен киіз үй құрып, бие байлап, саумал сатуға да болады.

Бір қарағанда мұның бәрі жай қиял көрінуі мүмкін. Алайда шындап кірісер жан болса, ақиқатқа айналып шыға келеді. Себебі бұл біріншіден, ауданда жоқ бизнес. Екіншіден, кәсіпкер боламын деген жанға мемлекет тарапынан қолдау өте үлкен. Сол мақсатта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмен пайызбен несиелер беріліп, кәсіпкерге бұрын-соңды жасалмаған қамқорлық жасалуда. Үшіншіден, осы бастама шынымен жүзеге асса демалушылар келмей қалады деп уайымдамайсың. Себебі, сенің жағажайыңнан басқа жерлерге суға түсіп, демалыс ұйымдастыруға заңды түрде тиым салынады. Сондықтан, дүйім жұрт сенің саудаңды жүргізіп, қызметіңді пайдаланады. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш бизнес қолға алынса халыққа да, көлге де пайдасы мол болар еді.

Түйіндей келе, заңды жағажай ашылар, ашылмас, бастысы - су жағасында демалушылар тәртіп пен тазалыққа аса мұқият қарағаны дұрыс. Әйтпесе, Соркөл бойында шашылып жатқан шөлмектер мен күл-қоқыс адамның да, көлдің де тынысын тарылтары рас. Жағада жатқан жартылай желінген тағамдар мен аста-төк ішілген ішімдектердің бір күні сұрауы болары хақ. Ысырып пен ынсапсыздықтан сақ болып, қолымыздағы барды бағалайық, ағайын!

 

Айтолқын АСҚАРҚЫЗЫ

Жаңақала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале