17.05.2019, 21:30
Оқылды: 164

Сырымда Ерсары батырға арналған конференция өтті

Бүгін Сырым аудандық мәдениет үйінде "Дәстүрлі қазақ қоғамындағы батырлар институты және Ерсары батыр Бегетайұлы" атты облыстық конференция өтті.

IMG-20190517-WA0051

Конференцияға қатысушы қонақтар алдымен Дәдем ата қорымында жерленген Ерсары батырдың зиратына барып, зиярат етті. Одан кейін қонақтар Алаш музейі, С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейлерімен танысып, Қадыр алаңы мен Алаш саябағында болды. Конференцияға өлкетанушы Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаты, БҚИТУ профессоры Самат Құрманалин, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, өлкетанушы, "Егемен Қазақстан" газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы қатысты. Сырым ауданы әкмі Төлеген Төреғалиев жергілікті халық Ерсары Бегетайұлының Дәдем ата қорымында жерленгенін ғана білетінін, конференцияда ол туралы тың деректер ашылатынына сенім білдіріп, ауданда зерттеуді қажет ететін қасиетті орындардың көптігін тілге тиек етті.

IMG-20190517-WA0060Қазбек Құттымұратұлы құлпытасты бұрыннан көріп жүрсе де, ондағы жазуды 2015 жылы ғана оқып, Ерсары Бегетайұлының зираты екенін біліпті. "DANA.каз" журналына Ерсарының мөрі жарық көргенін, ұрпақтары Ерсары Бегетайұлы атындағы қоғамдық қордың батырдың басына үлкен кесене орнатқылары келетіні орынды деген пікірін білдірді. Самат Құрманалин ата-бабалар көрген қанды қырғындар қазақ тарихында орасан зор орын алатынын, қазақтың ел болудың жолын іздеумен келген халық екенін, батырлары мен хандары қашан да адамгершілік қасиетті жоғары қоя білгендерін, еріне, батырына деген халықтың сыйластығы биік тұрғанын айтты. Жәнібек Исмурзин батыр туралы бірнеше деректермен таныстырды:

- Ерсары Қазақстанның Батыс өңіріндегі белгілі тұлғалардың бірі, Байбақтының Шолан бөлімінен тарайды, Шоланнан Түкіш, Түкіштен Бегетай туған, одан Ерсары тараған. Ерсары батырдың қазақ тарихындағы қоғамдық-саяси өмірде көзге түсуі Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің кезі еді. Ерсарымен бірге туған Қойсары Сырым көтерілісінде белсенділік танытты. Шоланның Есенбайынан туған Төледен тараған Ырысалы да Сырымның қолдаушысы болған. Ерсары, Қойсары, Ырысалы Сырымды көтерілісте қолдап, жақтас болған немере інілері болып табылады. Ерсары батырға арналған жазба құжаттық деректер бүгінде Ресейдің Орынбор және Мәскеу қалаларындағы мұрағатта сақталған.

IMG-20190517-WA0059

1785-1790 жылдары және 1800 жылдардың басындағы Ерсары батырдың өміріне қатысты деректер мол. Ерсары батыр Жайық бойындағы казак-орыс бекіністеріне соққы бергендігі, Еділ бойындағы қалмақтарды ойсыратып, казак-орыстар мен қалмақтарды тұтқынға алғаны жөнінде жазба деректер сақталған. 1790 жылдардағы кіші жүздің саяси өмірінде болған оқиғалардың ортасында жүріп, қазақ-орыс қарым-қатынасындағы негізгі мәселелер талқыланған Кіші жүз жерінде өткен Қазақ старшындарының съезіне қатысқан. 1811 жылы Кіші жүзде хан сайлауы өтіп, Жайықтың Бұхар бетіне Кіші жүздің ханы етіп патша үкіметі Шерғазы Айшуақұлын сайлады. Бөкей жеріне Бөкей Нұралыұлы сайланды. Сол кезде Ерсары батыр Байбақты руының беделді би, батыр, старшындарымен бірге Бөкей Нұралыұлының сайлануын қолдайтындығын білдіріп, хатқа мөрін басқан. 1812 жылы қыркүйек айында Кіші жүздің ханы Шерғазы Айшуақұлы патша үкіметінің алдына Ерсары Бегетайұлына тархан атағын беруді мәселе қылып қояды. Құлпытастағы жазудың дұрыс көрінбеуінен оның қайтыс болған жылы мен жасы нақты емес, ел аузында 1812 жылдың соңы, 1813 жыл деп айтылады. Бауыры Елтоқ батырдың "Қайырлы болсын Ерсеке, найзаның кірген жарасы" деп жырлауына қарағанда, Ерсары шайқаста қайтыс болған. Ресейдің 1859-60 жылдары шығарған "Атлас Оренбургского края" картасында "Могила Ерсары" деп жерленген жері анық көрсетілген. Ерсары жерленген жердегі Шалқарға құятын өзен де картада "Река Ерсары Озек" деп жазылған, -дейді Жәнібек Аллаярұлы. Жайсаң Ақбай туған жердің тарихын ашу, оны тану - танымдық іс, сол жолда еңбек етіп жүрген тарихшылардың орны ерекше, Сырым топырағында туған Ерсары батыр мен Тайлақ батыр туралы деректер ашылуға тиіс, ол болашақ үшін керек екенін айтты. Ерсары батырдың ұрпағы Нұрлан Жасқадырұлы Ермұханов "Ерсары батыр" қоғамдық қорының атқарып жатқан жұмыстарын, тарихи, қайырымдылық бағытты ұстанатынын айтты. Төрағасы Темірболат Әнуарұлы. Қор Ерсары батырдың зиратына кесене тұрғызуды қолға алмақ. Нұрлан Жасқадырұлы конференцияға қатысқан қонақтарға қордың атына естелік сыйлық табыс етті. Конференция қарарымен Түкіштен тараған ұрпақтардың бірі Серік Тоқмамбетов таныстырды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале