27.01.2020, 10:54
Оқылды: 203

Сырымда Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті

Сырым аудандық мәдениет үйінде Қадыр Мырза Әлидің шығармашылығына арналған «Қазақтың дана Қадыры» атты әдеби-сазды кеш өтті.

syrym qadyr (2)

Шараға Қадырдың көзін көрген ел ағалары Құсайын Бақтияров, Мүтәлі Төреғали, облыстық Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, салалық «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат» қызметкерлерінің кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, фотограф Рафхат Халелов, аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

syrym qadyr (5)

Кеш шымылдығын Қадырдың сөзіне жазылған С.Бәйтерековтың «Кездер-ай» әнімен Бекей Қанатов ашты.

–  Қадыр – қазақ поэзиясында өшпес із қалдырған ақын. Артында қалған мұраларын елге, өскелең ұрпаққа насихаттау мақсатында Сырым елінде де 2015 жылдан бастап ауданішілік өлеңдерін жатқа оқу байқауы қолға алынды. Соңғы екі жылда қатарынан аудан республикалық Қадыр оқуларын ұйымдастырып келеді. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған Рафхат Елжасұлының фотокөрмесі – тарих, шежіре. Оның түсірген Қадырдың суреттері кітаптарда, мәдениет үйлерінде, музейлерде тұр. Ауданға ақын жайлы сыр шертетін шежірелі фотосурет көрмесін әкелген Рафхат Елжасұлына аудан халқы атынан алғысымды білдіремін, -деп Р.Халеловқа алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.

syrym qadyr (1)

 – Қадекеңмен Бөкей ордасы ауданында қызметте жүргенімде танысқанмын, кейін Жалпақталда жүздесу бұйырды. Қадыр аға көп сөйлеген адамды ұнатпайтын. «Көп сөзде шындық аз болады» дейтін. Сөздің қадірін білетін, сөзді мықты бағалайтын, әр нәрсені әзілге айналдырып, сөзді әрлей білетін. Қадыр аға Тұманбай Молдағалиевпен дос, жолдас болды. Екеуінің әзілі жарасқан әңгімелері, достық қарым-қатынасы ел аузында аңыз болып қалды. Тұманбай 60-қа толғанда Қадекең айтқан екен: «Тұлғасың, сен де ірісің, Аз арғымақтардың бірісің, Батыраштарда амал жоқ, Біз алмайтын қамал жоқ, Аясаң мені аман боп, Жалғыз шапқаннан жаман жоқ»,- депті. Елдің екі ардақтысы бірін-бірі өлімге қимады. Қадекең өмірден өткенде қимай жылаған Тұманбай бір-екі айдан соң өмірден озды,- деді Айдар Батырханов.

 – Қадыр ағамыздай қазақ әдебиетіне, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген адам кемде-кем. Басқаны айтпағанның өзінде уақыттың өзін Қадыр ағамдай білген адам жоқ. Бір жылда дүниеге келіп, бір жылда өмірден өткен Тұманбай досы Қадыр ағамыздың туған жерін көргенде: «Әй, Қадыр, мына Жымпиты ит байласа тұрмайтын жер екен, - депті. Сонда Қадекең: «Мықты болсаң, осындай жерде туа білу керек»,- депті. Қадыр ағамыз бір отырыста отырса, ақын-жазушылар оқыған оқу орындарымен мақтаныпты. «Мен Ломоносов атындағы Мәскеу университетінде, мен Әл-Фараби атындағы университетте, мен Абай атындағы жоғары оқу орнында оқыдым» деп жатыр екен. Сонда Қадекең ғана үндемей отыр дейді. «Сіз қайда оқыдыңыз?» десе, «Мен Қ.Мырзалиев атындағы мектепте оқыдым»,- депті. Алақандай ауылдан шығып, Алатаудай атаққа ие болған Қадекеңнің даңқы өшпейді. Қадыр ағаның 85 жылдығы туған жерінде басталуы заңды. Республика көлеміндегі тойы жаз айында өтеді. Облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы Қадыр ағаның тойы республикалық деңгейде ұйымдастырылатынын, жыл бойына шаралар өтетінін айтты. Қазан айында Жұбан ағамыз бен Қадыр ағамызға арналған айтыс өтеді деп күтілуде, -деді Бауыржан Халиолла.

syrym qadyr (3)

Шарада Қадыр Мырза Әлидің көзін көріп, қолын алған Гүлбақша Ерғалиева, Мүтәлі Төреғали, Құсайын Бақтияровтар да сөз сөйлеп, естелік айтты.

Республикалық, облыстық Қадыр оқулары байқауларының жеңімпаздары, жүлдегерлері Береке Орынбасар, Темірлан Маратов, Нұркелді Ғабдуллин, Төлес Төлеген, Ақұштап Жанғабыл, Жанерке Бауыржан, Аяжан Отарбаева және басқалары, аға буын өкілдері ақынның өлеңдерінен әдеби монтаж қойды.

syrym qadyr (4)

Кеште «Жауынгер мекен Жымпиты», «Жалқаубек», «Өз елім», «Өмір, өмір», «Ата», «Мұхит», «Тамды аруы», «Асыл» тобы «Тамаша»  әндері шырқалды.

Шара Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен аяқталды.

Шынар Молданиязова

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале