6.06.2019, 10:40
Оқылды: 864

Сырымда қырық ишанның бірі Мұхаммеднияз Құдайбергенұлының құлпытасы табылды

Дат мешіті және Мұхамеднияз ишан Дат мешіті болды деген әңгіме елдің ауызында бұрыннан бар. Бірақ, ешбір тарихи анықтамалықта не энциклопедияда мешіт туралы жазба дерек кездеспейді. Дат мешіті шынымен болған ба? Болса, ол мешіт қай жерде болған?

dav

Осы сұрақты өзіне алғаш қойған адамдардың бірі - Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы музейдің меңгерушісі, өлкетанушы Нұржан Төлепов. Ол кісі Батыс Қазақстан мемлекеттік архивін ақтарып жүріп, Қызыл Армияның бас штабы 1937-1941 жылдары пайдаланған әскери картаны қолға түсіреді. Осы картада «Дат мечеть» деген мекен көрсетіліпті. Мекен қазіргі Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округі Жетікөл ауылының территориясында, Бұлдырты өзенінің иінінде орналасқан екен. Дат мешіті Жетікөл ауылының айналасында болды дегенді ауылдың шалдары да айтатын.

Кешегі айдың аяғында өлкетанушы Нұржан Төлепов, әулие Жұмағазы Хазіреттің ұрпағы, «Дәдем ата» қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозов,  оларға аудандық газеттің атынан біз ілесіп, Жетікөл ауылдық округіне қарай жолға шықтық.  Мақсатымыз - елдің ауызындағы дерек пен картадағы деректі беттестіру. Дат мешітінің нақты орынын тауып алу да ойымызда болғанын жасырмайық.

Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылының үстімен Жетікөл ауылына жеткенше бірер сағаттай уақыт кетті. Тіке осы ауылдың тұрғыны, кәсіби аңшы Киікбай Қайырғожиннің үйіне бардық. Себебі, айналаны аңшы мен малшыдан артық ешкім білмейді ғой.

dav

Киікбай аңшы бізді Жетікөл ауылының солтүстік бетіндегі ескі жұрттың орнына бастап барды. Жұрт әуелде Дат мешіті деп атапты.

-Менің естуімше Дат мешіті осы жерде болған. Нақты орынын білмеймін. Әйтеуір, мешіт құлатылғанда ауылдың шалдары «Елден иман кетті!» деп сақалдарын жасқа жуып жылаған деседі. Мешіттің ағаштары кейін ауыл мектебін салуға пайдаланылды. Ерекше өрнектері бар ағаштарды көріп жүрдік,- дейді Киікбай Қайырғожин.

Жұрт картадағыдай Бұлдырты өзенінің иініне тіреліп тұр екен.  Сол жақта – зират, ал оң жақта – Құрманғазы деген сай бар. Осы жерде ертеректе Құрманғазы деген ұста көрік ұстапты, сай соның атымен аталып кеткен.

Ескі орынды аралап біраз жүрдік. Үйінділерге қарап қыстаулардың орындарын шамалауға болады екен. Ал мешіттің орны қайда? Білмейміз. Жұрттың басынан күйдірілген кірпіштердің сынықтары көп кездесті. Тіпті, бүтін кірпіштерді тауып алдық. Қазақ кірпіштен үй салмайды, қора да салмайды. Салса, ошақ салар. Бірақ, мына кірпіштер от тигенге ұқсамайды. Әлде, бұл кірпіштер Дат мешітінің кірпіштері ме? Осылай ойладық та қойдық.

Мұсылман баласы болғасын зиратқа аялдап, дұға жасадық. Киікбай Қайырғожин осы қауымда қырық ишан жатыр деп естіпті. Қырық деген адамның аты ма, әлде сан ба оны білмеді.  Молаларды аралап жүріп, екі бірдей ескі құлпытасты көзіміз шалды. Біреуінің жазуы анықтау екен, суретке түсіріп, суреттерді сол арада Whats App желісі арқылы журналист, өлкетанушы, талай құлпытасты қазақша «сөйлеткен» маман Қазыбек Құттымұратұлына жолдадық. Ондағы ниетіміз – бұл құлпытастың дін адамына қатысы бар ма, жоқ па соны білу.

dav

Негізгі мақсатымыз – картадағы деректі дәлдеу, мүмкін болса Дат мешітінің нақты орынын анықтау деп айттық қой. Киікбай Қайырғожин бұл шаруаға көмектессе, ауылдың қариясы Ерсайын Рамазанов көмектеседі деді. Қарт ауылдағы үйінде болмай шықты, жайлауға кетіп қалған екен. Ызғытып Боқай жайлауынан бір шықтық.

Ерсайын қарт бізді құшақ жайып қарсы алды. Жер үйдің төрінде, киіздің үстінде, алдына Құран жайып отырған басында тақиясы бар сақалды қартты көріп, алдымызда кешегі Байбақтының билерінің бірі тіріліп отырғандай күйде болдық. Қария шынымен де дала абыздарының аса таяғын ұстап, асыл сөзін алып қалғандардың біреуі екен.

dav

Шолан батырдың қалмақтың 112 жекпе-жекте жеңілмеген батырын қылғындырып өлтіргенін, Даттың палуан болғанын, Дәуқара батырдың ұлы Ерқараның шөлдегенде тобылғыны сығып су ішкенін, оның Сырым батырға еріп Хиуаға барғанын осы шалдың ауызынан естідік.

Ерсайын қарт Дат мешіті туралы да аз білмейді екен. Оның атасы Мұхаммедсары – Дат мешітін ұстаған ишандардың біреуі екен. Мәжит, Жәмел деген ишан аталары да осы мешітте діни қызметте болған. Қарттың айтуынша, Дат мешітінің Шәріп деген азаншысы болған. Шәріп азан шақырғанда, дауысы Бұлдырты өзенінің бойымен жаңғырып, айналадағы ауылдардың адамдары да намазға тұрған деседі. Мешіт 1927 жылы өгізбен құлатылыпты.

Қалған деректі жолай айтармыз деп, Ерсайын Рамазановты алып, ескі жұрттың басына қайта бардық. Қарт көп бөгелген жоқ, мешіттің орнын тауып, көрсетті. Құбыла бетке қарай созылып жатқан ғимараттың орны расымен де мешітке келеді екен. Ұзындығы 40 метр, ені 10 метрді шамалайтын мешітке жапсарлас тағы бір құрылыс болған секілді. Ерсайын қарт бұл медресенің орны болуы керек деп шамалады. Өйткені, ишандар осы жерде бала оқытыпты.

Күйдірілген кірпіштің сынықтары мешіттің орнынан да көптеп табылды. Кірпіш туралы манағы жорамалымызды Ерсайын қартқа айтып көрдік. Ол кісі Жетікөлден 10-15 шақырым жерде Сегізбай деген елді мекен болғанын, сол жерде кірпіштен салынған сегіз байдың үйі болғанын айтты. Кірпіш сол маңда құйылыпты. Саз алынған апандардың орындары әлі бар дейді.

Мешіт орнын көргеннен кейін, Ерсайын қартты зиратқа соқтырдық. Дұға қылды. Кейін ескі ағаш зираттардың орнын көрсетті. Ишан аталарының зираты екен.

dav

«Сонда осы қауымда расымен де қырық ишан жатыр ма?» деген ой санамызға салмақ бола берді. Жолымызды әрі қарай жалғастырып, Сырым ұрпақтарының басына, Саралжан құмына, Айдарсорға, Қаржау ағашына бардық. Жолай Қазыбек Құттымұратұлынан хабарлама келді.

-Дін адамы сияқты шынында да. Байбақты, Шолан Дат екен. Төменгі жағын (құлпытастың авт.) жақыннан түсіру керек. Мәтіннің жартысы жоқ қой. «Молла Мұхамеднияз бин...»  дегенді көріп тұрған сияқтымын, - делініпті хабарламада.

syrym qulyptas (1)

Содан не керек, Жетікөлге келіп, Киікбай Қайырғожиннің үйінен күрек алып, манағы құлпытастың басына тағы бардық. Бұл – бір күннің ішіндегі үшінші рет келуіміз. Дұғамызды жасап, тастың түбіне күректі басып келіп жібердік. Қазыбек мырзаның айтқаны дұрыс болды, құлпытастың тең жартысы жерге кіріп тұр екен. Астынан 5 қабат жазу шықты. Топырақ астындағы жазу тамаша сақталыпты. Тіпті, сары түсті бояуы да кетпеген. Қызыл түсті бояумен боялған Байбақты руының белгісіне келгенде қазуды тоқтаттық.

Қазыбек Құттымұратұлы құлпытасты былай деп оқып берді:

  1. Әл мархум
  2. Байбақты руы
  3. Шолан тайпа
  4. Дат бөлімі
  5. Аш – шейғ!? Әл – мнд
  6. Әл – мдзн !? мулла (оқушы бұл жазуды әл – муадзин деген жазу деп шамалады. Аудармасы - азаншы)
  7. Мухаммеднияз бин
  8. Құдайберген (яғни Құдайберген баласы Мұхамеднияз)
  9. 85 жасында 1913 жылда. Қойды бала
  10. Мухаммедфайз Сары есімді
  11. Ру таңбасы.

Бір қырында «баласы Сұлтанхұби 43 жасында» деген жазу бар.

dav

Шамалауымыз дұрыс екен. Құлпытас дін адамына, дәлірек айтқанда ишандардың біреуіне қатысты болып шықты. Мұхаммеднияз Құдайбергенұлы Дат мешітін ұстағандардың біреуі екендігі анық. Өзі – Дат, өзі – мулла, өзі Дат мешітінің қасында жатыр. Ол жерді халық Қырық ишан жатқан жер деп атайтынын сөз басында айттық.

Енді мына қызыққа қараңыз! Әкесі тас қойған Мұхаммедфайз Сарының есімін оқыған Қазыбек Құттымұратұлы «Оның өмірдегі есімі басқа сияқты!» деп жорамал айтқан. Осы жазуды Сырым аудандық мешітінің бас имамы Әлішер Ералиевке оқытқанымызда, «баласы Мұхаммедшәріп» деп оқыды. Тастың бедерінде «әл – мдзн!?», яғни, «азаншы» деген жазу тағы бар. Сонда, Ерсайын Рамазанов айтқан Дат мешітінің дауысы суға жаңғырған Шәріп деген азаншысы ишан Мұхаммеднияз Құдайбергенұлының баласы Мұхамедшәріп болып шықпайды ма?

Мұхамеднияздың ұрпақтары бар ма? Бұл сұрақтың жауабын табуға тағы да Жәңгір хан атындағы БҚАТУ жанындағы музейдің меңгерушісі, өлкетанушы Нұржан Төлеповтың ізденімпаздығы көмектесті. Зерттеушінің қолында облыстық архивтен алған Дат мешіті елді мекенінде 1928 жылы құрылған жер қоғамдастығы құрамындағы 40 отбасының тізімі бар екен. Тізімде №5 болып «Мухамедниязов Зайлаги» деген кісінің жанұясы тұр. Сұрастыра келе Зайлағидың осы ауылдың байырғы тұрғыны екенін, оның ұлы, бүгінде жасы 90-ға келген Уәлиолланың Жетікөл ауылында тұратынын білдік. Ақшамның шамасында біздер Уәлиолла қарияның үйінде отырдық.

Уәлиолла қарт өзінің атасы Мұхаммеднияздың ишан болғанын, әкесі Зайлағидың да мешіт ұстағанын айтты. Мұхаммеднияздың Есмолда, Құби, Шәріп, Зайлағи есімді төрт ұлы төрт үй болып Дат мешітінің қарсысында тұрыпты. Мұхаммеднияздың шежіресі мен Дат мешітіне қатысты біраз деректі Уәлиолла атаның жары Мәриям әжей де біледі екен. Мешіттің мұнарасы кірпіштен болғанын, таңғы уақытта мұнарадан Жымпиты көрініп тұрғанын осы кісі айтты. Манағы кірпіштерді мешіттің кірпіштері деп жорамалдауымыз дұрыс екен. Құймақұлақ келін тарихи әңгіменің бәрін қайынағаларынан, жеңгелері мен абысындарынан барынша тәмпіштеп сұрап қалуға тырысыпты. Өкініштісі, көбі ұмытылған.

Бізбен сұхбатында Уәлиолла атай:

-Сандықты таптыңдар ма? Көмілген сандықты таптыңдар ма? – деп қайта-қайта сұрады. Кәмпеске кезінде құран, мешіттің заттары сандыққа салынып, көмілген екен. Сандық қай жерге көмілді екен? Ол енді келесі мақаланың тақырыбы.

Мұхаммеднияз ишанның ұрпақтарының бірі, ұлы Есмолданың шөбересі - белгілі ақын, журналист Махмет Қажиахметов. Махмет Қажиахметовтың айтуынша, палуан Асқар Шайхиевтің атасы Шайхы қарт Ұлы Отан соғысының ардагері, әуесқой тарихшы Уәлихан Қасмұхановқа Жымпиты уезі бойынша діни қызметте болған қырық ишанның тізімін берген. Демек, қырық ишан болған.

-Соның төртеуі – сенің атаң! – деген екен Уәлихан Қасмұқанов Махмет ақынға. Демек, Мұхамедниязды қырық ишанның біреуі деуімізге тағы бір себеп табылды.

dav

Жуырда өлкетанушы Нұржан Төлеповтің ұсынысымен Сырым ауданына «WESTАРХИВ - 2025» экспедициясы келді. Батыс Қазақстан облыстық музейінің директоры Мирболат Ерсаев, археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов сияқты өңір тарихының жанашырлары сапарлары барысында Дат мешітінің орнымен де танысты. Сол жолы біздер ескі жұрттың орнынан қайрақ тас пен құмыраның сынығын, Азамат соғысы жылдарына жататын гильза тауып алдық. Мешіттің кірпіштері өз алдына. Ол жәдігерлерді музейге тапсырмақпыз. Ал біз айтқан тұлғалар мен тарихи орындар әлі зерттеуді қажет етеді. Сол жұмыстарға бастау болсын деп осы мақаланы жаздық.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале