24.07.2020, 11:39
Оқылды: 425

Тарас Қуанғалиев: «Мұстафа Өзтүрік ағамызға еліктеп өстім»

Жаңақала ауданы талантты өнерпаздар мен спортшыларға бай өңір. Бейбіт күннің батырлары деген атаққа ие болып, спорт арқылы елге танылып, шетелдің төрінде еліміздің әнұранын асқақтата шырқатып, көк байрақты желбіретіп жүрген спортшыларымызды бірі білсе, бірі білмес. Жаңақала ауданында дүниеге келіп, бүгінгі таңда қазақтың, еліміздің намысын қорғап, мерейімізді асқақтатып жүрген жерлестерімізді аудан тұрғындарына таныстыруды жөн көрдік. Осыған орай спортты жанына серік еткен, Мәстексай ауылының тумасы, БҚО Каратэ-до ассоциациясының төрағасы Тарас Қуанғалиевпен сұқбаттасқан едік.

A2BB6BCD-CC92-47A7-9C76-3CE1C3B8BB43

- Әңгімені спортқа деген қызығушылығыңыз қашан оянғанынан бастасақ...

- Бала кезде спортпен айналысатын спорт үйірмелері болған жоқ. Бірақ спортқа қызығушылығым өте күшті болды. Қызығушылығымның арқасында теледидардан спортшыларды көріп, іздеп жүрдік. Ол кезде ғаламтор қатты дамымаған. Спортқа осылай қызығып өсіп, олимпиада ойындарын көріп, сондағы спортшылар сияқты бізде көк туымызды көтерсек деген арман болды. Түркия елінде дүниеге келген, Тайванда таэквандомен айналысып 6 дан алған алғашқы мұсылман баласы, қандас бауырымыз Мұстафа Өзтүрік ағамызға еліктеп өстім. Ол кісінің спорттағы жарқын жетістігі жаныма қанат бітірді. Негізінен спортқа келуіме Мұстафа ағамыздың ықпалы болды. Нағыз қазақ деп тұрған патриот адам еді. Ол кісінің ұлт, Отан туралы әңгімелері менің спортқа деген қызығушылығымды одан әрі оятты. Бұл ағамыз өкінішке орай дүниеден ерте кетті. Қазір Мұстафа Өзтүріктің інісі тарих ғылымдарының докторы, Мұстафа Шоқайды зерттеп жүрген ғалым Қара Абулақап және ұстаздарының Стамбулдағы мектебін ұстап отырған шәкірттері Кемал Қабадайы, Ілияс Керім, Амстердам қаласында тұратын шәкірті Жаппар деген жігіттермен хабарласып тұрамын.

60450DF2-53CF-40E2-BFE5-D76A17E8836B

- Өмір жолыңыз туралы айтып өтсеңіз?

- 1973 жылы Мәстексай ауылының Қоскөл деген қырында дүниеге келдім. Әкем марқұм ол кезде жылқы бағып отырды. Қуанғали атам ертеректе дүниеден озған. Ауылдағы үлкен кісілердің айтуынша, атам марқұм палуан, алып күш иесі болған деп айтатын. Шөлдеп келгенде бір шелек айранды өзі сіміріп ішетін еді дейді көзі көргендер. 200 литрлік су толы бөшкені жалғыз өзі арбаға көтеріп сала беретін. 200 литр суды көтеруге біршама күш керек. Қазіргі заманда спортшылар ондай салмақты олимпиада да ғана көтереді деп ойлаймын. Менде ондай күштің төрттен бірі де жоқ, атама тартпай қалғанмын. Өзім қарапайым баламын. Өзім әлі күнге дейін сыйлап, құрметтейтін Өтегенов Нәсіпқали, Сисенғалиева Зәуреш, Ұшырова Сара, Ысмағұлов Алпамыс, Сапаров Ақболат, Сапарова Ақмарал деген ұстаздарым бар. Қазіргі М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің дене шынықтыру және спорт факультетін тәмамдадым. Еуразия университетінің  «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білім алдым. Мәскеу қаласындағы «Каратэ академиясында» біліктілігімді шыңдадым. Италияндық каратэ шебері, 8 дан, қара белдік иесі Рензо Скалматидің өзінен тәлім алдым. 1998 жылдан бері сол ұстазымның шәкіртімін. Одан бөлек атақты, әлем мойындаған каратэ шеберлері, жапондық 8 дан иесі Хитоши Касуя, 7 дан иесі Манабу Муракамилерден сабақ алдым.

- Жеке мектебіңіз бар деп естідік...

- Бірнеше жыл Орал қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы, аға жаттықтырушы болып қызмет атқардым. Кейін жеке «Чемпион» спорт клубын аштым. Батыс Қазақстан облыстық Каратэ-до ассоциациясының төрағасы болып қызмет атқарамын.

- Жеткен жетістіктеріңіз?

Қазақстан Республикасының чемпионымын. ҚР Каратэ-до Шотокан бойынша спорт шеберімін.

- Спорт саласында шәкірт тәрбиелеу қиын емес пе?

- Ешқандай да қиын емес. Балалармен жұмыс жасау Алланың берген сыйы. Балалар ешқашан кәнәлі емес, барлығы ата-анасына байланысты. Жарыс кезінде оларға қолдау көрсетіп, чемпион болуларына үлесімді қосудамын. Баланы қабылдар алдында ең бастысы баланың денсаулығына көңіл бөлемін. Жаңадан келген балаларға бірден салмақ салмаймын. Балаларға басында жаттығуды ойын түрінде көрсетіп, қызықтырамын. Баланы қабылдар алдында, бірінші кезекте баланың ата-анасының талабына қараймын. Ата-ананың баласының спортшы еткізгісі келетіні, келмейтіні көрініп тұрады. Бұл жерде ата-ананың атқарар рөлі үлкен. Баланың ата-анасымен сөйлесіп, олармен міндетті түрде қарым-қатынаста боламын. Себебі жарыс алдында ата-ана жағынан кететін қателіктер болып жатады. Кейбір ата-ананың бейімдеуі дұрыс болмай жатады. Барлық ата-аналар спортшы емес. Жарыс алдында жиналыс өткізіп, ата-аналардың балаларға қалай сөйлеу керектігін айтып жатамын. Ата-ананың қолдауы жас балалар үшін өте маңызды. Егер ата-ана баласының спорттан жетістікке жеткенін қалайтын болса, онда  ата-анаға түсіндіріп, жарыс кезінде балалардың қандай тағам жеу керектігін айтамын. Өйткені, спортшылардың барлығы дұрыс тамақтана білу керек. Дұрыс тамақтанған жағдайда ғана жеңістің нәтижесін көре алады. Яғни, дұрыс тамақтану, дұрыс ұйқы, дұрыс режимді сақтағанда кезде ғана жетістікке жетеді.

4024791A-B4EE-406B-94D0-DCA455046C6C

- Шәкірттеріңізден ең бастысы нені талап етесіз?

- Адал адам болуды. Чемпион болу міндетті емес, Адам болып қалу міндет деп айтып отырамын шәкірттеріме.

- Шәкірттеріңіздің жеткен жетістіктері қандай?

Бірнеше ҚР чемпиондарын даярладым. Болат Бердәулет деген балам 2019 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен әлем чемпионтында әлем чемпионы атанды. Ол осы чемпионатта екі бірдей медальға кумитэ (жекпе-жек) бойынша алтын, ката бойынша қола медаль алды. Осы жарыста шәкірттерім Абылай Өтеулі мен Әлихан Шоханов екеуі де қола медальға ие болды. Дана Ибрашева, Шұғыла Сағындық деген қыздарым еліміздің бірнеше рет чемпионы атанды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін шәкірттерімнің бірі Айару Ермек былтыр аяқ астынан өмірден өтіп кетті. Жалпы, Аллаға шүкір мықты шәкірттерім өте көп.

- Өзіңіз қатысқан алғашқы жарыс есіңізде ме?

- Иә, әрине, есімде. 1991 жылы Жаңақала ауданында Талғат Байкенов облыстық жарысқа іріктеу өткізді. Сол жарысқа қатыстым. Мен ережені дұрыс білмегендіктен жарыстан шығып қалдым. Жаңақала ауданының спортшылары ол кезде облыс бойынша ең мықты команда болды.

-Өмірлік ұстанымыңыз?

- Өмірге адам болып келіп, адам болып кету.

- Шынайы әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан: Ақсәуле Хамзина

 Жаңақала ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале