26.05.2020, 12:02
Оқылды: 120

Тасқалада балалардың жазғы демалысы қалай өтпек?

Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуларына, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауларына қолайлы уақыт. Әр бала демалысты жанға жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Сабақ кезіндегі демалыс күндері жаздағы демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, санасезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі.

72F22509-90B0-473B-BF8D-69D4B510C2F9

Дегенмен елдегі төтенше жағдайға байланысты оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылмақ?

– Жазғы демалысты ұйымдастыру жұмыстары әзірге белгісіз. Алайда мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс жасайды. Биыл 2555 шәкірттің 142-сі білім ошағын бітіріп кетеді. Қалған оқушылардың барлығын лагерьмен қамту жоспарда бар. Алтынсарин орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты лагерь мектептен тыс жұмыс орталығында өтеді. Ақтау және Атамекен мектептерінің оқушыларына лагерь ауылдық мәдениет үйлерінде жүргізілмек. Дегенмен елдегі төтенше жағдайға байланысты бұның барлығын тек жоспарлап отырмыз. Әзірге лагерь жұмыстарына арнайы бұйрық шыққан жоқ, – дейді Тасқала аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлмира Боранғалиқызы.

Маманның сөзіне сүйенсек, аудан көлемінде лагерь ұйымдастырылмағанмен, мектеп жанындағы балалар демалысы жүзеге асырылмақ. Қазіргі кезде барлық қауіпсіздік шаралары мен жұмыстар осы бағытқа жұмылдырылуда. Оқушылардың жазғы демалысы ұйымдастырылмаса, балалар бос уақытын қалай өткізбек? Бүгінде қашықтан оқып жүрген оқушылардың бос уақыты көп екені белгілі. Ал демалысқа шыққан жағдайда бұл бос уақыт қандай жұмыстарға жұмсалмақ? Сауалымызға мектеп шәкірттері мен ата-аналар жауап берді.

Әулет Русланұлы:

DAEA4636-057B-4FCD-99A5-919AF20B321B

– Көп ұзамай жазғы демалысқа шығамыз. Жыл сайын мектеп ішінде лагерь ұйымдастырылып, достарымызбен сол кезді асыға күтетін едік. Қазір сабақты үйден оқып жүргендіктен, «лагерь бола ма?» деген сұрақ туындайды. Лагерьде достарымызбен берілген тапсырмаларды орындап, түрлі ойын ойнап, уақыт өткізетінбіз. Бірақ биыл демалысты үйде өткіземін. Ата-анама үй шаруасында көмектесіп, кітап оқып, кішкентай бауырларыма қарасатын боламын. Одан бөлек шет тілдерін үйренуді жоспарлап жүрмін.

Райгүл Избанова:

AC4E30D9-5B03-4930-8BBC-4EB8A42F4B28

– Биыл оқушылардың жазғы демалысы ұйымдастырылады ма, жоқ па белгісіз. Әрине, елдегі төтенше жағдайға байланысты оған уәж айта алмаймыз. Ұстаздар қашықтан оқытып жатса да, оқушылардың қауіпсіздігіне назар аударып отыр. Сол үшін де алғысымызды білдіреміз. Дегенмен жазғы демалыс лагерьлерінің де пайдасы мол еді. Ең алдымен, балаларымыз бос уақытты сауатты да салауатты өткізуді үйренетін еді. Бірақ биыл балаларымызға лагерь болмаса да, олар демалысын үйде өткізетін болады. Яғни ата-анасының, отбасының жанында болмақ. Бұл ата-аналардың баланы уақытты тиімді өткізуге бейімдеуіне қолайлы. Сондықтан жазғы уақытта өзімдей аналарға айтарым – уақыттарыңызды балаларыңызға бөліп, олардың телефон мен компьютерге үңілмей, көбірек кітап оқып, қолөнермен немесе спортпен айналысуларын қадағалаған жөн.

Әсем Серік

Тасқала ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале