23.01.2019, 10:34
Оқылды: 75

Тасқұдық мектебінің жылыту жүйесі ақсап тұр

Мектепалды даярлық сыныбын қосып есептегенде, 56 оқушы білім алып, балабақша кешенінде 16 бала тәрбиеленіп жатқан Сырым ауданы Елтай ауылдық округіндегі Тасқұдық негізгі мектебінің жылыту жүйесі ақсап тұр. Терезе ескіргесін, сынып бөлмелері жылу ұстамайды. Ауыл мектебінің жағдайымен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев танысты.

 syry, eltai (3)

         Аудан әкімінің айтуынша, жамап жөндей бергенше, мектептің жылыту жүйесін толық ауыстырған әлдеқайда тиімі. Бұған қоса, мектеп асханасын таза ауыз су желісіне қосу, спорттық залдың терезелерін жаңарту мәселесі де кезек күттіргенді қаламай тұр. Аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Дамир Қажиахметов аудан басшысының тарапынан мәселелерді анықтау және шешу үшін тиісті ұсыныстарды дайындау туралы тапсырма алды.

         Мектеп мәселесі, оның ішінде оқушы санының азаюы – осы кезге дейін Елтай ауылдық округіндегі №1 мәселе болып келді. Бір қуанғанымыз, мектепте оқушы саны тұрақтала бастапты. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Манарбек Қыдырғалиевтің айтуынша, осы оқу жылының өзінде мектептің бірінші сыныбына 10 оқушы қабылданған. Кейінгі жылдары мектептің материалдық базасы да түгенделіп, оқу бағдарламаларында bilimbook пайдаланылуда. Биыл білім ошағына жаңа компьютер берілмек.

         Округтің басқа да мәселелері округ әкімі Батырғали Иманқұловтың халық алдындағы есеп беру жиналысында айтылды.

         Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Аманжол Сапиев ауыл мұнарасына жолаушылар үшін белгі орнату, жергілікті шаруа Саламат Есеналин ауылдың кіреберіс жолын күтіп – ұстау мен тазалау қызметін келісімшарт негізінде атқару жайлы ұсыныс білдірді. Ауыл ақсақалы Сайлау Үкиев Ақсай-Жымпиты жолының күрделі жөндеуі Ақсай қаласының бағытынан Жымпиты ауылына қарай қарай жүргізілсе, жолдың бойындағы ауылдардың тұрғындарына тиімді болар еді деген ойын айтты. Тағы бір жаңалық, тасқұдықтар биылдан бастап ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысын бастап көрмек.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале