22.06.2020, 16:38
Оқылды: 75

«Теректіде апатты жағдайдағы мектеп мүлдем жоқ»

 Теректі ауданы әкімдігі, аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Теректі жаңалығы» басылымының бастамасымен «Online oi» жобасы жүзеге асқаны баршаға мәлім. Бүгін үшінші мәрте ұйымдастырылған жобаның мейманы Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайынова болды.

77311AA3-8342-405E-A8A6-D0E64FAF219F

Айта кетейік, аталмыш ауданда 38 мемлекеттік мектеп, 40 мектепке дейінгі ұйым және 3 қосымша білім беру ұйымдары бар. Мектепке дейінгі ұйымдарда 1690 бала тәрбиеленсе, білім ордаларында 6182 шәкірт білім нәрімен сусындады.

Аталмыш жоба барысында ауданның білім саласы хақында әңгіме өрбіткен Жанаргүл Жеңісқызы:

– Ауданымызда апаттық жағдайдағы мектеп мүлдем жоқ. Қазіргі таңда елдегі жағдайға қарамастан,

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Ақсуат, Чапаев мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Осы уақыт ішінде Шаған ауылдық окургі, Жаңа Өмір ауылында 100 орындық балабақша ашылды. Оқу жылының соңғы тоқсанында шәкірттеріміз қашықтан білім алды. Әу баста қиындықтар болды. Қашықтан оқуға қажетті құрал-жабдықтар жетіспеді. Осы мәселені шешу үшін 300 отбасыға компьютер, ноутбук тараттық. Сондай-ақ 9 126 000 теңгеге 300 маршрутизатор сатып алдық. Осындай қиын-қыстау кезінде кәсіпкерлеріміз де демеушілік танытып, қолдау білдірді.

Ұстаздар,  оқушылар түрлі семинар, байқауларға онлайн қатысып, жақсы нәтиеже көрсетті, – деді.

Биыл аудан бойынша 303 түлек алтын ұяларымен қоштасты. Олардың 266-сы ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген. 36 шәкірт

«Алтын белгі», 21 оқушы «Ерекше аттестаттың» иесі атанды.

– Білім саласы бойынша жоспар көп. Жазғы демалыс уақытында 18 мектепке ішкі дәретханалар  орналастырмақпыз. Бұған жергілікті бюджеттен  42 100 000 теңге бөлінді. Ақжайық, Ы.Алтынсарин, Чапаев, Восход сынды мектептерді спорттық алаңмен жабдықтауды қолға алдық.  Ауданымыздағы барлық мектептерді бейнебақылау құрылғысымен қамтамасыз ету де жоспарда бар. Бұл жұмыстарға  жергілікті бюджеттен 63 427 000 теңге қаражат бөлінді, – деген бөлім басшысы болашақтың да жоспарымен жұртшылықты құлағдар етті.

Одан әрі оқырман тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

 Айшабибі Мәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале