2.08.2019, 17:12
Оқылды: 439

Теректілік шаруалар малды «электр бақташыға» баққызуда  

Теректіліктер жаңа инновациялық технологияларды күнделікті жұмыста пайдалануда.  Қазірдің өзінде оншақты шаруашылық күн батареясын орнатып, баламалы қуат көзін «бағындырып» отыр. Енді мал бағуда жаңашыл тәсілге көшуде.

elektr baktashy (1)

Қанат Дакишевтің «Төлеңгіт» шаруа қожалығында болып, сондай жаңа тәсілді  көрдік.

Қаламен іргелес жатырған Подстепное ауылында сүтті бағыттағы ірі қара ұстап, қаланың «сүт белдеуіне» енген Қанат -  шаруақор ғана емес, жаңашыл да қожайын. Қолындағы малын ол жайылымда «электр бақташыға» баққызып отыр.

«Электр бақташы» - айналасына баламалы қуат көздерінен қуат алатын сымдар тартылған қоршау. «Төлеңгіт» қожалығының жерінде тап осындай қоршаумен 100 га жер қоршалған. Ішінде 140 бас ірі қара еркін жайылып жүр. Мал қоршаудан шыққысы келіп, әрекет жасайтын  болса, онда қоршаудың сымы арқылы әлсіз тоқ ұрып, денесін дірілдетеді. Мал үшін әлсіз токтың залалы жоқ.

elektr baktashy (2)

-Бүгінде адам өмірін жеңілдететін жаңа технологиялар көп. Өз шаруашылығыма сай келетін технологиялармен қызыға танысып, қолдануға тырысамын. Қазір малды «электр бақташыға» сеніп, бақтыруды қолға алдық, - дейді Қанат Дакишев. – Алғашқы күндері мал сым бойына дейін келіп, одан өтіп кеткісі келетін. Екі-үш мәрте әлсіз де болса, ток ұрғаннан соң ондай «тәртіпсіздіктерін» қойды. Маңайға жайылып кетеді не болмаса жақын жатқан жолға қарай «басып» кетеді деп енді қауіптенбейміз. Күні бойы сыртынан бақылап қана қоямыз.

-Тап осындай «электр бақташынының» көмегін ақсуаттық Болат Джумағалиев, долиндік Қадырбек Шамұратов көріп отыр. Қондырғымен мал бағуға қызығушылық танытып, сатып алайын деп жүрген қожалықтар бар, -дейді ауданның ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сағдат Жолдығалиев.

Камелия ӨТЕУ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале