3.08.2020, 18:00
Оқылды: 172

«Теректінің Ақсоғымында неге дәрігер жоқ?»

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігіне хабарласып, назын айтқан жан өзін Теректі ауданы Ақсоғым ауылы тұрғындарының атынан хабарласып тұрған мұғалім Сәуле Әмірхановамын деп таныстырды.

9ADD8285-DD07-4C68-812D-93698E8DC959

Ауыл тұрғынының айтуына қарағанда, аталмыш мекенде интернет желісі жоқ. Ал ауылдың екі жағындағы екі ауылға Үлкен Еңбек пен Шағатайға интернет желісі тартылған. Екі ортада Ақсоғым қалып қойып отыр.

- Ауылымызда 140-тай отбасы бар. Соған қарамастан дәрігер не медбике жоқ. Қазіргі ахуал белгілі. Ауырған адамға алғашқы көмек көрсететін кісі жоқ. Сонда халық не істейді, арам өлуі керек пе? Кішкентай балалар, созылмалы аурулары бар адамдар және үлкейген кісілер бар. Талай мәрте ауыл әкіміне де, аудан әкіміне де Теректі аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекзат мырзаға да өтінішімізді білдірдік. Ешқандай шешімі табылмай тұр, - дейді ақсоғымдық Сәуле Әмірханова.

- Ақсоғым ауылында бұған дейін фельдшер дәрігер жұмыс жасап келді. Дәрігер өз өтініші негізінде жұмыстан шығып кетті. Бұған дейін фельдшер дәрігер штаты 1 бірлік болған. Соңғы кезде штат 0,5 жүктеме боп қалды. Сол себепті ауылға дәрігер маман келмей отыр.

Біздің ауыл аудан орталығы Теректіден 130 шақырым, Еңбектен 30 шақырым қашықтықта орналасқан, - дейді Ақсоғым ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Саясат Нуменов.

- Ақсоғым ауылы тұрғындарының жалпы саны – 445, ересектер саны  312, балалар саны 134. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар саны - 7. Дәрігер маманмен қамтылмау себебі, нормативтік-құқықтық құжаттарға байланысты халық саны 2000-ға жетпесе, дәрігер маманымен қамтылмайды.

Ақсоғым ауылында халық саны 445 болуына байланысты медициналық пункт қана халыққа қызмет көрсетеді. Ал медициналық пунктте дәрігер емес, орта буынды қызметкер қызмет атқаруы керек, яғни фельдшер немесе медбике.

Осы уақытқа дейін орта буын қызметкері К.Есетова халыққа медициналық көмек көрсетіп, қызмет атқарып келді. 2020 жылдың 3 шілдесінде отбасылық жағдайына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылды.

Медициналық пунктте 1 кіші буын қызметкер бар. Медициналық көмек қажет етіп телефон шалған тұрғындар кіші буын медиициналық қызметкермен хабарласу арқылы №3 Жалпы тәжірибелік учаскесінің қызметкерлері екі аптада бір рет барып, бар көмегін көрсетіп отыр.

Созылмалы аурулары бар тұрғындар жоспарлы түрде №3 Жалпы тәжірибелік учаскесі дәрігеріне келіп қаралуда және тегін қормен берілетін дәрі-дәрмектерін Ақоғым ауылының медициналық пунктінің кіші медициналық қызметкері арқылы үй-үйге апарылып берілуде.

Биылғы медициналық колледж түлектерінің арасынан Теректі өңірінің түлектерімен сөйлесіп, маман іздеудеміз, - дейді №2 Теректі аудандық ауруханасының бас дәрігері Бекзат Кубаев.

Теректі ауданындағы аурухана басшылығы тиісті шешім қабылдап, жуық арада ақсоғымдықтарды фельдшер немесе медбике маманмен қамтамасыз етеді деген үміттеміз.

Ертай Бимұханов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале