14.06.2018, 17:05
Оқылды: 41

«Хамза жолымен» Жымпитыға келді

IMG_7841Бүгін Сырым ауданына облыстық «Хамза жолымен...» сапарының мүшелері келді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Хамза Есенжановтың туғанына 110 жыл толуы аясында ұйымдастырылған шағын экспедицияның құрамында жазушының өмірін зерттеуші тарихшылар Сайлау Сүлейменов, тарих ғылымдарының кандидаты, Дәметкен Сүлейменова, Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі,  ақын Айтқали Нәріков т.б. бар.

Экпедиция мүшелері аудан орталығына келер жолда Сырым батыр мен әулие Жұмағазы Хазіреттің кесенесіне аялдады. Кейін Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте мектеп педагогтары және оқушыларымен кездесті. Айта кетейік, Хамза Есенжанов 1920-1927 жылдары Жымпитыдағы орта мектепте білім алған.

-Өмірге келу бар да, өсіп, өну бар. Хамза Есенжанов қазірі Теректі ауданына қарасты Сарыөмір елді мекенінде дүниеге келгенімен, оның өмірге қалыптасу кезеңі Жымпитыда болды, шығармашылықтағы алғашқы қадамдары Жымпитыда басталды. Жымпиты – Хамзадай әдебиеттің алып өкілінің атына ортақтасуға толық құқы бар мекен, -дейді бұл туралы тарихшы Сайлау Сүлейменов.

IMG_8050Қазақстан Жазушылары Одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріковтың айтуынша, Хамза Есенжанов –қазақ әдебиетіндегі тұтас шығармашылығын туған өлкесіне арнаған бірден-бір қаламгер. Ол әйгілі «Ақжайық» трилогиясын Сібірде айдауда жүрген кезінде темекінің қорабына, жастықтың тысына жазып бастаған екен. Өзінің жігері мен жары София Жақияқызының махаббаты оның сынбауына, керісінше мәңгілік ғұмыры –шығармашылығы үшін қам жасауына себеп болды.

Жымпитылық қария, Сырым ауданының құрметті азаматы Қайыржан Нұрмұханов бір кездері Ізмағанбет Қажымовпен  (әнші, сазгер Донеділ Қажымовтың әкесі) бірге жазушы Хамзамен жүздесіпті. Ол жүздесудің естеліктері де бүгінгі отырыста айтылды.

Кездесуге қатысқан Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов ауданның тарихы Хамза сияқты жазушының есімімен бірге аталатындығы үшін қуанышты екенін, сырымдықтардың хамзатану жұмысына үлес қосуға дайын екендіктерін айтты.

«Хамза жолының...» мүшелері түске дейін Жымпитыдағы Алаш мұражайы мен саябағында, Қ.Мырза Әлидің ескерткішінің басында болды. Олардың сапары түстен кейін Алғабас ауылдық округінде жалғасты.

Айта кетейік, «Хамза жолымен» сапары Сырым, Теректі және Ақжайық аудандарымен жүріп өтеді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

IMG_7940 IMG_7938

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале