3.09.2018, 16:46
Оқылды: 165

Хан сарайында билер бас қосты

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде «Билер соты – «Рухани жаңғырудың» бір тармағы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

han saraiy

Алқалы жиынға Батыс Қазақстан облыстық сотының судьясы, облыстағы билер кеңесін құру жөніндегі үйлестіруші Есенбай Боранбаев, Бөкей ордасы ауданы әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева, аудандық сот төрағасы Гүлжихан Сағитова, Бөкей ордасы ауданы бойынша билер кеңесінің төрағасы Тілек Арыстанбеков, «Нарын шуағы» әйелдер қоғамының төрайымы Г.Бисекенова, ауданның селолық округ әкімдері мен әр округтегі билер кеңесінің мүшелері қатысты. \

Айта кетсек, биыл облыс бойынша тұңғыш билер кеңесі Бөкей ордасында құрылған болатын. Әзірге қоғамдық негізде ұйымдастырылған билер кеңесінің жұмысымен танысуға облыс орталығынан келген Есенбай Боранбаев ауданның барша билерімен кездесті. Күн тәртібінде «Сот төрелігінің «Жеті түйін» бағдарламасы бойынша «Татуласу, сотқа дейін, сотта» тақырыбы қаралды.

         Кездесудің Хан ордасы ауылындағы осы күнге дейін сақталған Жәңгір ханның сарайында өткеніне облыстық сотының судьясы да ризашылығын білдірді. Мәселен Жәңгір ханның жанында елдің көптеген мәселелерін шешуге атсалысқан 12 биден құралған билер кеңесі қызмет еткен болатын. Жаңа сайланған билердің құрамында Бөкей ордасында әйгілі би, шешен болған Малтақан бидің бесінші ұрпағы, ел арасында шешендігімен, зеректілігімен танылып жүрген Жетібай ауылының тұрғыны Сейтқайыр Мұхамбетшин де болды. Судья өткенді жаңғырта отырып, бүгінгі күннің тіршілігіне кәдеге жарайтын билер кеңесін құру алдағы уақытта бүкіл Қазақстан бойынша да жүзеге асады деген сенімін білдірді.

         Кездесу барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева мен билер кеңесінің төрағасы Тілек Арыстанбеков бұрын қазақта түрме, соттың болмағанын, барлық дауларды билер шешкенін тілге тиек етті.

         Дөңгелек үстел айналасына жиналған ауылдық округтердің жаңа билері де айтылғанның бәрін құптап, азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге, көптеген мәселелерімізді халық болып, қоғам болып шешуге жасалған осынау бетбұрысқа оң бағаларын берді.

Назымгүл ОРАЗГЕЛДИЕВА,

Бөкей орда ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале