12.04.2018, 17:43
Оқылды: 18

Зеленовта «Рухани жаңғыру – дамудың басты кепілі» форумы өтті

 

зеленов 2Аудан орталығындағы «Достық» үйінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының 1 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру – дамудың басты кепілі» атты форум өтті.

Бағдарлама бастау алғаннан бергі жыл ішінде ел тарихын түгендеу, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді қалыптастыруда талай бастама қолға алынуда. Қоғамның әр саласына қозғау салған бағдарламаға тұрғындар барынша атсалысуда.

Форум қатысушылары алдымен аудан тұрғындары бүгінге дейін сақтап келген көне жәдігерлер көрмесін тамашалады. Әрісі ХVІІІ ғасырға жататын иін ағаш, келі мен үтік, аудан аумағынан табылған  түрлі аң сүйектері мен тұрмыста пайдаланылған сандықтар және ескі домбыраны аудан халқы мектептерде ашылған рухани жаңғыру музейлеріне өздері тапсырған көрінеді. Бұл - атадан балаға мұра болып келген ескінің көзін келешек ұрпаққа аманаттауға мүмкіндік сыйлаған бағдарламаның игі жемісі іспетті.

Форум қатысушыларын бағдарламаның 1 жылдығымен құттықтаған аудан әкімі Асхат Шахаров: – Осыдан  тура бір жыл бұрын Елбасымыз «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты көлемді бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарламаның басты мазмұны – елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалардың рухани жаңғырумен ұштасуы. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың қалыптасу үрдістерін атап өтіп, батыс елдеріндегі рухани дағдарыстың себептерін белгілеп берді. Бүгінгі әлемде қалыптасқан күрделі ахуал кезеңінде алдымызға қойылған басты міндеттердің бірі – ұлттық кодымызды сақтай отырып, әр қазақстандықтың санасын жаңғырту мақсатында бірнеше басымдықтарды іске асыру,-деп атқарылған жұмыстар мен болашақта іске асырылатын жобалар жайын сөз етті.

зеленов 3Кейін бағдарламаның нәтижелі жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосқан Дариян, Январцев, Көшім, Белес ауылдық округтері мен бірқатар белсенді азаматқа, ұжым басшыларына аудан әкімінің алғысхаты табысталды.

Форум барысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылған жұмыстар жайын ішкі саясат бөлімінің басшысы Манарбек Әжкенов баяндап өтсе, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Елена Шушлебина  Елбасымен кездескен кездегі әсерімен бөлісіп, ел жастарын Ұлт Көшбасшысының жиында айтқан мағыналы сөздерінен ғибрат алуға шақырды. Одан әрі аудандық «Ауыл тынысы» газетінің директор-редакторы Нұржан Дүзбатыров бағдарлама аясында ел тарихын түгендеу ісінде қандай шаралар атқарылғандығына тоқталып, аудан аумағынан табылған құлпытастардың тарих ақтаңдақтарын жоюға тигізер үлесі жайындағы баяндама жасады.

– Даламыздың әр қиырында елеусіз жатқан көне құлпытастарды зерделеу арқылы ауданымызды кімдердің мекендегенін нақ басып айтып, соған тұрғындарды шүбәсіз сендіре алсақ, есте жоқ тарихымыз қайта тіл қатпақ. Ал бұл өз кезегінде жалынды жастарымызға рухани күш беріп, белсенді бастамаларға жұмылдырады. Ауданның әбден зерттеліп болмаған бай тарихы бар. Володар ауылы маңындағы бейіттен Б.з.д. Vғ. тиесілі күміс фаларлар мен құмыра, қола айна өзге де көне жәдігерлердің табылуы археологиялық жұмыстарды індете түсу керектігін меңзейді. Өңірдегі ең көне балбалтастың Дариян даласынан табылуы да үлкен тарихтың дерегін ұқтырып тұр, - деген ол осының бәрі  біздің ата-бабамыздың осы жердің иесі екендігін талассыз айғақтап тұрғандығын алға тартты. Одан әрі «Рухани жаңғыру» алаңының жетекшісі Тілеген Дощанов алаң жұмысының бағыттарына тоқталып, алғашқы нәтежиелерін айтып өтті.

Сондай-ақ форум барысында Белес округінің әкімі Бекзат Бадақов: – Елбасы мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, елдің игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы айта келіп, бағдарламаның Белес ауылында іске асырылу жайына тоқталды.

Қабылданғалы талай игі іс тындыруға мүмкіндік берген бағдарлама аясында биыл да ауданда ауқымды бастамалар жүзеге аспақ.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале