25.04.2018, 16:36
Оқылды: 63

Зеленовтық ардагер спортшылар бақ сынасты

DSC_0468Зеленов ауданы орталығында  білікті бапкер, волейболдан Қазақстан чемпионы, облыстық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы болған спорт ардагері Марклен Зейнешұлы Үмбетқалиевті еске алуға арналған волейбол турнирі өтті.

Ауданның бірнеше ауылынан келген ардагер волейболшылар бақ сынасқан жарыстың ашылу салтанатында Марклен Зейнешұлының замандасы, спорттағы досы Иван Юнусов пен аудандық мәслихат аппаратының жетекшісі Генадий Терехов сөз алып, марқұмның аудан, ауыл спортының дамуына қосқан үлесінің ұшан теңіз екенін айтып, командаларға сәттілік тіледі. Ал аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокс және каратэ үйірмелерінде шеберлік шыңдап жүрген спортшылар өнерлерін көрсетті.

Жарыстың алғашқы ойынында турнирдің былтырғы жылғы жеңімпазы Янайкиннің ардагерлері мен Зеленый ауылының командасы кездесті. Ойын басынан шабуылға ден қойған зеленыйлықтар есепте алға шығып,  сетті өз пайдаларына шешкенімен екінші және үшінші сетте жинақы ойнаған Янайкин командасының шабуылдарына лайықты жауап таба алмады. Үш сет қорытындысында жеңіске деген жігер танытқан янайкиндіктер финалға шықты. Ал екінші жартылай финалда Переметный ауылының қос ұжымы күш сынасты. Ол ойын да волейболсүйер ағайынға тамаша көңіл-күй сыйлады.  Переметный-1 командасы екі сетте жеңіске жеткенімен ойын оңайға соққан жоқ. Осылайша, жартылай финалда ұтылған Зеленый мен Переметный-2 командалары турнирдің үшінші орынын сарапқа салды. Нәтижесінде, ауыр ойыннан кейін бірден жүлде таласына түскен переметныйлықтар жеңіліп, Зеленый ұжымы үшінші орынға табан тіреді.

Финал. Алаңда қос мықты ұжым. Көрермендер қиқулап, ойыншыларды жігерлендіруде. Осы қиқудан күш алған переметныйлықтар әр шабуылын тиянақты аяқтап, қажетті ұпайларын жинап алды. Янайкиннен келген волейболшылар да қара жаяу емес. Дегенмен сет басындағы қателік салдары сезіледі. Олар да барынша ұпай жинап жатқанымен, переметныйлықтар жеткізетін емес. Құйтырқы комбинациялар мен допты жерге шегедей қадайтын күштік соққыларды көрсетпесе де  ардагерлер ұсынған классикалық волейбол көпшілікке ұнап қалды. Осы күні ұмытыла бастаған алдау әдісі мен алаңның ашық жерін көздеудің небір тәсілін көрсеткен ойыншылар жас ұрпаққа ескі волейбол мектебінің шеберлік сағатын көрсетіп жатқандай әсер қалдырды. Ойын қызығына түскен көрермендер тамаша матч ешқашан таусылмасын дегендей қиқуға қиқу қосып, ойыншыларды одан сайын жігерлеендіре түсті. Бірінші сетті переметныйлықтар, екінші сетті янайкиндіктер алды. Ал, үшінші сетте жинақылық танытып, эмоцияға жол бермеген алаң иелері жеңіске жетіп, ауыспалы кубокті Переметныйға алып қалды.

Жарыс барысында үлгілі ойын көрсетіп, командаларын алға сүйреген Евгений Борзиков «Үздік қорғаушы», Николай Гришин «Үздік байланыстырушы», Ғұмар Қарекенов «Үздік шабуылшы» аталымдарын иеленсе, Асқар Жакин жарыстың «Үздік ойыншысы» атанды.

Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен  медалдар табысталды.

Түгелбай Бисен,

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале