4.10.2017, 15:00
Оқылды: 19

Жақсыбайда жақсы істер көп

Жәнібек ауданындағы Жақсыбай ауылында ауыл әкімі Алмат Қаратаевтың бастамасымен Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда.


Мектепке жақын орналасқан «Жақсыбай менің жүрегімде» атты маңдайша ауылдағы орта мектепті бұдан 10 және 20 жыл бұрын бітірген түлектердің күшімен жасалыпты. Оның айналасындағы шамдар түнде жарқырап, самаладай жарық шашады. Осы маңда балаларға арналған алаң орнатылып, төңірегінде ауыл тұрғындарының бос уақытында демалуы үшін 50 шақты орындық пен сонша түнгі шамдар орналасқан.

Биылғы  тамыз айының соңында құрылысы аяқталған су бұрқақ та алаңды ажарландырып тұр. Оған таяу қолдан жасалған алтыбақан ауыл тұрғындарына  ұлттық ойындар түрлерін ойнауға арналған бірегей жер десе де болғандай. Ал балдырғандар асыр салып ойнайтын батутты ауылдағы шаруа қожалықтары бірлесіп, қаржы жинап, 320 мың теңгеге сатып алып берген.

Жуырда орнатылған ауылдағы ерен еңбек иелеріне, тыл ардагерлеріне арналған құрмет тақталарының, Жақсыбай ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, кейін оралмаған боздақтардың жаңартылған ескерткіші, Ұлы Отан соғысы мен Ауғанстандағы соғыс қимылдарына  қатысушылардың құрмет тақталары да жастар үшін алдыңғы толқын ағалар ерлігінің айқын көрінісі іспеттес. Көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген ардақты аналарға, алтын, күміс алқа иегерлері құрметіне жуырда орнатылған обелискінің көрінісі ауылдың ажарын ашып, көріктендіріп тұр.

-Мына жазғы дәмхананың құрылысы да биыл аяқталып, пайдалануға берілді,-деді ауыл әкімдігінің бас маманы Әдемі Базарғалиева шағын қалашыққа ұқсайтын төңіректі айналып өте бергенімізде сырты қоршалған ғимаратты көрсетіп,-Дәмханаға 100 адам толығымен сыйып кетеді. Кәсіпкер Нұрберген  Төрешев жаздай мереке, демалыс уақытында бұл маңға серуендеп келген адамдарға шашлық, бәліш пісіріп, даярлады, тәтті сусындармен қамтамасыз етті. Ауыл тұрғындары осы айналада көңілді демалып, бір жасап қалды. Мұның барлығы  ауыл әкімінің жұртшылықты жіті ұйымдастырып, жұмылдыра білуінің нәтижесінде іске асқан шаралар болып саналады.

Айтса айтқандай, жақсыбайлықтар ауыл әкімінің ұйытқы болуымен Елбасының «Туған жер» бағдарламасында сөз болған жайттарды нақты іс жүзінде кәдеге асырып жатқанын бағдарлап, ауылдағы жақсы жұмыстарға көңіліміз тоғайып қайттық.

                                                                                      Н.Жапақов

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале