20.10.2020, 20:18
Оқылды: 121

Жақып әулие. Атай сайы

    Ақбұлақ, Ағатан, Манабай, Шұбарсай, Көкей, Қарақай, Әлсейіт бұлағы т.б. атаулар Ақбұлақ ауылдық округі тұрғындарының естерінде екені белгілі.

0234A4DE-26ED-4C62-B750-06A73960DD72

 Бүгінгі әңгіме арқауы Атай сайы аталатын қасиетті жер, сол жерді мекендеген Жақып әулие туралы болмақ. Батыс Қазақстан энциклопедиясында бұл жер туралы төмендегідей мәлімет беріледі.

   Жақып қазірет діндар, тақуа. Бөрлі ауданының Ақбұлақ округі аумағында өмір сүрген. Оның бейіті Қарақай ауылының (оңтүстік, шығыс бағытында) 10-12 шақырым жерде. Жергілікті тұрғындар оны  «Атай  бейіті»  деп атайды. Бұл жер қасиетті орын болып саналады.

  Шыңғырлау жері жалпы аруақты адамдар, қазірет, әулие, сынықшы, құмалақшы, басқа да ерекше қасиет иелерінен кенде болмаған. Бұған мысал ретінде Жаңакүштегі Хасан, Камал қазіреттерді, Ұрсайдағы қасиетті жандар Жексенғали молда мен Жаңабай сынықшы, Торатбастағы Салахаддин қазіреттерді атасақ жеткілікті болатын шығар. Солардың арасынан жоғарыда аты аталған Жақып әулиені де ерекше атап өтуге болады. Жақып атамыз қазіргі Ақбұлақ, Ардақ ауылдық округтері аумағында өмір сүрген. Діни білімді, ауызы дуалы, көріпкелдігі бар адам болған. Елдің даулы мәселелерін шешіп, халықты достыққа, бірлікке шақырған.

4A482785-7EBB-4869-AE32-F86ECA6B8C22

  Ең бастысы, адамдарды емдеумен де айналысқан. Әртүрлі ауруларды емдеп жазуымен елдің есінде қалған. Оның тұрағы болған жер маңайындағы сай «Атай сайы» деп аталып, бүгінге дейін қасиетті жер саналады. Бұл сайдан өткен жаяу жүргінші де, атты, көлікті жандар да беттерін сипап, білетін Құран аяттарын оқып өтетін болған. Сол маңды жайлаған қойшы, малшылар малын ата аруағына тапсырамыз дегенді жиі айтады. Жақып өмірден өткеннен кейін оның аруағына тәу етіп, түнейтін адамдар да көбейген. (күні бүгінге дейін).

Келгендерді түнетуге апаратын шырақшылары Бораш, Ықсанғали қарттарды көпшілік әлі есінде сақтап, айтып отырады.

Жақында «Атай сайы» бойындағы Жақып әулие жерленген үлкен қауым жанында сауапты шара өтті. Мейіттерді айнала қоршау жасап, өмірден өткендерге перзенттік борыштарын өтеуге жиылған Ақбұлақ, Ардақ, Ағатан, Қарақай ауылдарының және ата-бабаларының аруағын қадірлеген Ақсай қаласының азаматтары бірігіп, мейіттердің айналасын қоршап, ізгілікті іс атқарған екен. Бұл жұмысты атқаруда Жақып атаның ұрпақтары атынан Ақсай қаласынан келген Ақкүлән Бақтиярова апамыз ұл-қыздарымен бірге жергілікті азаматтар Жұмабай, Болат, Нұржан, Мержандар ерекше күш салды. Аты аталмағандар көңілдеріне алмас деп ойлаймын. Жұмыс ортақ қой. Әсіресе Руслан Сұлтанғалиев атты ардақтық дәнекерлеушіге жерлестерінің алғысы шексіз. Осы шара барысында Жақып атамыздың Ақкүлән атты жиен болып келетін ұрпағымен кездесетін сәті түсті. «Мен Ресей жеріндегі Елек ауданының Кардайлова аталатын жерінде туып өстім. Әкем Құлмағамбет, анам Күнжұма. Әкеміз өмірден ертерек өтті, анамыз 2003 жылы жүзден асқан жасында қайтыс болды. Әкеміз домбыра тартып, айтысқа қатысатын адам болды. Үйде көне домбыра бар, атақты Жамбылдан алдым деп отыратын. Менің анам Жақып әулиенің қызы.

Жақып атамды соғыстан кейінгі жылдары көрдім. Анам екеуміз нағашы атамыз Қарақайда отырғанда қыдырып келгеніміз есімде. Шоқша сақалды, кішілеу кісі еді, есегіне мініп жүретін. Жастау болғандықтан басқа ештеңе есімде қалмапты,- дейді апамыз. Ақкүлән апай 1944 жылғы. Шамамен Жақып атаны өткен ғасырдың елуінші жылдары көрген сияқты. Апайдың жолдасы Қуанышқали көп жыл аға шопан болып, алдыңғы қатарда еңбек етіп, алғыс хаттар мен марапаттар, медальдар иеленген. Ұл-қыздарын мәпелеп өсірген Ақкүлән апа Ақсай қаласында тұрады. Ұлдары Дәулет, Мұқамбет, Руслан мен қыздары Сәуле, Гүлнара әр салада табысты еңбек етіп жүр. 

Апамыздың үлкен ұлы Дәулет:-Болашақта атамыздың мәйітін күмбездеп, осы жерге адамдар келгенде демалатын үй салуды жоспарлап жатырмыз. Ата аруағы халыққа көмектессе біз де ризамыз,- деп ағынан жарылды. 

Атамыздың әулиелігін көрсететін мына мысалдарды айтып өткенді жөн көрдік. Қарақай ауылының тұрғыны Наурызбай былай деп еске алады:

- Көкейде тұрамыз. Шөп шабу науқаны кезі. Қасымызға машина келіп тоқтай қалды. Атай сайды, қазірет жатқан орынды сұрады. Айтып, көрсетіп жібердік. Біраздан соң әлгі адамдар қайта келіп, асқа салатын тұз алып кетті. 

Ертеңіне қазірет басына түнеген адамдар таңертең бізге соғып, өте қуанышты екендерін, ауырып әкелген адамдарының жазылғанын айтып, өздерінен қалған дәмдерін бізге қуана ұсынды.

Естігеніміз: бірде Қарақайға бара жатқан машина жолда сынып қалады. Машина толы дүкеншінің ауылға алып бара жатқан тауары. Күн суық, ауылға біраз жер бар. Шофер мен дүкенші: «Атайға аманат, тапсырдық» деп машинаны алып кететін трактор әкелу үшін ауылға аттанады. Иесі жоқ машинаны көрген атты адам қасына келеді.

Машина толы тауарды көріп, тегін олжаға тап болдым деп ойлайды. Керегін алып кете барады. Үйіне келген соң, қатты ауырып қалады. Мән-жайды анықтаған қасындағылар ауруы неден болғанын біліп, «Атай сайға» аттанады. Алғандарын түгел орнына салып, Құран оқып, әулиеден кешірім сұрап, ауырған жанды жазып алыпты.

Шыңғырлау ауылының тұрғыны Өтеп Нармағамбетов: «Атайдың шырақшысы болған Бораш атамен көрші тұрып, көзін көре қалдық. Үйіне келген адамдарды ат арбасымен Жақып атаның басына түнетуге апара жатқанын талай көрдім. Келген адамдар жазылып кетіп жататын»,- деп есіне алады.

Арқалы әулиелігін еліне арнаған, ем-домын жасап халқына қызмет еткен, жұртшылықтың алғысын арқалаған Жақып әулие жатқан қасиетті жерде ұрпақтары ас беріп, құран бағыштады. Бұл шара біздің есімізде өткенді бағалаған, кемел келешекке сеніммен қарайтын жерлестеріміздің ата рухына деген ерекше сезіміндей әсер қалдырды. Бірлігіміз жарасты бола бергей!                                                                              

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале