20.02.2019, 13:18
Оқылды: 36

Жаңақалалық оқушылар шағын футболдан облыс чемпионы атанды

Орал қаласында 2001-2003 жылы туған мектеп оқушылары арасында қысқы спартакиада өтіп, жаңақалалық оқушылар командасы шағын футболдан чемпион атанды. Жарыстан жеңіспен оралған спортшыларды жаңақалалықтар ауданға кіреберіс жолдан зор құрметпен қарсы алып, қошемет көрсетті.

IMG_6650

Жаңақала мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Мерей Есімов жаттықтыратын жаңақалалық оқушылар командасы облыста өздерін танытып жүрген мықты командалардың бірі. Жаңақалалық футболшылар бір емес, екі бірдей республикалық додаға жолдама жеңіп алды. Осыдан екі ай бұрын, яғни желтоқсан айында өткен «Теңбіл доп» мектеп лигасында өнер көрсеткен Мерейдің оқушылары ауданымыздың мерейін өсіріп, Петропавл қаласында өтетін республикалық мектеп лигасына жолдаманы жеңіп алған болатын.

IMG_6688

-Топтық ойында Орал қаласын 6:4, Бәйтерек ауданының командасын 4:2, Орал қаласының «КТЛ» командасын 4:2  есебімен ұтсақ, бөрлілік «Ақсай» командасын  9:2 есебімен ойсырата ұтып, финалдық ойынға жолдама алдық.  Топтық ойындардан сүрінбей өтіп, шешуі ойында азулы «Теректі» командасымен  кездесіп, 4:4 есебімен тең дәрежеде ойын көрсеттік. Жеңімпазды анықтау пеналти әдісі арқылы жүргізіліп, Мейрамбек Ғұбайдуллин қақпасын берік қорғай біліп, теректілік оқушылардан жеңісті жұлып әкеттік, - дейді дода туралы сөз қозғаған жаттықтырушы Мерей Есімов.

Тартысты өткен теңбіл доп додасының қорытындысы бойынша «Жаңақала» командасының қақпашысы Мейрамбек Ғұбайдуллин «Үздік қақпашы» атанса, екі бірдей жолдаманы қанжығасына байлаған Мерей Есімов «Үздік жаттықтырушы» атанған болатын.

Спартакиада жеңімпазы атанған «Жаңақала» командасы наурыз айында облыс намысын Көкшетауда қорғайтын болады.

Азиза Сүйінішқалиева,

Жаңақала ауданы

IMG_6715 IMG_6791

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале