25.12.2019, 18:22
Оқылды: 49

Жәнібекте жастар жобасы қалай жүзеге асуда?

2019 жыл Жастар жылы деп жарияланғаны баршаға аян. Жастар жылында біраз жаңа бағдарламалар да жүзеге іске асты. Соның бірі –«Zhas Project» жобасы. Жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды. Біздің Жәнібек ауданы бойынша аталған жоба қалай жүзеге асты? Енді төмендегі әңгімеге құлақ түрсек.

       zhasproject 

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мирас Иманғалиев:

 -Жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Ол негізінен жұмыс істемейтін, оқымайтын, жұмыс істегенімен табысы төмен жастарға берілді. Жастар гранттық конкурсқа қатысу үшін идеяларын әлеуметтік жоба ретінде ұсынды. Өтінімдер zhasproject.kz сайтында 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында қабылданды. Іріктеуден өткен жастар 1 миллион теңге грантқа ие болып, 6 ай бойы жұмыстарын жүргізді. Жастардың жобасы жергілікті қоғамдастыққа пайдасын тигізуі керек, яғни, алты ай бойы олар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін қызмет көрсетті.  Аудан бойынша жобаға 99 жас қатысып, барлығы 33 жоба тапсырылды. Іріктеу нәтижесінде 35 жастың 10-ы өз жұмыстарын бастап кетті. Қазір аудан орталығында 4 жоба, қалған ауылдық округтерде 6 жоба жүзеге асырылуда.

«Zhas project»жобасының грант иегері, «Роман» шаруа қожалығының жетекшісі Дәулет Ибатов:

-Мен 2016 жылы жеке шаруа қожалығын ашу үшін «Игілік» бағдарламасы бойынша 2 миллион теңге несие алғанмын. Сол қаржыға  он аналық ірі қара сатып алдым. Аудан орталығынан «Zhas project» жобасы бойынша ақпараттық түсіндірме топ Борсы ауылына келгенде бұл бағытта да өз бағымды сынап көруге бел будым. Осылайша 3 кезеңнен өтіп, грант иегері атанадым. Қазіргі күні 1 миллион теңгені толықтай алдық. Оған үш бұзаулы сиыр сатып алдым. Сонымен қатар жем, шөп алынды.

М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжін «Ауыл шаруашылығы» мамандығы бойынша тәмамдадым. Осы сала өзіме жақын болғандықтан, мал шаруашылығымен айналысуды жөн көрдім. Борсы ауылдық округі бойынша аз қамтылған және көпбалалы 26 отбасыға сүт, сарымай, құрт, айран, ірімшік өнімдері тегін таратылды. Бұл жоба жұмыссыз жүрген жастарға үлкен көмек болды.

«Zhas project» жобасының «Қазақ style» шебері Елдос Сағадатов:

-Мектеп қабырғасында жүргенде еңбекке баулу пәнінің мұғалімі Ақылбек Исатаев ағаш бұйымдарын жасауды үйреткен-ді. Кейін осы істі дамытуды қолға алдым. Әрі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «Сәндік өнер» мамандығын алып шықтым. Қазіргі таңда аудандық білім беру бөлімінің мектептен тыс жұмыстар орталығында қолөнер бағыты бойынша үйірме жетекшісімін.  Жастар жылына орай «Zhas project» жобасы өмірге келіп, мен де өз бағымды сынау үшін құжаттарымды жинақтап, тапсырған едім. Қазір «Қазақ style»шеберімін. Жоба аясында 1 миллион теңге грантқа ие болып, кәсібімді дөңгелетіп отырған жайым бар. Жоба бойынша екі түрлі функциясы бар ағаш кесетін станок және ұлттық аспаптарды жасауға қажетті материалдар алынды. Аудан бойынша 12 отбасыға жер үстел, домбыра, бесік, астау секілді ұлттық нақыштағы бұйымдар сыйға берілді. Жобаның жетекшісі ретінде өзім 60 мың теңге, қалған мүшелер 40 мың теңгеден шәкіртақы аламыз.

Сондай-ақ анада Орал, Астана қалаларында «Zhas project» жобасының форумы өткізіліп, ондағы көрмелерге өзіміздің қолөнер бұйымдарымызды апардық. Аудан тұрғындарынан түсіп жатқан тапсырыстар өте көп. Қысқасы, бұл аталмыш жоба алда да өз жемісін береді деген ойдамын.

Лаура Қалы

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagr am-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале