11.12.2019, 18:07
Оқылды: 127

Желтоқсан жаңғырығы ұмытылмас

Тарих көші ұзақ. Бұған дейін өмір сахнасында түрлі қауымдар, ұлыстар, мемлекеттер билік құрғаны белгілі. Солардың бәрі бірдей тізгінінен шашау шығармай, билігін өз қолында әлі ұстап отырған жоқ. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасқан қадамын көзбен көріп, азаттықтың ақиқатын сезініп, бостандықтың ауасын жұтқан біздің буын – нағыз бақытты ұрпақ. Біздің толқынның маңдайына Тәуелсіз елдің азаматы болу жазылыпты.

 qaratobe jeltoqsan gulmira

Қазаққа Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл жастардың арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен қанды Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырады.

Солардың бірі – жерлесіміз, Алматыға арман қуып, білім іздеп барып Желтоқсан оқиғасына қатысушы ретінде қудалау мен құқайды бастан кешкен Гүлмира Маренқызы Ахметова.

– Мен Қаратөбе ауданы Шөптікөл ауылында дүниеге келдім. Шөптікөл мектебінде 7-сыныпқа дейін білім алып, оқуымды Алматы қаласы Іле ауданында жалғастырдым. Кейін жоғары оқу орнына түсе алмағасын, Алматы қаласындағы №3 кәсіптік училищесіне құжат тапсырып, қабылдандым. 1986 жылы училищені тігінші мамандығы бойынша бітіріп, жолдамамен Ю.Гагарин атындағы әйелдер киімін тігетін фабрикаға жұмысқа орналастым. Фабрикада жүрген кезімде «16 желтоқсан күні жастар наразылық танытып, бас көтерді» дегенді естіп, 17-сі күні таңғы сағат 5-тер шамасында жұмыстас сексенге жуық қазақ қызы жаяу орталық алаңға беттедік. Қалада көлік қозғалысын тоқтатып тастаған. Біз тұратын жатақхана қаланың шетінде болатын, төрт сағат жүріп, алаңға жеттік. Күн аяз. Біз барған кезде алаңды қоршап тастаған, алайда дауыстар естіліп жатты. Тобымызбен барған бізді жетектерінде иттері бар, автоматпен қаруланған әскерилер автобуспен келіп қоршап алды. Солдаттардың сазарған түрі әлі көз алдымда. Қашқан қыздарды резеңке таяқпен (дубинка) ұрып құлатып, итке талатып, автобусқа күштеп мінгізді. Қорғануға не қашуға еш мүмкіндік бермеді. Бәрімізді Советский РОВД-ға әкелді. Жерасты жолымен кіргізіп, сексенге жуық қызды бір бөлмеге қамады. Тіпті бұрылуға, отыруға мүмкіншілік жоқ, тікемізден тік тұрдық. Қамаған жері төбесі тормен қоршалған ашық бөлме, қар жауып, жел соғып тұр. Ал аяқ астымызға табанымызды қыздырарлық ыссы плита төселген. Сол жерде бізді екі тәулік бойы ұстады. Үш адамнан топтап апарып жауап алады. Сол екі тәулікте бізге тек шелекпен су әкеледі, судың өзі басына жетіп, соңына жетпей жататын. Басқа тамақ бермеді. Екі күннен соң жатақханамызға автобуспен апарып, «Осыдан қаладан шығатын болсаңдар, басқа жерге кететін болсаңдар, жұмыстан шығатын болсаңдар, статьямен шығарамыз, қудалаймыз. Тігін фабрикасында жұмыс жасайсыңдар, сендерге басқа жол жабық» деп қорқытып-үркітіп оқуға түсуге де мүмкіндік бермеді. Сол оқиғадан кейін екі жыл бойы сегіз тергеушінің алдынан өттім. Тергеуге жұмыс уақытында да, жұмыстан тыс мезгілде де без-берекет шақырта беретін. «Көтеріліс болып жатыр деп кімнен естідің?», «Алаңға неге бардың?», «Сендерді кім бастап шықты?» деген сұрақтар қойып, «Колбиннің басшы болуына қарсы емеспін» деп жазғызып алды. Жалақымызды қысқартып тастап, біздің айтқанымызбен жүресіңдер, сендер қарсы сөйлеуге тиісті емессіңдер деп үнемі бақылауда ұстады. Көрсеткен зәбірге шыдай алмай, өз-өзіне қол жұмсаған қыздар да болды. Ол кезде мен саясаттан хабары жоқ 18 жасар Гүлмира едім. Барғандағы мақсатымыз алаңда не болып жатқандығын көру болатын.

1988 жылы Павлодар қаласына барғанымда тергеушілердің «Неге бардың?», «Кіммен кездестің?» деген сұрақтарымен тағы тергеуде жүрдім.  Содан, 1994 жылы ағамның ықпалымен тергеушілерден құтылып, Қаратөбе ауданына көшіп келдім. Сол кезең жағдайдың нашарлап тұрған уақыты болғандықтан, түрлі жұмыстар атқарып, киім тігіп, қыз жасауын дайындауға тапсырыстар қабылдап жүрдім. Елге келгеннен кейін де Желтоқсан оқиғасы туралы тіс жарып ешкімге айта қоймадым. Себебі қудалап, отбасыма кесірім тие ме деп қорықтым.

Қазір, шүкір, егемендігімізді алып, тәуелсіз ел болдық. 2016 жылы Желтоқсан оқиғасына 30 жыл толуына орай сол кездегі аудан әкімі Асхат Шахаровтың қабылдауында болып, «Желтоқсанның 30 жылдығы» естелік медалімен марапатталдым, – деп еске алады қазақтың қайсар қызы.

Қазір Гүлмира апай Орал қаласында бала-келінінің қолында тұрады.

Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале