8-707-808-48-55
Жер учаскесін заңсыз пайдалануға жол берілмейді

Маусымның 14-і күні Қаратөбе ауданының мәжіліс залында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын түсіндіру бағытында кеңес өтті.

Аудан әкімі Жанат Асантаев төрағалық еткен келелі кеңесте сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанова жер қатынастары заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы баяндап берді.

Кезегінде сөз алған БҚО жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бас маманы Гүлмира Сейфуллина:

–  Елбасы 21 мамыр күні ҚР кейбір заңнамалық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, қол қойған болатын. Соның ішінде Жер Кодексіне бірнеше өзгерістер енгізілді. Елді мекен ішіндегі жер учаскелерін тексеру құқығын ауылдық округ әкімдерінің міндетіне жүктеді, - дей келе округ әкімдеріне жер учаскелерінің заңға сай қолданылуын тексеру тәртібін түсіндірді.

Жиынға қатысушы бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сауалдар қойып, мамандар тарапынан толыққанды жауап алды.

Кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Жанат Асылханұлы құқықтық мемлекетке айналу үшін еліміздегі заң талаптарын қатаң сақтауымыз керектігін айтып, жер қатынастары туралы заңға өзгерістер енуіне байланысты тиісті жұмыстарды уақытылы, сапалы және жауапкершілікпен атқару керектігіне тоқталды.

Кеңесте көтерілген мәселелер бойынша тиісті мекеме басшыларына тапсырмалар берілді.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Пікір қалдыру