1.06.2020, 11:40
Оқылды: 5185

«Жүрейін десем құжат жоқ, жүрмейін десем күнкөріс керек»

FC817730-7686-44D1-A7BA-EC790E09E9B5

Құрастыруға құмар бала

Бала Беріктің кіндік қаны тамған жері – шырайлы Шыңғырлау мекені. Ол жастайынан адамның екінші анасы еңбек екенін ұғып өсті. Еңбек оны ерте есейтті. Жалпы айналасындағы адамдар «Еңбек – бәрін жеңбек» деп баланы кішкентайынан еңбекке баулып, бар шаруаның қыр-сырын түсіндіріп, бағыт-бағдар көрсетіп отырған. Міне, осыны ұғынған бала Берік сегіз жасынан темір-терсекке құштар болды.

Шыңғырлау ауданы, Белогор ауылындағы дәнекерлеуші Ысқақов Аманжан ағайдан үйренгенім шаш-етектен. Ол кісінің үйіндегі техникаға қатысты газет-журналдарды оқып, қызығушылығым оянды. Ал физик Тасболат Шәріпов, тарихшы Мақсот Тржанов, еңбек пәнінің мұғалімі Құсман Мәмбетәлиев сынды мектептегі ұстаздардан алған білімімнің көмегі көл-көсір. Қазіргі таңда техниканың тілін білсем, осы ұлағатты ұстаздарымның арқасы деп ойлаймын. Ертеректе анам әперген ойыншықтарды келесі күні-ақ бұзып, өз қолыммен түрлі қиялмен қайтадан құрастыратынмын, – дейді кейіпкеріміз.

Бала кездегі қызығушылыққа қоса, еңбекқорлығы оны өнертапқыш жанға айналдырды.

782CF885-9136-4B8E-A3FC-2208FA6AA73C

Ақсуаттың өнертапқышы

Орал шаһарына жақындауды құп көрген Берік Молдағалиев 2007 жылдан бері Теректі ауданына қарасты Ақсуат селолық округінің тұрғыны. Жолдасы Зоя апай екеуі екі қыз бала тәрбиелеп отыр. Берік аға 1985 жылы Бөрлі техникумына оқуға түсіп, 1989 жылы электрик мамандығы бойынша білім алып, тәмәмдаған. Бүгінгі уақытта ауылда әмбебап маман. Ауылдастары оны электрик, дәнекерлеуші, тракторшы, жүргізуші ретінде жақсы таниды. Олар қолы алтын адамның көмегіне әркез жүгінуде.

Айта кетейік, осыдан он төрт жыл бұрын Берік Меңдіғалиұлы трактор құрастырумен әуестенеді. Нәтижесінде, шаруашылыққа арналған шап-шағын трактор жасап шығарады. Бұл – оның трактор құрастырудағы ең алғашқы жетістігі. Осы уақытқа дейін сол трактормен нәпақасын тауып келген. Кейін бұл іске әуестігі одан әрі үдей түсіп, тағы да трактор құрастыруды жөн көреді. Сөйтіп...

10DB8945-EDEC-411F-BC5B-85F8DF203E76

Бес жыл, бес миллион

Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін. Уақытпен санаспай таңсәріден қолына құрал-саймандарын алып, бір темірді бұзып, бір темірді қайтадан жинап жатқан жан көрсеңіз, әрине, бұл – ақсуаттық Берік шебер! Маңдай термен келген еңбектің нәтижесінде кейіпкеріміз таяуда тағы да тракторды «дүниеге әкелді».

–Техниканың бар болғаны жақсы, ешкімге жалтамақтай бар шаруаны тындырасың. Екінші тракторымды осы жақында жасап бітірдім. Мұны құрастыру үшін қажетсіз темір-терсектерді жинақтадым. Пайдаға аспайтын темірлерін кейбір достарым, таныстарым берді. Жетпей жатқандарын өз қаражатыма сатып алдым. Бұл тракторды жасауға 5 жыл уақытым кетті. Одан да ертерек бітіруге болатын еді, алайда қаржының жетіспеуі қолбайлау болып, ұзақ жыл созып алдым. Тек тракторды құрастырып шықпадым, бұған қоса толықтай 3 тоннаны көтеретін тіркеме арбаны да істедім. Арбамен шөп шабу кезінде шөп тасимын, қажеттілікке қарай құм да тасуға болады, – дейді Б.Молдағалиев.

Өнертапқыштың айтуынша,  тракторды құрастырып шығаруға өз қалтасынан 5 млн.теңге қаржы жұмсалған. Шаруашылыққа арналған шағын трактордың күші 80 жылқының қуатымен тең екен. Бұған «Жигули» машинасының моторы салынған. Сөздің орайы келгенде айта кетейік, саттықтағы су жаңа дайын тракторлардың бағасы 7-8 млн.теңгені құрап тұр.

–Отағасы екеуміз де жұмыста жоқпыз. Оның құрастырған тракторларының арқасында күн көріп отырмыз. Шөп шабу уақытында қасында болып, оған қолғабыс етемін. Шөпті тіркеме арбаға тиеп тұрамын. Аз-мал өсіріп отырмыз. Сиыр сауып, сүт сататыным да бар. Жалпы, жиналған темір-терсектерден трактор құрастырып шығару оңай шаруа емес. Өйткені жолдасым осы трактор жасағанда жанында жүріп көмектескенде байқадым. Дейтұрғанымен, оның шеберлігіне тамсанамын, әрі ризамын,– дейді отанасы.

«Темір тұлпарға» құжат қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек!» деген болатын. Расында да, жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенетін жандардың жарқын істері бағалауға тұрарлық! Осы орайда Берік Меңдіғалиұлының еңбегі орасан екенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда қит етсе жұмыс жоқ дегенді сылтауратып жүргендердің саны көбеюде. Аяқты аспанға көтеріп қойып, дайын асқа тік қасық болуға әзір тұрады. Мінекей, осындай жалқауларға шебердің ісі үлгі. Ол кісінің еңбегі талайды тамсандырып жүргені шындық. Десек те, кейіпкеріміздің көңіліңде кірбің бар.

–Бұл техниканы жасауын жасап алдым да, енді тек ауыл ішінде жүре аламын. Басқа жаққа қарай жүруге құжат болмай тұр. Ең бірінші жасаған тракторыма да құжат ала алмай қалдым. Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлігімді ашып, тракторымды заңдастырып  қыс мезгілінде жолды қардан тазалауға шықсам ба деген жоспарым бар. Алайда құжаттың жоқтығы кедергі болып тұр. Құжат алуыма септігін тигізсеңдер екен, – деген өтінішін білдірді трактор иесі. Бір сөзбен айтқанда, ол кісі «жүрейін десем құжат жоқ, жүрмейін десем күнкөріс керек» деп тұр.

Хош, сонымен, кісі қызығарлық тамаша «тұлпарға» қажет құжатты қалай аламыз? Теректі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерлан Қазбеновтің айтуынша, техниканың иесі ең алдымен сотқа барып, өтініш жазып, өзінің тракторы екенін нақты айғақтармен дәлелдеуі керек. Ал содан кейін құжат алу шаруасы ҚР ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 6 мамырдағы техникалық инспекция саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарын бекіту туралы бұйрығына сәйкесінше жүзеге асатындығын тілге тиек етті. Аталмыш министрліктің бекіткен бұйрығында көрсетілетін қызметті алушы не оның өкілі жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттар тізбесі бар. Тінін тарқатсақ, машиналарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру үшін заңды және жеке тұлғалар тіркеу пунктіне келіп өтініш жазады. Сонымен қатар өтініш берушінің  жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы және көшірмесі, мекенжай анықтамасы болуы шарт. Егер машинаны тіркеу пунктіне қарап тексеруге алып келуге кедергi болатын объективті мән-жайлар (бұзылып қалуы, габариті және техникалық сипаттамасы мүмкіндік бермеуі) болса, инженер-инспектор жасаған машиналарды техникалық қарап тексеру актісін машинаның тұрған жерi бойынша беруге рұқсат етіледі, бұл орайда мұндай актiнiң жарамдылық мерзімі күнтізбелік отыз күнді құрайтындығын айта кеткен жөн. Сондай-ақ шарттың түпнұсқасы мен көшірмесі, соттың шешiмi немесе меншік құқығын растайтын өзге де құжаттар немесе қарапайым мәміле нысаны, ал шаруа (фермерлік) қожалықтарын қоспағанда, жеке тұлғалар арасында жасалған мәміле жағдайында – қарапайым мәміле нысаны болуы тиіс.

Бір сөзбен айтқанда,  құрастырылған тракторға құжат алу мәселесі тым тереңдеп кетті. Әнебір әншінің «Ақтөбеде жоқ, жоқ, Шымқалада жоқ, жоқ» дегеніндей болды. Мәселен, аудандық ауыл шаруашылық бөлімне бас сұқтық, сотқа жөн сілтеді. Сотқа хабарластық, аудандық полиция бөліміне бағыт берді. Ол бөлім облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына (авто) баруды ұсынды. Қос қақпаның ортасында ала допты теуіп жүрген футболшылар секілді сезіндік. Қаладағы аталмыш орталық айналып келгенде ауыл шаруашылық бөліміне...

Өз өңірімізде жүріп құжат аламын дегеннен гөрі, шет елге виза жасау жеңілірек пе деп ойлайды екенсіз мұндайда. Ал бізге құжат керек қалайда. Алайда енді қай есікті қағамыз?

Самал Жамет,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале