10.07.2019, 16:37
Оқылды: 722

Жымпитыда «Жібек жолы» автокешені ашылды

Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда «Жібек жолы» автокешені ашылды. Жаңа нысанның салтанатты ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

jibek joly (8)

-Жол бойындағы бизнесті дамыту, бәсекелестікті арттырудың маңызы өте жоғары. Себебі осы сала арқылы жүк тасымалын арттырып, қосымша жұмыс орындарын аша аламыз. Елбасы жүктеген тапсырмалардың ішінде республикалық маңызы бар автожолдардың бойында инфрақұрылымды дамыту көзделген. Міне, бүгін біз Жымпитыда нақты мысал көріп отырмыз. Ғимараттың құрылысының сапасы да жақсы. Облыстың жолдарымен жылына 500 мың көлік өтеді. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, экономиканың дамуына септігін тигізуіміз керек,- деген облыс әкімі Ғали Есқалиев жымпитылықтарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

«Жібек жолы» автокешені – Ғанимат Нұрмұхановтың бизнес әлеміндегі жаңа биігі. Самара-Шымкент халықаралық магистралінің бойында орналасқан кешенде жолаушыға қажетті қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Кешеннің бас ғимаратының бірінші қабатында 84 адамға арналған кафе, сәкілі және VIP бөлмелер, екінші қабатта 16 бөлмелі қонақүй орналасқан. Қонақүй бөлмелерінің бағасы - 2500 теңгеден 10 000 теңгеге дейін. Әр бөлме коммуналдық желіге қосылған, заманауи жиһазбен, кондиционермен жабдықталған. Таяу күндері ғимараттың астыңғы қабатынан супермаркет жұмыс жасай бастайды.

jibek joly (7)

Аумағы 2 гектарды алып жатқан кешеннің ауласында 100 жүк машинасы арналған қорғалатын тұрақ, автокөлік жуу, көлік дөңгелектерін ауыстыру, тіпті киім жуу сервистері, заманауи сауна, монша орналасқан. Жаңа нысан іске қосылған бірер аптаның ішінде қазақстандықтардан бөлек, қытай, кәріс, ағылшын азаматтары «Жібек жолына» қонақ болып үлгерген.

Жалпы құны 200 млн. теңгені құрайтын «Жібек жолы» автокешені Ғанимат Нұрмұхановтың жеке қаражатына салынды.

-Жол бойындағы кешендердің қызмет көрсету деңгейінен жолаушылардың аудан, ел туралы пікірі қалыптасады. Сондықтан біздің өзімізге қойып отырған бірінші талабымыз – сапалы сервис. Кешен толық іске қосылған жағдайда 40-тан астам адамды жұмыспен қамтимыз. «Жібек жолы» автокешені бізге өзіміздің шаруашылықтың ет, сүт секілді төл өнімдерін өткізуге мүмкіндік береді. Малдан сапалы өнім алуға да құлықтымыз. Сапасы жақсы, дәрумені мол, қоректік заттарға бай мал азығын қолдан дайындағымыз келеді, - дейді кешеннің басшысы Ғанимат Нұрмұханов.

Ғанимат Нұрмұханов кәсіпкерліктегі алғашқы қадамын аядай дүкеннен бастады. Кейін аудан орталығына жанармай бекетін салды. 2000 жылдары күніне 6 тонна ұн дайындайтын диірменді іске қосты. Ол диірменді тек Сырым ауданының ғана емес, Шыңғырлау, Қаратөбе, тіпті Атырау облысының көршілес аудандарының халқы игілікке пайдаланды.

2010 жылдары Ғанимат Нұрмұханов ауданда алғашқылардың бірі болып мейрамхана бизнесін қолға алды. «Тамаша» мейрамханасы бүгінгі күні жымпитылықтардың екінші шаңырағына айналып кетті десек, артық айтқандық емес. Нұрмұханов мырзаның Мұқайдың өрісін малға, қонысын жанға толтырып, бір ауылды «орнынан тұрғызып алғанын» осы күннің ерлігі деп бағалауға болады. «Жібек жолы» шаруа қожалығы қазіргі таңда асыл тұқымды мал шаруашылығына бет бұрды.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegramарнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале