4.06.2018, 10:10
Оқылды: 47

Жыршы-термеші Мейрамгүл Орашева Қаратөбеде болды

Құрманғазының 200 жылдығына орай жерлес жыршы-термеші, әнші Мейрамгүл Орашева өмірлік жары, өнердегі серігі, күйші Мақсат Тілепберген екеуі гастрольдік сапармен Қаратөбе ауданында болды.

Киелі өңірдегі сапарларында дəстүрлі өнер өкілдері аудан тұрғындарына арнап «Домбыра – жаны қазақтың» атты концерттік кешін ұсынды.

Гастрольдік сапарын Егіндікөл ауылынан бастаған Мейрамгүл Орашева барлық округтерде əн кешін өткізіп, өнерге сусаған ауыл тұрғындарының құлақ құрышын қандырды.

Ауданға сапарларында үш жүзге ән оздырған Мұхит Мерәліұлының, дарынды күйші Ұзақ Мырзабайұлының кесенелеріне барып, бабалар рухына тағзым етіп, құран бағыштады.

Концерттік бағдарламада Мақсат Тілепберген «Аман бол, шешем, аман бол», «Арба соққан», «Ұзақ Ақжелең» күйлерін орындап сахна шымылдығы ашты.

Ұлтымыздың жыраулық өнерін насихаттаудағы ізденісін, шеберлігін дәлелдей білген дәстүрлі ән өнерінің майталманы сахна төріне көтерілген М.Орашеваға аудан халқы құрмет көрсетіп, «Қазақ осы...», «Ана махаббаты» әндерін әуелетті.

Сахна төрінде қара домбыраның шанағынан күміс күй де төгілді.

Дəстүрлі өнердің қос өкілі естелік әңгімелерімен бөлісіп, поэзиядан да тарту жасады.

Жерлесіміз Мейрамгүл Орашева Ақтангерей, Базар, Бұқар жыраулардың термелерін нақышына келтіре орындап көрерменге ой тастады.Сондай-ақ киелі сахнада Ғарифолла Құрманғалиевтің асқақ әндері шырқалып, көрермендер ықыласына бөленді.

Кеш соңында М.Орашева балалықтың бал күніне сағынышын «Мектебім», «Гүлдәурен» əндерімен басқандай болды.

«Ән – көңілдің ажары» демекші, есімдері республикаға танымал атақты өнер адамдарының ауданымызға арнайы ат басын бұруы қаратөбеліктерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Аталған кеште аудандық Мәдениет үйінің өнерпазы Рүстем Ақташев та әндер шырқап халық ықыласына ие болды.

Өнер сапарымен келген өнер иелеріне аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

 Тоты ЕСҚАЙЫРОВА,
Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале