2.05.2020, 23:43
Оқылды: 18

Кәріз суы кеселдің көзіне айналмасын!

 Көктем келіп, күн жылына мал өріске шыққанда Шөптікөл ауылы тұрғындарының бетпе-бет келетін бір мәселесі бар. Ол – кәріз суының ауыл іргесіне төгілуі, орынның дұрыс қоршалмауы ауыл азаматтарының наразылығын тудырып отыр. Төгілген кәріз суын өріске шыққан малдың ішетіндігін айтып редакциямызға келген шөптікөлдік Зинедин Бауен ағамыздың базынасын тыңдап, мәселенің мән-жайын білуге тырыстық.

1C15C651-0C5F-4CE3-B9B2-D4074A0E6DF6

Қаратөбе, Шөптікөл ауылдары тұрғындарының және аудандық аурухананың кәріз суларын төгетін арнайы орын қалаға шығаберіс жолдың оң жақ бетіне белгіленген екен. Шөптікөл ауылынан бірер шақырым жерде орналасқан кәріз суын төгетін жердің сын көтермейтіндігін жеткізген Зинедин ағамыз:

– Қазіргі таңда жер бетінде экологияның бұзылуы ең өзекті мәселеге айналып келеді. Тіпті ауылдық жерлердің өзінде экологиялық ахуал сын көтермейді. Соның бір көрінісі – ауыл іргесінде

орналасқан кәріз суын төгетін орын қоршауының құлап, шұрық-тесік болып жатуы алаңдатады. Сондай-ақ лас суларды көлік жүргізушілері арнайы қоршауға жеткізбей, айналасына төгеді. Өріске шыққан мал ауыл іргесі болған соң сол жерге барып кәріз суын ішеді. Лас суды ішкен ірі қараның сүтін, етін пайдаланған адам ауруға шалдықпасына кім кепіл? – дейді.

Осы орайда қоршаған ортаны қорғау, ауыл экологиясын сақтау, саламатты өмір салтын қолдау мақсатында Зинедин Бауенұлы екі жыл бұрын «Туған жер. Саламатты Өмір» қоғамдық бірлестігін құрып, Әділет басқармасы арқылы заңдастырып, біраз азаматтардың басын қосқан көрінеді.

Зинедин ағамызбен сөйлескеннен кейін кәріз суын төгетін орынға арнайы барып, ол жердің сын көтермейтіндігіне көз жеткіздік. Расымен Шөптікөл ауылы тұрғындарының малы өрістейтін бағыттағы кәріз суын төгетін жердің қоршауы тым аласа және кей жерлері құлап қалған. Су төгуге келген көлік қоршаудың қақпасынан кіре алмасы анық. Ал төгілген лас су қоршау жанындағы ойпаңда көлкіп жатыр.

Су төгетін көліктер лас суды белгіленген жерге жеткізбей, айналасына шашып кететіндіктері көрініп-ақ тұр. Ауыл малы болса сол жердің шөбін жеп, лас суын ішіп жүр екен.

Осы мәселе бойынша қолға алынған жұмыстарды білу мақсатында Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Айдос Әмірғалиға бардық. Ол осы мәселемен шөптікөлдік азаматтардың жолыққанын, мән-жайды білетінін жеткізді. Кәріз суын төгетін орынның барлық талапқа сай құжаттарының бар екендігін, бұдан бұрын да ол жер қоршалғанымен, құмақты жер болғандықтан мал сүйкеніп қоршауды бүлдіретінін алға тартты.

– Аталмыш орынды қоршау үшін аудан бюджетінен қаржы сұратылды. Жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Талапқа сай жұмыстар атқару үшін мердігер мекеме анықталып, орынды қоршайтын болады. Қазіргі карантиндік режим осы жұмыстардың уақтылы жүргізілуіне қолбайлау болып отыр. Ол орынды биылдан қалдырмай қоршау жоспарымызда тұр, – дейді округ әкімі.

       Бұл мәселенің туындауына тұрғындардың да қатысы бар екендігін айтқан Айдос Орынбайұлы, оған жекенің иелігіндегі мал бағымының дұрыс ұйымдастырылмауы сеп болып отырғанын алға тартты. Бағымсыз жүрген мал басы ауған жаққа жайылып, кәріз суын ішетіндігі белгілі. Мал бағымда

болса мұндай мәселе туындамайтынын, иелігіндегі малы үшін ауыл халқы да жауапты екенін жеткізді.

Бұл мәселе дер кезінде қолға алынып, шешімі уақтылы табылса игі. Әйтпесе алды алынбаған мәселенің салдарымен күресу әлдеқайда көп уақыт пен қаржыны талап етуі бек мүмкін.

Серікбай Хасанов

Қаратөбе ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале