Бөкей ордасы ауданы көлемінде қолға алынған құрылыс жұмыстарының қай-қайсысында кідіріс бары көпке аян. Тіпті республикалық, облыстық немесе жергілікті бюджеттен бөлінген ақша болса да, миллиондаған сомаға жоспарланған құрылыс жұмыстары алға баспай жатқаны анық. Бұл туралы аудан басшысының нысан аралаған сапары барысында, облыс басшыларының жұмыс сапарында да айтылып, сын-ескерту беріліп жүр.
Бұл ескертулер республикалық маңызы бар Сайқын-Өнеге тас жолынан бастап, аудан орталығындағы М.Мәметова атындағы мектеп пен аудандық балалар мен жасөспірімдер туризм және экология орталығына қатысты айтылды.
Сынға ұшыраған нысанның бірі – тротуар. Тротуар тақырыбы аудан үнжариясының тұрақты тақырыбы, сериалы болды десе де артық емес. Естеріңізге сала кетсек, жаяу жүргінші жолы газетіміздің «Толғағы» кешіккен тротуар» деген тақырыппен алғаш мәселе боп көтерілді. Т.Масин, Б.Жәнекешев, М.Бегалиева, А.Оразбаева атындағы көшелерге тротуар салу 2019 жылдың мамырында қолға алынып, облыстық бюджеттен қарастырылған қаржының дер кезінде бөлінбеуіне байланысты тоқтатылды. Аудандық тұрғын үй-комуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин қаржыға байланысты кедергі жойылды, нысан құрылысына жауапты мердігер «Каратт Интернешнл Групп» ЖШС берілген жұмысты аяғына дейін жеткізіп орындайтын болады деп жауап берген еді.
Осыдан екі ай бұрын, нақты айтқанда қыркүйекте осы тақырыпқа қайта айналып соқтық. Бұған 2020 жылдың сәуірінде қолға алынады деп жоспарланған жұмыстың уақытынан кешігіп болса да басталуы еді. «Жыр болған тротуар: сең қозғалды, сапа қандай?» атты мақалада 2018 жылы жоспарланып, 2019 жылдың соңына дейін аяқталуы керек құрылыстың кешеуілдеу себебін тағы бір тарқатып өттік. Кешігуге пандемия да айтарлықтай себеп болды. Әлемді шеңгеліне ілген індеттің құрылысты ғана кешеуілдетпей, экономиканы тұралатқаны белгілі. Кешігіп болса да тротуар құрылысы басталды, сең қозғалды. Облыстық бюджеттен бөлінген сома мақсатты игеріліп, жаяу жүргінші жолы салынса болар дестік. Осы мақаламызда құрылыс сапасына да қатысты өз сынымызды айтқан едік. Серіктестік жұмысшылары тротурады бетономешалкамен сол жерде дайындап, құйып жатқанын айтып, қаншалықты талапқа сай деген сауал көтерген едік. Тиісті сала басшылары жұмысты қабылдау актісі тұрғызылып, сараптамаға жолданатынын айтқан еді.
Осылай деп ауыз жинап болғанша, тротуар жұмысы тоқтап та үлгерді десе болады. Бір көшені бітірместен, тротуар құрылысы тәмам болды.
Аудан орталығының көшелеріне тротуар төсеу жұмыстарының тоқтатылу себебін білмек боп, тағы да аудандық тұрғын үй-комуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллинді сөзге тарттық.
– «Каратт Интернешнл групп» ЖШС-ы өз жұмысына жауапкершіліксіз қарады десек болады. Қазіргі таңда атқарылған жұмыс барысы жоспардың 50%-ына да жетпейді. Қаншалықты көз жұмсақ та, әр нәрсенің өз шегі бар емес пе? Белгіленген уақыт мерзіміне сай келмегенімен қоса жалпы жаяу жол төсемесінің өзінің сапасы талапқа да сай емес. осы жайттарды басшылыққа ала отырып, «Каратт Интернешнл групп» ЖШС-ының қызметінен бас тартуды жөн көрдік, - деді мекеме басшысы.
«Жаяу жолсыз қалдық қой» немесе «бөлінген ақшаны далаға шашудан басқа ештеңе білмейді» дейтін жерлестеріміздің сауалына жауап алдық.
– Біріншіден, бөлінген ақшадан бір тиын да ЖШС қалтасына кетпеді. Келісімшарт бойынша бөлінген қаржы атқарылған іске ғана төленеді. Оған қоса, атқарылған істен бөлек ұсынған құрылыс заттары да арнайы тексерістен өтуі қажет. Тек осы шарттарды орындаған сон ақша төленеді. «Каратт Интернешнл групп» ЖШС-ының атқарған жұмыс сапасы да, құрылыс материалдарының сапасы да төмен болды,- дейді Бисенбек Насимоллин.
Тротуар мәселесі әлі де өзекті, күн тәртібінен түспейді. Жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, жаңа мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланады.
Ал облыстан бөлінген ақша уақтылы игерілмегені үшін қайтарылды. Игі іске бөлінген қаржыны уыстан шығарып алғанымыз өкінішті, әрине. Әр нәрсенің қайыры бар десек, қомақты қаржыны сапасыз тротуар құрылысына жаратпағанымыз да дұрыс болған шығар...
Еркебұлан Бисенғалиев,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz