– Елбасымыз Н. Назарбаевтың таяудағы Жолдауында мемлекетіміздің әлемдік тарихи күрделі кезеңдегі даму жолының нақты бағыты көрсетілген. Дүние жүзі дамуының бүкіл ерекшеліктері сараланған және біздің дамуымыздың, тұрақтылығымыздың, өсуіміздің және табысымыздың дәл есептелген, сатыларға бөлінген негіздері белгіленіпті.
Бюджеттік саланың қызметкері ретінде маған мемлекетіміздің жаңа әлеуметтік саясаты тартымды. Әлемдік дағдарыстан туындаған қиыншылық салдарынан экономикамызда болып жатқан іркілісті еңсеруге ұмтылу белсенді әлеуметтік саясатты қамтамасыз етеді. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап, медицина қызметкерінің жалақысы орта есеппен 28, ұстаздың жалақысы 29 пайызға өссе, әлеуметтік салада 40 пайызға көтерілмек.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылғандар және мүгедектерге арналған әлеуметтік төлемді 25 пайызға өсіру көзделуде. Студенттердің де шәкіртақысын көтеру белгіленген. Жалпыға бірдей зейнетақы да құнсыздану деңгейіне байланысты 2 пайызға өсуі тиіс. «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметкердің жалақысы 30 пайызға көтеріледі. Біздің Ұлт көшбасшысы әлеуметтік жағынан әлжуаз топтарға мемлекеттің оларды қорғансыз қалдырмайтынына уәде етті.
Бүгінде тек Жалпыға бірдей еңбек қоғамы ғана тиімді экономиканың шынайы негізі болмақ. 2017 жылдан бастап ел көлемінде теңдесі жоқ жобаға жол ашылады. Ол – жалпыға бірдей кәсіптік-техникалық білім беру. Мұның өзі жұмысшы мамандығының беделін көтереді және халық шаруашылығының барлық саласына жұмысшы кадрларын даярлаудың кепілдігі.
Келесі жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жыл-дығын атап өтеді. Біз өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы дағдарысты ойдағыдай өткердік. Енді 2015-2016 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы стратегияны қолға алдық. Бізде «Нұрлы жол» атты мемлекеттік бағдарлама бар. Біз бес институционалдық жаңғыртуларды жүзеге асыруға арналған «Ұлттың жоспары. 100 нақты қадам» жоспарын орындаудамыз. Бұдан басқа «Қазақстан-2050» стратегиясы бар, сол арқылы біз әлемнің 30 алдыңғы қатарлы экономикасының қатарына енуіміз керек. Қазір біз «Мәңгілік ел» идеясы бойынша ұлы қазақстандық жолмен келеміз. Мемлекет басшысы Жолдауында алда толағай істер күтіп тұрғанын атап көрсетті, бірақ түпкілікті жеңіс біздің қолымызда. Ұлт көшбасшысының бұл сенімділігі біздің жанымызға қанат бітіреді, ел азаматтарын Отанымыздың гүлденуі жолындағы ұлы істерге бағыттайды.