12.02.2021, 13:01
Оқылды: 203

Құлаған бағаналар тұрғызылып, ауылдар жарыққа қосылды

Өткен апта соңындағы жылымық ауа райынан кейін келген аяз біраз елді әбігерге салғаны рас. Әсіресе энергетика саласы қатты зардап шекті. Сымды бойлай қатқан мұз онсыз да тозығы жеткен бағаналарды құлатты. Бәйтерек ауданына қарасты Краснов ауылы маңындағы 64 бағана құлап, төрт бірдей ауылды жарықсыз қалдырды.

бағ1

- Погодаев ауылында 352 үй күн жарым, Котельников ауылында 75 үй екі, Чапурин аулында 7 үй үш күн жарықсыз отырды. Қазір Астафьев ауылына барар жолдағы бағандар жөнделіп жатыр, - дейді округ әкімі Жұмабай Сатаев.

Ауыл әкімінің айтуынша, құлаған 64 бағананың 28-і Погодаев пен Чапурин ауылдары арасында болса, 36 бағана Котельников пен Астафьев арасында екен.

бағ2

Төтенше оқиға орын алған бойда «БатҚазЭЖТК» ЖШС мен аудандық электр желілері торабының арнайы бригадалары келіп, құлаған бағандарды тұрғызуға атсалысқан. Төтенше оқиға салдарын жоюға 12 техника жұмылдырылған. Ауыл әкімі кейбір ауыр техника жете алмайтын қары қалың аймақтарға жол аршу ісін жергілікті кәсіпкер Бейбіт Асанов өз мойнына алғанын айтады. Ол өзінің К-700 тракторын берген. Соның арқасында электриктердің жұмысы жеңілдеп, бағаналарды тұрғызу әлдеқайда жеделдей түскен. Бұдан бөлек Қазбек Гусманов, Рустам Халифаев, Меңжан Мұханжанов, Василий Моргунов сынды кәсіпкерлер де қолдан келген көмегін көрсетуде екен. Бірі электриктерге деп ыстық тамақ әзірлесе, енді бірі техникасын беріп, ауыл маңындағы электр сымдарының үзіледі-ау деген проблемалық аймақтарын аралауға жәрдем берген. Ауыл тұрғындары да ортақ істен шет қалмауда екен.

- Қазіргі таңда құлаған 64 бағананың қалған 20-сын тұрғызуымыз керек. Сол жұмыс бітсе, Астафьев ауылына жарық беріледі. Бұл жұмысты жеделдетуіміз қажет, өйткені ауылға ауыз су беріп тұрған негізгі насостар сол елді мекенде. Бірақ бұл ауыл сусыз отыр деген сөз емес. Қазір тіршілік нәрі ауыл маңындағы қосымша ұңғымадан келіп тұр, - дейді Ж.Сатаев.

Бірнеше күннен бері ауылды жарықпен қамтысақ деп еңбектеніп жүрген арнайы бригадалар жұмыстарын аяқтауға жақын. Оралдан келген жоғары вольтты желі қызметінің мамандары мен аудандық электр торабының қызметшілері аянып жатқан жоқ. Ауыл әкімдігі оларға арнайы бөлме қарастырып, жатын орынмен қамтыған.

бағ3

- Ауыл маңындағы бағаналар құлады деген хабар алысымен жеттік. Біздің бригадада алты, аудандық электр торабының бригадасында сегіз адам бар. Күніне 10-15 бағана тұрғызамыз. Ал сымдарды аудан электриктері жалғайды. Бірер күнде барлық жұмысты аяқтаймыз деген жоспар бар, - дейді жоғары вольтты желі қызметінің мастері Дәурен Аймұханов.

Айта кетейік, аудан әкімінің есептік кездесуінде де ауыл тұрғындары жарықтың жиі өшетінін бірнеше мәрте көтерді. Бұл жайттан хабардар екенін айтқан Марат Лұқпанұлы ауданның электр желілерінің 90 пайызы ескіргенін жеткізіп, мәселені рет-ретімен шешу көзделіп жатқанын атап өтті.

 Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале