Жуырда өңірімізге 30 000 доза көлемінде қытайлық Sinopharm фармокологиялық компаниясының «Vero Cell» вакцинасы (1 компонент – 17 500 доза, 2 компонент – 12 500 доза) жеткізілді. Аталған вакцинаның бірінші компонентін облысымыздың 1 064 тұрғыны алып үлгерген. Бұл вакцинадан тағы 5 000 доза (2 компонентке арналған) әкелінбек. Бұл туралы өткен апта соңында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында айтылды.
– Vero Cell – белсенділігі жойылған, қос дозалы вакцина. Екпе +2 +8 С ауа температурасында сақталады, І және ІІ компоненттер арасындағы интервал 21-28 күнді құрайды. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен қауіпсіз әрі тиімді деп танылған алғашқы қытайлық препарат. Бүгінде әлемнің 45 елінде аталған вакцинамен ересек тұрғындарды егуге рұқсат етілген. Қазіргі таңда Қытайдан бөлек, осы вакцина өндірісіне Біріккен Араб Әмірліктері мен Сербияда рұқсат етілген. Сонымен қатар, Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктері қытайлық Sinopharm фармокологиялық компаниясының белсенділігі жойылған вакцинасын 3-17 жас аралығындағы балаларға да егуге рұқсат етіп отыр, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.
Баспасөз мәслихатында сондай-ақ COVID-19 індетінен облыстың 641 тұрғыны қайтыс болғандығы айтылды. Облыстық жедел жәрдем стансасына соңғы тәулікте (20.08.2021) 895 шақырту түссе, оның 112-сі КВИ бойынша түскен қоңырау екен. Бүгінде 1710 науқас амбулаторлық ем алуда. Науқастардың 79%-ы аурудың жеңіл түріне шалдықса, 8%-ы орташа ауырлықта және 13%-ы симптомсыз түрімен тіркелген. Ал инфекциялық стационарлардағы 109 реанимациялық төсек орында 42 науқас емделуде. 38 науқастың денсаулығы ауыр халде болса, төртеуі аса ауыр халде жатыр екен. Инфекциялық стационарлардағы науқастардың 98 пайыздан астамы бұрын вакцина алмаған.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz