Сырым ауданының орталығы Жымпитыда ауылішілік автожолдардан бөлек, жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың салыну қарқыны жақсы. Осыған дейін халықтың өтініші негізінде Қарасу мөлтекауданындағы Асадуллин және Қ.Сүйірбаев көшелерін орталықтағы С.Датов көшесіне қосатын қос тротуардың құрылысы басталған еді.
Қазіргі таңда Мұхит және Қажымұқан көшелері арқылы Ж.Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп-балабақша, бөбекжай кешеніне дейін жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Құрылыстың құны 7 миллион 390 мың теңгені құрап отыр.
Жымпиты ауылдық округі әкімі Мейрам Қайырғалиевтің айтуынша, жаяу жұргіншілер жолы қыркүйек айының басына дейін салынып бітпек. Демек, Қажымұқан және Мұхит көшелерінде тұратын оқушылар жаңа оқу жылында сүйікті мектептеріне жаңа тротуармен барады.
Кешегі аптада «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау бекетінің мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестің мүшелері жаяу жүргіншілер жолының құрылысымен танысты. Оған дейін бақылау тобы Тоғанас ауылындағы кірме жолдың күрделі жөндеуімен танысып, жол жиектерінің талапқа сай еместігін анықтаған еді. Мердігерлер кемшілікті уақытында түзетті.
Б.Шерім,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz