19.10.2021, 17:35
Оқылды: 50

Сантехник, электрик болғың келе ме?

Бүгінде ауыл тұрмысының күн санап дамығаны соншалық, ауылдағы үйдің қаладағы баспанадан еш айырмашылығы жоқ. Қай үйге бас сұқсаңыз да, салқын су мен ыстық суы қатар келіп тұрған кран, әжетхана, жуынатын бөлме жабдықталған. Тіпті қыстақтарда да осындай жайлы өмірді жасап қойған азаматтар бар. Тек бір әттең-айы осы қолайлы тірлігіңді қамтамасыз етіп, бір тетігі істен шықса жөндейтін кәсіби сантехникті айдан да іздеп таппайсың.

Сантехник электрик болгын келе ме (2)

Естеріңізде болса сонау Кеңес одағы кезінде шыққан «Афония» киносы бар. Л.Куравлев сантехник қызметін бейнелейтін басты рөлді сомдады. Әрине, ол кино комедия болғанмен сол күндердің нақты көріністері еді. Ал бүгінде бұл мамандықтың қадірі артып тұр деуге болады. Сантехник қызметінсіз үй тұрмысын елестету қиын. Үйдегі ванна, құбыр арқылы келіп тұрған су және басқа да қажеттілер осы сантехник қызметі арқылы жүргізіледі  (санузел, уақыт өткен сайын үйге кіріп тұрған су құбыры басқа да қызмет атқаратын құрылғылар істен шығып жатады). Осындайда сантехниктердің «алтын қолдары» қажет етілетіні сөзсіз. Әрине, олардың қызметтеріне қарай алатын еңбектері де тәп-тәуір. Сантехниктер адам ағзасына зиян келтіретін қызметтерді атқарғандықтан, табыстары да жаман емес. Себебі қалаларда сантехник шақыра қалсаң джиппен келіп жүргендерін де байқаймыз. Бұл қаладағы тіршілік. Ал ауылда қалай? Әрине, қазіргі күнде қала мен ауылдың арасындағы алшақтық жойылды деуге болады. Қаладағы сияқты ауылдың әрбір үйіне құбырмен су кіріп, түзге шықпай, қызметтердің барлығы үйдің ішінде атқарылуда. Сондықтан ауылда да сантехник қызметі күнделікті өмірде қажетті. Басқа жерді айтпағанның өзінде аудан орталығы үйлерінің 70 пайызы қалалық типте жабдықталған. Ванна, пайдаланған суды құбыр арқылы жіберу,  душ осы жұмыстарды жөндеп, іске қосатын мамандар ауылда бар ма деген мақсатпен аудандық мемлекеттік коммуналдық шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын директорына жолыққан едік.

Сантехник электрик болгын келе ме (3)

Олар  мекемеде сантехник штаты бар екенін айтты. Әрине, мекеменің бір-екі маманымен халық көп шоғырланған ауылды түгел қамтып отыру мүмкін емес. Бірақ ауылда осы кәсіпті меңгерген адамдар баршылық. Үйдегі санузелді жөндету үшін хабарландыру жасасаң көптеген азаматтар өздерінің ұсыныстарын білдіріп жатады. Олар қызметіне сай еңбектерін де әртүрлі айтады. Дегенмен, қолдарынан іс келетін осындай шеберлердің арнайы мамандығы немесе рұқсат қағаздары бар-жоғын ешкім сұрап та жатпайды.  Бірақ мамандығы болмаса да жасаған қызметтері сапалы болып жататынын айтқанымыз жөн. Дегенмен, кейбір адамдар тарапынан «Күні кеше су құбырын жөндеттім. Басқа да қызметтерді жасатқызып едім сапасы төмен болды, қайтадан істен шықты» деген уәждерді жиі естиміз. Міне, бұл кәсіпке үлкен талап қойылатынын байқаймыз. Осы мәселені айтқанда ауылда сантехникалық қызметтерді мінсіз атқаратын бес аспап мамандардың бар болғаны дұрыс. Бұл – өмірлік қажеттілік.

Екінші бір қозғайтын мәселе – ауылдық жерде электрик мамандарының тапшылығы. Біз сырттан келетін жоғарғы кернеулі электр желісі мамандығы туралы айтып отырғанымыз жоқ, бұл жерде үйдің, ғимараттың  ішкі электр желілерін жөндейтін мамандарды меңзеп отырмыз. Өткенде әлеужеліде облысымыздың көптеген аудандарында электрик мамандарының жоқтығы мәселесі жазылды. Қателеспесек, біздің ауданда сол жағдайды бастан өткізуде. Осы мәселені нақтылау үшін аудандық электр торабының басшысы Айбек Хисметовпен тілдестік.

-Бүгінде мекемеде шағын ғана ұжым жұмыс жасайды. Олардың негізгі міндеті  - электр желісін ғимаратқа немесе үйге жеткізіп беру. Ал ішкі электр желілерін тарту немесе ауыстыру біздің құзырымызға кірмейді, - деді. Осыны ескерсек, үйдің немес ғимараттардың ішкі электр желілерін орнату немесе жөндеу үшін арнайы маман болу керек.  Электр желісінің тұйықталуынан, тозуынан және басқа да жағдайлардан түрлі қайғылы оқиғалар орын алып жатады. Тіпті өрт болып, жинап-тергеннің әп сәтте күлге айналып жатқанын естіп, көріп жүрміз. Бұл - әр ауыл үшін өте маңызды мәселе. Көп адамдар рұқсат қағазы жоқ не электр саласынан хабары жоқ адамдарға үйдің ішкі электр желілерін жөндетіп, ақыр соңында түрлі келеңсіз жағдайларға тап болып жатады. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл үлкен сақтықты қажет ететін қызмет. Бұндай жағдайды болдырмас үшін электрик мамандары ауылда көп болуы қажет. Естіп жүргеніміздей электрик мамандарының еңбекақылары аз. Бұндай еңбекақыға білікті мамандар істемей, басқа қызметке ауысып кететіні түсінікті. Сондықтан арнайы органдар осы жағдайға жан-жақты зерттеп, қорытынды жасауы қажет.

Сөз басында ауылға қажетті екі мамандықты айтып өттік. Бүгінде осы мамандықтар ауылдық жерде өте қат болып тұр. Болашақ мектеп бітіретін жастар немесе жұмыссыз жүрген азаматтар осы мамандықты игеру үшін арнайы оқу орындарынан тәжірибеден өтіп, қызмет жасаса өзіне де, өзгеге де пайдалы болар еді.

Әсем Болат,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале