Таяуда Жаңақала спорт кешенінде аудандық «Jastar» спорт клубының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған 30 жастан жоғары ерлер арасында шағын футболдан ауыл біріншілігі өтті.
Жарыстың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың шеберлік деңгейін жетілдіру, командалар арасында ынтымақтастықты нығайту, аудан көлемінде шағын футбол ойынын кеңінен дамыту.
Жарыстың ашылу салтанатына аудандық әкімдіктің халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Айдар Қаресов, Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайрелов және аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Жанболат Ғұмаров қатысты. Содан кейін көк туымыз желбіреп, әнұранымыз шырқалды.
Жарыс барысында сөз сөйлеген Жаңақала аудандық «Jastar» спорт клубының директоры Ж.Жасқайратұлы жарысқа қатысушы құрамаларға сәттілік тіледі. Шараның ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін Жаңажол ауылдық округі, Көпжасар ауылдық округі, Пятимар ауылдық округі, Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі сондай-ақ Құрдастар құрамаларының ойыншылары дүбірлі доданы бастап кетті. Жарыс нәтижесінде Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі құрамасы жеңімпаз атанды. ІІ орынды Құрдастар құрамасы, ал ІІІ орынды Көпжасар ауылдық округі құрамасы иемденді. Оза шауып, үздік шыққан спортшылар да жүлдеден құр қалмай марапатқа ие болды. Нақтырақ айтсақ, «Үздік ойыншы» аталымы Нұрлан Хамзинге (Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі құрамасы) берілді. Саясат Ихсанов «Үздік шабуылшы» (Көпжасар ауылдық округінің құрамасы) атанса, «Үздік қақпашы» номинациясын Руслан Кушаев (Жаңажол ауылдық округінің құрамасы) еншіледі. «Үздік қорғаушы» аталымын Мейрамбек Масалимов (Құрдастар құрамасы) алды. Жүлделі орын алған командаларға және үздік аталым иелеріне аудандық «Jastar» спорт клубының кубогы, дипломдары, медалдары және сыйлықтары табысталды.
Райхан Амантайқызы,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz