Еңбек күні мен Халықаралық қарттар күні қарсаңында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданында ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен тыл және еңбек ардагері Зұлхарнай Нұрғазиевті, мерейлі 90 жасымен құттықтады.

Тоқсан жыл – бір адамның ғана ғұмыр белесі емес, тұтас бір дәуірдің куәсі.
Тыл ардагері Зұлхарнай Нұрғазиевтің өмір жолы да ел басынан өткерген талай кезеңмен сабақтасып жатыр. Жастайынан еңбекке араласып, ауыл шаруашылығы саласында маңдай терін төккен ардагер туған жердің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосты.
Еңбекті өмірінің басты ұстанымына айналдырған ақсақал ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында абыройлы қызмет атқарып, елдің ырысын еселеуге атсалысты. Еңбекпен өткен жылдар оның бойында туған жерге деген жауапкершілік пен елге қызмет етудің қадірін қалыптастырды.
Кездесу барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев ардагердің өнегелі еңбек жолына тоқталып, ел дамуына үлес қосқан аға буынның еңбегі кейінгі ұрпақ үшін қашанда қымбат екенін атап өтті.
– Сіздер сияқты саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған аға буынның арқасында өңіріміз өсіп-өркендеп келеді. Тоқсанның төріне шыққан мерейлі жасыңыз мағыналы ғұмыр мен қажырлы еңбектің айқын жемісі. Бүгінде де қоршаған ортаны қорғау, туған жерді көркейту ісіне белсенді араласып, кейінгі буынға үлгі көрсетіп келесіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Еңбекпен өрілген өмір жолы бар Зұлхарнай атамыз бүгінде тоқсанның төрінде отырса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлесін қосып келеді. Әсіресе «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы игі істерден шет қалмай, Орал қаласын абаттандыру, көгалдандыру және тал егу жұмыстарына тұрақты қатысып жүр.
"Жасым келді" деп қол қусырып отырмай, елдің ортақ ісіне араласуы кейінгі буынға берер үлкен өнегесі. Қарияның әрбір отырғызған талы табиғатқа жасалған қамқорлық қана емес, келешекке деген сенімнің белгісіндей.
Халқымызда «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сөз бар. Зұлхарнай ақсақалдың ғибратты ғұмыры еңбекпен елге қызмет етудің, туған жерге жанашыр болудың жарқын үлгісі.
Кездесу соңында ардагер облыс әкіміне көрсеткен құрметі үшін ризашылығын білдіріп, өңірде жүзеге асырылып жатқан игі бастамаларға ақжолтай тілегін жеткізді.

Тоқсан жылдық ғұмырдың әр белесінде елмен бірге жасап, еңбекті ту еткен ардагерге көрсетілген бұл құрмет бір адамның мерейтойына ғана емес, барша еңбек адамын, аға буынды ардақтаудың белгісі.
Сара Шакрат
Шыңғырлау ауданы