Орал қаласында дзюдо күресінен «BATYR OPEN CUP – 2026» республикалық турнирі өтті.

Байрақты бәсекеге еліміздің әр өңірінен 1000-ға жуық жас палуан қатысып, бақтарын сынады.
Аталған жарыста Қаратөбе ауданының намысын қорғаған командасы жоғары нәтиже көрсетіп, үш алтын медаль жеңіп алды! Осылайша, шәкірттеріміз ауданымыздың абыройын асқақтатып, ауыл спортының мерейін үстем етті.
Турнирдің қорытындысында 2014–2015 жылы туған ұлдар арасынан 50 келі салмақ дәрежесінен Еленбай Ернұр, 60 келі салмақ бойынша Нәсіпқали Мереке және 2016–2017 жылы дүниеге келген қыздар арасында 27 келі салмақта Аманбай Айару жарыс жеңімпазы атанды.
– Жеңіс тұғырынан көрінген шәкірттерімді шын жүректен құттықтаймын! Бұл жеңіс – тынымсыз еңбектің, табандылықтың, жаттығудағы ізденістің жемісі. Алда алар асуларымыз бен бағындырар белестеріміз көп болсын!
Аталмыш жарысқа қатысуымызға қолдау білдіріп, ауыл балаларының спортына жанашырлық танытқан Көптілеу Әмірғазиев, Үшана ауылының тұрғыны Еркебай Нұрыш ағаларымызға, Қаратөбе балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрқат Есенжанұлына, барша шәкірттерімнің ата-аналарына ерекше алғысымды білдіремін.
Бала спортына жасалған әрбір қолдау – болашақ чемпиондарға жасалған үлкен қадам. Осындай қолдаудың арқасында ауыл балалары үлкен додаларда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрінуде.
Бірлігіміз бекем, ынтымағымыз жарасымды болсын! Жеңісті күндеріміз көп болсын. -дейді жеңімпаз палуандардың бапкері Ертілеу Ерғожин.
Ерболат Райсов,
Қаратөбе ауданы