Жақында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Қадыр аялдамасы» жобасы аясында айтыскер ақын, «Асыл домбыра» иегері Мұрадым Мирлановпен кездесу өтті.

Айтыс сахнасында орамды ойымен, ұтқыр ұйқасымен, қағытпа қалжыңымен көрерменді күлкіге қарық қылатын жәнібектік айтыскер Мұрадым Мирлановты өнері өрге жетелеп жүр. Ол 1987 жылы 6 қазанда Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылдық округінде дүниеге келді. Жастайынан қара домбырасын қолға алып, айтыстарға қатысты, шыңдалды, шың алды. Ол республикалық, халықаралық айтыстардың көшіне ілескен кейінгі толқын болғанымен, ел-жұртты өлең-жырымен тамсандырып, талай бәйгеде топ жарды. 2024 жылы әр айтыскердің арманына айналған «Асыл домбыраны» еншіледі. Жәнібек ауданында мемлекет және қоғам қайраткері Мұстақым Ықсановтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Мұстақым мұрасы» атты республикалық ақындар айтысында да бас жүлдеге ие болды. Айтыс жеңімпазына берілген су жаңа «Гранта» ныспылы көлікті әкесіне тарту етті. Қазіргі кезде айтысқа қоса, әндерге мәтін жазып, өзі де ән шырқап жүр. Төреғали Төреәлінің «Қымыз іштім», «Кавказ қыз» секілді және басқа да танымал әндердің сөзін жазған.
Айтыскермен жүздесу үшін «Қадыр аялдамасына» жыр сүйер оқырман, студенттер келді. Іс-шараны айтыскер ақын Жарқынбек Шынтай жүргізді. Ымырт үйіріле шымылдығын түретін осы жоба әдеттегідей ерекше сипатта өтті. Алдымен кеш кейіпкері жоба шарты негізінде Қадыр Мырза Әлидің өлеңдері мен афоризмдерін мәнеріне келтіре оқып, ақын туралы ел аузында жүрген естеліктерді айтты. Мұрадым Мирланов жастайынан Мэлс Қосымбаев, Бауыржан Халиолла секілді сөз зергерлерінің өнеріне сусындап өскенін тілге тиек етті. Боламын деген баланың бетін қақпай, қайта оны қанаттандырған осы ағалары Мұрадымның қатарынан озып, алды болуына себепкер болған. Кеш иесі ағалар айтқан кеңеске құлақ түріп, көрермен жазған сын-пікірлерді де қаперіне алатынын жеткізді.
– Айтыстағы мақамым турасында көпшілік жиі сұрайды. Осы айтыс стилін жұртшылық аламанға алып келген Мұрадым деп бағалайды. Бірақ бұл айтыста қолтаңбасы бар Шорабек Айдаров, Балғынбек Имашев сынды ағалардан қалған. Кейде әлеужелідегі пікірлерді де шолып өтемін. Көпшілікке өнерім ұнайтыны қуантады. Дегенмен кей көрермен айтыс шумағына орысша сөздер қосқаныма қапаланады екен. Айтыс үнемі мәселе, рухты жырлармен ғана шектелмеуі қажет есептеймін. Тыңдарманды жалықтырмай кей кезде қағытпа қалжың айтылса, ол көңілден шығып жатса еш әбестігі жоқ секілді, – деді ол.
Іс-шарада жас ақын-сазгер Мұрадым Мирлановтың сөзіне жазылған жаңа ән шырқалды. Аутор өзінің нағашы жұрты Ноғай руынан болғандықтан, «Ноғай қыз» деп аталатын туындыны жарыққа шығарыпты. Одан кейін «Қадыр ізімен…», «Аялдамадағы астарлы сөз» ойындары ұйымдастырылды. Мұрадым Мирланов ақын шумағының алдыңғы екі тармағын, афоризмдерін жалғастырып, суырыпсалмалық қабілетін көрсетті. Айтыскерді соңғы кезде өңірде болып жатқан жол-көлік оқиғалары толғандыратын көрінеді. Осы себепті ол «Таксист бауырым» деп аталатын терме шығарғанын айтып, оны орындап берді. Кешке арнайы қатысқан Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімінің алғысхатын табыстады. Мұрадым Мирланов шара соңында Қадыр ақынның есіміне берілген ұжымға алғысын айтып, өлең шумақтарын арнады.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»