23.11.2026, 11:00
Оқылды: 1

Қыста балық аулаудың да өз ережесі бар

Көпшіліктің сүйікті істерінің бірі – қыс мезгілінде балық аулау. Бірақ мұндай демалыс түрі ерекше қауіпсіздікті қажет етеді. Қыс мезгілінде мұзда және су айдындарында жүрудің арнайы қауіпсіздік ережелері бар. Ал бұл тәртіпті бұзу қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін. Сол үшін тиісті нұсқаулықтарды орындаған жөн. Бір адам үшін мұздың қауіпсіз қалыңдығы кемінде 10 см болуы тиіс. Мұз үстінде бұталардың, көпірлер мен ойықтардың жанында жүру өте қауіпті. Берік мұздың түсі мөлдір, көкшіл немесе жасыл реңкті болуы тиіс. Ал түсі сұр, сары мұз жұқа әрі сенімсіз.

Ice fishing on a lake in Norway at sunset.

Фото: istockphoto

Қыста балық аулауға жиналғанда ең алдымен киім мен құрал-сайманға мән берген жөн. Үстіңізде қозғалысқа қолайлы, су өткізбейтін жылы киім, табаны тайғанамайтын аяқ киім және міндетті түрде құтқару кеудешесі болуы шарт. Сондай-ақ өзіңізбен бірге мұздың қалыңдығын тексеретін сүймен, 15-20 метрлік арқан, төтенше жағдайда белгі беретін ысқырық және мұз ойылғанда шығуға көмектесетін арнайы құтқару ілгектерін (немесе бұрағыштарды) алыңыз. Бұдан бөлек, алғашқы көмек қобдишасы, термос және су өткізбейтін қапшыққа салынған ұялы телефон да жаныңыздан табылғаны абзал.

Мұз айдынына жалғыз шықпаңыз, үстінде жүгіріп, секіруге болмайды. Сондай-ақ бір жерден бірнеше ойықты қатар бұрғыламаңыз. Жарылған немесе жұқарған тұстардан аулақ жүріп, ауа райының өзгерісін үнемі бақылауда ұстаңыз. Егер аяқ астынан мұз жарылып, бетіне су шыға бастаса, дереу жағаға қайтыңыз. Мұндай сәтте абдырамай, табаныңызды мұздан  көтермей, сырғыта басып, өзіңіз келген ізбен баяу шегініңіз.

Ал егер мұз ойылып, суға түсіп кетсеңіз қайтпек керек?

Ең бастысы – үрейге бой алдырмаңыз. Су астына кетпеу үшін екі қолыңызды кең жайып, мұздың жиегіне тіреліңіз де, айғайлап немесе ысқырықпен көмекке шақырыңыз. Мұз үстіне өзіңіз келген бағытпен шығуға әрекет жасаңыз. Бұл кезде қолыңыздағы құтқару ілгектерін немесе бұрағыштарды мұзға қадап, денеңізді тартып шығару өте тиімді. Қауіпсіз жерге жеткен бойда су киіміңізді шешіп, құрғақ киім киіңіз де, жылы оранып, ыстық сусын ішіңіз.

Есіңізде болсын, қауіпсіздігіңіз – ең алдымен өз жауапкершілігіңізде. Осы қарапайым ережелерді сақтасаңыз, қысқы балық аулау тек жақсы әсер сыйлайды. Өзіңізге және жақындарыңызға абай болыңыз!

Мақсат Ниязов,

БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале