Өңірде мемлекеттік бюджет кірісін арттыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Салық берешегін азайту мен кәсіпкерлерге қолдау көрсету бағытында қандай шаралар қолға алынған? Осы және өзге де мәселелер жөнінде Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысы Қанат Балтабековпен сұхбаттастық.

– Қанат Жолтайұлы, биыл мемлекеттік бюджетке қанша кіріс түсіру жоспарланды? Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджет кірісі қалай өзгерді? Бұған қандай факторлар әсер етті?
– Биыл облыста мемлекеттік бюджетке шамамен 500 млрд теңге түсім түсіру жоспарланды. Алайда өткен 9 айдың қорытындысы бойынша түсім көлемі жоспардан төмен болды: 357 млрд теңге түсті. Оның ішінде республикалық бюджетке – 204,1 млрд теңге, жергілікті бюджетке 153,6 млрд теңге бағытталды. Осы кезеңге белгіленген 384,8 млрд теңге түсім түсіру жоспары 93%-ға орындалды. Жоспардан ауытқу 27,1 млрд теңге шамасында болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке түсетін кірістер 13,6%-ға төмендеді. Бұған бірқатар фактор әсер етті. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздің салық және бюджет заңнамаларына өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар экономикалық және геосаяси жағдайлар да бюджет түсімдерінің динамикасына ықпал етті. Өйткені Қазақстан – әлемдік экономиканың бір бөлшегі.
– Облыс қазынасын толықтыруда қай салық түрлерінің үлесі басым? Кіріс көлемін арттырудың қандай мүмкіндіктері бар?
– Өңірдің салықтық түсімдерінде республикалық бюджетке түсетін корпоративтік табыс салығының үлесі жоғары. Оның шамасы – 36%. Одан кейінгі орында жергілікті бюджетке түсетін әлеуметтік салық пен жеке табыс салығы тұр. Бұл салық түрлерінің әрқайсысының үлесі 16%-ды құрайды. Салықтық түсімдерді арттыру үшін салықтық және кедендік әкімшілендіру сапасын жақсарту, жасырын салық базасын анықтау, берешекті қысқарту бағытында жұмыстанудамыз. Сонымен қатар төленбеген салықты өндіріп алу және жаңа субъектілерді салық айналымына тарту да маңызды.
Бюджет түсімдерін ұлғайту мақсатында мемлекеттік кірістер құрылымдары қосымша резервтер мен пайдаланылмаған салықтық әлеуетті анықтау бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылды. Салық төлемдерінің динамикасы, өткізу айналымы, салық төлеушілердің қаржылық көрсеткіштері мен салық есептілігі талданады. Сонымен қатар электрондық шот-фактуралардағы деректер мәлімделген салық міндеттемелерімен салыстырылады.
Әсіресе салық төлемдері төмендеген кәсіпкерлерге және түсім көлемін арттыру мүмкіндігі бар бағыттарға назар аударылады. Анықталған ауытқулар бойынша салық төлеушілермен жұмыс жүргізіліп, түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылады. Басты мақсат – салық міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің қолда бар салықтық әлеуетін барынша тиімді пайдалануымыз керек.
– Салық берешегінің қазіргі көлемі қанша? Оны өтеу үшін қандай шаралар қолданылуда?
– 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Батыс Қазақстан облысындағы салықтық берешек 6 млрд 311 млн теңгені құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2026 жылғы 1 қаңтарда бұл көрсеткіш 4 млрд 911 млн теңге шамасында болды. Салықтық берешекті өтеу үшін заңнамада көзделген мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылады. Борышкерлерге берешекті өтеу туралы хабарламалар жолданады, мүлікті пайдалануға шектеу қойылады, банктік шоттардағы қаражат есебінен қарыз өндіріп алынады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 186-бабына сәйкес борышкердің дебиторларынан ақша қаражаты есебінен берешекті өндіріп алу шаралары қарастырылған. Егер өндіріп алынған қаражат қарызды толық өтеуге жеткіліксіз болса, мүлікті тізімдеу және өткізу сияқты қосымша шаралар қолданылады.
Бұдан басқа салық төлеушілерге салықтық міндеттемелерді орындауды кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Берешек шамасы 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін болған жағдайда кепілсіз, ал одан асқан кезде кепіл ұсыну арқылы кейінге қалдырылады немесе бөліп төлеуге болады.
– Қанат Жолтайұлы, кәсіпкерлерге салықтық амнистия аясында қандай жеңілдіктер берілді? Оның нәтижесі қандай?
– Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 13 ақпандағы «Өсімпұлдар мен айыппұлдар сомасын есептен шығару қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы шықты. Онда микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша есепте тұрған, 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 наурыз аралығында негізгі берешек толық өтелген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығару жүктелді. Бұл шара кәсіпкерлерге шаруасын «таза парақтан» бастауға мүмкіндік береді. Түсінікті тілмен айтсақ, бизнес өкілдері өсімпұл мен айыппұлдан босатылып, банк шоттары бұғаттан шығарылады. Олардың мүлкіне қойылған шектеу алынып, заңды қызметін кедергісіз жалғастыруға жол ашамыз. Қайталап айтайын, бұл мүмкіндік негізгі салық берешегін көрсетілген мерзімде өтеген кәсіпкерлерге ғана қатысты қолданылады.
Облыс бойынша аталған науқанға 1 669 салық төлеуші 2 638 бюджеттік сыныптама коды бойынша енгізілді. Негізгі салық берешегі толық өтелген жағдайда есептен шығарылуы мүмкін өсімпұл мен айыппұлдың жалпы сомасы 1 млрд 709,8 млн теңгені құрады. Оның ішінде өсімпұл – 1 млрд 508 млн теңге, айыппұл 201,9 млн теңге болды.
Науқан қорытындысы бойынша негізгі салық берешегінің нақты өтелуіне байланысты 510 салық төлеуші бойынша 685 бюджеттік сыныптама коды аясында жалпы сомасы 283 млн теңгенің өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылды. Оның ішінде өсімпұл – 219 млн теңге, айыппұл шамасы 64 млн теңгені құрады.
– Салықтық әкімшілендірудің цифрландырылуы бюджет кірісін арттыруға және көлеңкелі айналымды анықтауға қаншалықты ықпал етеді?
– Цифрландыру салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Заманауи ақпараттық жүйелер салықтық деректерді аутоматты түрде талдауға, есептіліктегі сәйкессіздіктерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жалған мәмілелердің белгілерін айқындауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға көмектеседі. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялауға, электронды сервистерді дамытуға мән-маңыз берілуде. Сонымен қатар салықтық тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге және құқықбұзушылықтарды анықтау үшін аналитикалық құралдарды қолдануға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Соның нәтижесінде қаржылық операциялардың ашықтығы артып, кірістерді жасыру деректері азаюда. Осының барлығы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тең жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл ретте басты басымдық тек құқықбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, олардың алдын алуға, салықтық рәсімдерді оңайлатуға беріледі. Бастысы, адал кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуге күш салынады.
– Мемлекеттік бюджет кірісін толықтыру, салықтық әлеуетті тиімді пайдалану және көлеңкелі экономикамен күрес өңірдің экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Көлеңкелі экономикамен күресте қандай бағыттарға ерекше назар аударылады?
– Мемлекеттік кірістер құрылымдары ақпараттық жүйелерді талдау, камералдық және салықтық бақылау жүргізу, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік құрылымдармен өзара үйлесімді жұмыс істейді. Салық төлеуден жалтару тәуекелі жоғары бағыттардың бірі – мемлекеттік сатып алу саласындағы құрылыс жобалары. Онда бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жобаларға қомақты қаржы бөлінеді, құрылыс жобаның бас мердігерлері мен қосалқы мердігерлері тізбегі арқылы орындалады. Негізгі тәуекелдер құрылыс жұмыстары мен материалдардың құнын негізсіз көтеруге, құжаттарда көрсетілген жұмыс көлемдерінің нақты орындалған жұмыстарға сәйкес келмеуіне байланысты туындайды. Мысалы, пайдаланылған материалдардың немесе орындалған жұмыстардың көлемі құжаттамада нақты іс жүзіндегі көрсеткіштерден артық көрсетілуі мүмкін. Қосалқы мердігерлердің қызметіне де назар аудару қажет. Мемлекеттік келісімшартты алған компания жұмыстың бір бөлігін басқа ұйымдарға беруі ықтимал. Сондықтан бас мердігермен қатар бүкіл қосалқы мердігерлер тізбегінің қызметін бақылаған дұрыс. Тағы бір мәселе – бейресми жұмыспен қамту. Құрылыс саласындағы кейбір жұмысшылар ресми түрде жұмысқа орналастырылмайды. Олардың нақты жалақысы есептілікте көрсетілген сомадан жоғары болуы ықтимал. Мұндайжағдайлар салықтар мен әлеуметтік төлемдердің азаюына әкеледі.
Осы тәуекелдерді төмендету үшін мемлекеттік сатып алудың барлық тізбегі бойынша бақылауды күшейтуіміз қажет. Келісімшарт құнын, орындалған жұмыстардың көлемін, материалдардың сатып алынуын, жұмыскерлер санын және қатысушылардың салықтық есептілігін өзара салыстырған жөн.
– Қанат Жолтайұлы, кәсіпкерлер салықтық әкім-шілендіруге қатысты қандай мәселелерді жиі көтереді? Оларға түсіндіру жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Кәсіпкерлерді көбінесе салық заңнамасын қолдану, салық режімін таңдау, салықтарды есептеу және төлеу, есептілікті ұсыну мәселелері толғандырады. Ақпараттық жүйелердің жұмысы, салықтық тексерулер мен берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына қатысты сұрақтар қояды. Жаңа Салық кодексінің енгізілуіне және бизнестің өзгерістерге бейімделу қажеттілігіне байланысты бұл мәселелер ерекше өзекті болып отырғаны рас. Мемлекеттік кірістер құрылымдары мен бизнес арасындағы өзара түсіністікті арттыру үшін кәсіпкерлермен кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. Іс-шаралардың барысында мамандар өзекті сұрақтарға жауап беріп, туындаған мәселелерді қарастырады. Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-қоғамдастықтармен бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Цифрлық сервистер жетілдіріліп, кеңес алу және кері байланыс орнату мүмкіндіктері кеңейтілуде. Негізгі міндет – мемлекет пен бизнес арасында ашық әрі сындарлы диалог орнату, салықтық талаптардың түсінікті болуын қамтамасыз ету және кәсіпкерлік қызметті адал жүргізуге қолайлы жағдай жасау міндетіміз.
– Соңғы сұрақ: жыл соңына дейін бюджет кірісін қамтамасыз ету үшін департаменттің алдында қандай міндеттер тұр?
– Айтуыңыз орынды. Департаменттің жұмысы бюджетке түсетін кірістердің тұрақты әрі толық түсуін қамтамасыз етуге бағытталады. Негізгі басымдық қосымша түсім көздерін анықтауға, салықтық берешекті қысқартуға беріледі. Кірістерді декларациялауды қамтамасыз етуге және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға баса көңіл бөлінеді. Бюджет кірісін толықтыру үшін қолда бар салықтық әлеуетті тиімді пайдалану, салық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету және салықтық бақылау сапасын арттыру жұмыстары жалғасады.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Гүлбаршын Әжігереева,
«Орал өңірі»