Ақсай қаласында Бөрлі аудандық прокуратурасының жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. 6 желтоқсан – Прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткен салтанатты рәсімге аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.

Облыс әкімі жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, прокуратура органдарының заң үстемдігін қамтамасыз етудегі, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызын атап өтті.

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруды басты міндеттердің бірі ретінде айқындады. Әділетті қоғам қалыптастырудың негізі – заңның мүлтіксіз сақталуы және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі. Жаңа ғимарат прокуратура қызметкерлерінің тиімді жұмыс істеуіне, тұрғындардың өтініштерін сапалы қарауға және халыққа көрсетілетін қызметтің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Нариман Төреғалиев.

Заманауи талаптарға сай салынған қос қабатты нысан прокуратура қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартып, өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы атқаруына мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі мен іс-шараға қатысушылар жаңа ғимараттың ауласында шырша көшеттерін отырғызды.
БҚО әкімінің баспасөз қызметі