Жаңақала ауданы әкімдігінде «Халық Банк» АҚ өкілінің қатысуымен кәсіпкерлерге арналған кездесу ұйымдастырылды.

Жиын барысында несие алу мүмкіндіктері, кәсіпкерлікті қаржыландыру шарттары және банк ұсынатын тиімді бағдарламалар бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге өз ісін дамытуға немесе жаңадан кәсіп бастауға қаржылай қолдау алуды жоспарлап жүрген азаматтар мен қызығушылық танытқан кәсіпкерлер қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
- Біз негізінен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, бірнеше мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс істейміз. Олардың қатарында «Өрлеу», «Іскер аймақ» және «Ішкі сауда» (Внутренняя торговля) бағдарламалары бар. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасының мөлшерлемесі — 12,6%. Ол негізінен өндіріс саласына, сондай-ақ жүк тасымалы, қонақүй бизнесі және туризм бағыттарына қолдау көрсетеді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасында жалпы мөлшерлеме 19,75%-ды құрайды, оның 12,6%-ын кәсіпкер өзі төлейді, қалған айырмасын «Даму» қоры субсидиялайды. Дәл осындай талаптар «Ішкі сауда» бағдарламасына да тән. Бұл бағытта дүкен ашуға, сауда нысанын салуға немесе айналым қаражатын толықтыруға несие беріледі. Жалпы мөлшерлеме – 19,75%, оның 12,6%-ын клиент төлеп, қалған бөлігін 5 жылға дейін «Даму» қоры субсидиялап отырады. Сонымен қатар өзіміздің коммерциялық бағдарламаларымыз да бар, олардың мөлшерлемесі 22-24% шамасында. Мемлекеттік бағдарлама шеңберіне кірмейтіндіктен, бұл бағытта бизнестің кез келген түрі бойынша инвестициялық мақсатқа да, айналым қаражатын толықтыруға да несие рәсімдеуге болады. Тағы бір айта кетерлігі, көптеген банктен ерекшелігі – біздің банк аудандар мен ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүліктерді кепілге қабылдайды. Тек кепілге қойылатын ғимараттар мен тұрғын үйлер тастан салынған болуы шарт, ал саман мен қаңқалы-қалқанды үйлер қабылданбайды, - деді «Халық Банк» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының шағын және орта бизнесті дамыту бөлімінің бас менеджері Мирас Жасұланов.
Кездесуге өз ісін дамытуға немесе жаңадан кәсіп бастауға қаржылай қолдау алуды жоспарлап жүрген азаматтар мен қызығушылық танытқан кәсіпкерлер қатысып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алды.
Райхан Хамзина,
Жаңақала ауданы