24.11.2026, 12:55
Оқылды: 0

Қобыздың қоңыр үніндегі күзгі сыр

Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармониясының Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің қобызшысы, республикалық байқаулардың лауреаты Мөлдір Жалмұханбетованың «Күзгі әуен» атты жеке концерті өтіп, көрерменге ерекше рухани кеш сыйлады.

IMG_0023

А.Н.Островский атындағы драма театрының сахнасында өткен әсем кеште ұлттық өнердің терең тамыры мен заманауи музыканың тынысы тоғысып, қобыздың қоңыр сарыны көрермен жүрегіне жол тартты.

IMG_0031

Кеш барысында Мөлдір Жалмұханбетова өзінің орындаушылық шеберлігін, шығармашылық ізденісін және ұлттық аспаптың сан қырлы мүмкіндігін айшықтап, өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады. Қылқобыздың мұңлы да сырлы үні бірде тарих қойнауына жетелесе, бірде жүректің нәзік пернелерін тербеді.

IMG_0022

Жеке концерттің көркемдік бояуын Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуі айшықтай түсті. Сондай-ақ сахна төрінде өнер иесіне белгілі музыканттар мен өнерпаздар қосылып, кештің мазмұнын байыта түсті.

IMG_0030

Концертке оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жарас Сатыбалдиев пен ҚР Мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиев дирижерлік етті.

IMG_0028

Кештің көркін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саян Ақмолда, Алматы қаласынан арнайы келген қобызшы-күйші Мақпал Манасбаева, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, ҚР Мәдениет саласының үздіктері Тарас Жауынбаев пен өзге де өнерпаздар аша түсті. «Атамекен» халық биі ансамблінің өнері де кештің ажарын кіргізді.

IMG_0029

Кеш қонақтары Саян Ақмолда мен Мақпал Манасбаеваға филармония директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сауия Темирова ұжым атынан Алғыс хат пен Ақпарат және жарнамалық қамтамасыз ету бөлімінің өндірістік цехынан дайындалған арнайы кәдесыйды тарту етті.

IMG_0032

Мөлдір Аханқызының әулеті атынан М.Мерәліұлының, Ғ.Құрманғалиевтің әндерін насихаттаушы, дәстүрлі әнші, мәдениет майталманы Мұхамбет Мамықов кешті ұйымдастырған филармония ұжымына, залдағы тыңдарманға алғыс білдіріп, кеш иесіне Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязовтың Алғыс хаты мен естелік сыйлықты табыстады.

 

Айжан Бауыржанқызы

ҚР Журналистер Одағының мүшесі

 IMG_0020 IMG_0025  IMG_0033

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале