Грекияның Олимпия қаласында муайтайдан өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы 6-16 қараша күндері өткен осы спорттық сында 49 медаль жеңіп алып, жалпы есепте үшінші орынды иеленді. Жүлдегерлердің алтауы – Ақ Жайық өңірінің спортшылары.

Сайыс қорытындысы бойынша жерлестеріміз жоғары нәтиже көрсетіп, қоржынға 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль салды. Атап айтқанда, Сердар Кенжалиев алтын медаль иеленіп, осы жеңісі нәтижесінде тай бокстан екі дүркін әлем шемпионы атанды. Күміс жүлдеге Алан Багаутдинов пен Надир Каюбов қол жеткізсе, София Ребикова, Никита Никуленко және Руслан Райымқұлов қола медальді қанжығалады. Ал Әмір Бижан Special Muay Thai санатында өнер көрсетті.
Күні кеше елге оралған жас спортшыларды туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт саласының өкілдері Орал қаласындағы М. Мәметова атындағы халықаралық әуежайдан салтанатпен қарсы алды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, муайтайдан әлем шемпионы атанған Сердар Кенжалиев осы додада үш бірдей жекпе-жекке шыққан. Алғашқы бәсекеде Ливия, Беларусь спортшыларынан басым түссе, финалда тайландтық қарсыласын есеңгіреткен. Муайтай жаттықтырушы-оқытушысы Тимур Ешев бұл додаға әлемнің 80-ге жуық елінен 1700 спортшы қатысқанын айтты. Ол сайысқа өзі дайындаған жас спортшылар сенім үдесінен шығып, тынымсыз дайындық пен төккен тер ақталғанын да сөзіне өзек етті.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»