24.11.2026, 17:30
Оқылды: 0

Жолдау жүктеген міндеттер: өңірдің даму бағдары

Облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен сұхбат

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміздің алдағы даму бағыттарын айқындап, экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік саланы дамыту және халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты маңызды міндеттер жүктеді. Бұл міндеттер өңірлердің дамуында да айрықша маңызға ие.

Ақ Жайық өңірінде Президент тапсырмаларының орындалуы қалай жүзеге асырылып жатыр? Облыстың  әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістер мен өзекті мәселелер қандай? Осы және басқа да тақырыптар төңірегінде «AQJAIYQ» телеарнасына облыс әкімі Нариман Төреғалиев сұхбат берді.

DSC05115

– Нариман Төреғалиұлы,Мемлекет басшысы Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және отандық өндірісті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды. Әлемде инвестиция үшін бәсекелестік күшейген кезеңде өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Ең алдымен, өңір тұрғындарын ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтаймын! Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастамашы болған, халық қолдаған жаңа Конституция заңды күшіне енді. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі жаңғырып, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де артып келеді. Мұның бәрі – тәу етер Тәуелсіздіктің, бірлік пен жасампаздықтың жемісі. Қасиетті де мерейлі мереке қарсаңында әр отбасыға амандық, бақ-береке тілеймін.

Президент Жолдауында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестиция тарту және отандық өндірісті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Облыста өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі соңғы төрт жылда 1 316,7 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылдың 10 айында 309,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға артты. Өңірде инвесторлар үшін барлық жағдай жасалуда. Соңғы төрт жылда облыстың негізгі капиталына шамамен 2,8 трлн теңге инвестиция тартылды. Тұрақты оң динамика байқалады: 2022-2025 жылдары жыл сайынғы өсім орта есеппен 14,5%-ды құрады. Оның ішінде жеке инвестициялар 2,2 трлн теңгеге жетті.

2025 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 893,4 млрд теңгеге жетті. Ал 2026 жылдың 10 айында бұл көрсеткіш 626,7 млрд теңге болды. Салым өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артты.

Мұндай көрсеткіш инвестиция тарту бойынша қойылған міндеттердің тиянақты орындалып жатқанын көрсетеді. 2026 жылдың 10 айында жеке инвестициялар үлесі 92,7%-ға жетіп, 581,4 млрд теңгені құрады. Соңғы төрт жыл ішінде 10,4 млрд АҚШ долларынан астам сомаға тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Бұл ретте облыс Қазақстан өңірлерінің арасында алдыңғы қатарда келеді.

Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа аясында отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 3 трлн теңгеден жоғары 100-ден астам жоба іске асырылуда. Ірі жобалардың ішінен Қарашығанақты кеңейту жобасын, Сәтимола кен орнында құны 1,5 трлн теңге болатын калий тыңайтқыштарын өндіру жобасын атап өтуге болады. «ЖайықПетролеум» ЖШС қытайлық инвестордың қатысуымен жылына 130 мың тонна метанол өндіретін газ-химия кешенінің құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны – 78 млрд теңге. Облыста инвестиция көлемін одан әрі ұлғайту үшін Теректі ауданының Пойма ауылында индустриялық аймақ құрылды. Осы аймақ аумағында «КАЗКОМСЕРВИС» ЖШС сағатына 240 тонна өнім шығаратын асфальт-бетон зауытын іске қосты. Жобаның құны – 2,6 млрд теңге. 60 жұмыс орны ашылды. Индустриялық аймақ аумағында өз өндірісін ашуды жоспарлап отырған басқа да әлеуетті инвесторлар бар. Қазіргі кезде бұл аймаққа арнайы экономикалық аймақ мәртебесін беру жұмысы жүргізілуде. Мұндай мәртебе беру өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсуін қамтамасыз етуге, инвесторларды тартуға жағдай жасауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және салық салынатын базаны ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 52 мың бірлікті құрады. Осы салаға 2023-2026 жылдары жергілікті бюджеттен 8 млрд теңге бөлініп, 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 118 мың адамға жетті. Өндірген өнімдерінің көлемі 1,5 трлн теңгені құрады. Өңірлік өнім құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 37,1%-ға жетті.

– Кейінгі төрт жылға жуық уақытта облыста 132 әлеуметтік нысан салынып, пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Әсіресе ауылдық елді мекендерге ерекше назар аударылып отыр. Осы бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғаса ма?

– Иә, 2023-2026 жылдары 150 млрд теңгеге 132 әлеуметтік нысан салып, пайдалануға бердік. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 50 медициналық нысан, сондай-ақ Теректі ауылында аудандық емхана, Қоржын және Оян ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. Қазталов және Бөрлі аудандарында ауданаралық орталық ауруханалардың құрылысы жүріп жатыр. 38 мектепті пайдалануға бердік, оның 9-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Ауылдарда 25 шағын жинақты мектеп салынды. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасады. 24 спорт нысаны салынды. Өздеріңізге белгілі, қазір барлық аудан орталықтары мен бірқатар ірі елді мекенде дене шынықтыру және спорт кешендері бой көтерді. Енді заманауи спорттық нысандарды шағын елді мекендерде салуға басымдық береміз. 17 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Оның сыртында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 25 ауылдық кітапхана жаңғыртылды. Төрт жылға жуық уақытта 7 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Оның 3 мыңдайы ауылдық елді мекендерде салынды. Биыл бірінші рет жалғыз үйі ресми түрде апатты деп танылған отбасыларды баспанамен қамтыдық.

– Нариман Төреғалиұлы, Мемлекет басшысының Жолдауында жұртшылықтың назарын аударған бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы. Осы бағдарлама аясында өңірде салынатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар тізімі нақтыланды ма? Таяу уақытта қандай жобалар жүзеге асырылады?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауында құрылыс саласын дамытудың маңыздылығына тоқталып, 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Алдағы жоспарымызда «Ақжайық» шағынауданында 550 орындық көпбейінді аурухана мен 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы бар. «Толық бітіріп беретін құрылыс» тетігімен «Ақжайық» шағынауданында Оқушылар шығармашылық орталығының құрылысы басталды. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының қаражаты есебінен Ақсай қаласында Оқушылар және жастар сарайының құрылысы жүзеге асырылуда.

2027 жылы 10 нысан (6 мыңға жуық оқушыға арналған 8 мектеп, лагерь) құрылысын бастау жоспарланды. Алдағы жылы Круглоозерный ауылында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жаңа жатын және тұрмыстық корпус салынады. «Ақжайық» шағынауданында үстел теннисі орталығы құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы жылы 12 мың көрермен орындығы бар стадион құрылысы және де «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры есебінен Ақжайық ауданында екі спорт зал құрылысы жоспарлануда. Бәйтерек ауданында екі мәдениет үйінің құрылысы аяқталуда. Ал 2027 жылы шағынауданда мемлекеттік архив пен тарихи-өлкетану музейі ғимаратын және «Жайық қалашығы» тарихи-мәдени музей-қорығының визит-орталығын салу үшін жобалау жұмысы жүргізіледі.

– Президент Жолдауында барлық деңгейдегі жолдарды салу мен жөндеуге қатысты маңызды міндеттер қойылды. Бұл тақырып біздің өңір үшін де өзекті. Соңғы жылдары көліклогистика саласында да серпін байқалады. Осы бағытта қандай жұмыс атқарылды?

– 2023-2026 жылдары 282,5 млрд теңгеге 1 763,2 шақырым аутокөлік жолы жөндеуден өтті. Облыс орталығын үш оңтүстік ауданмен байланыстыратын ұзындығы 245 шақырым аутожол жөнделді. «Подстепный – Федоровка – Ресей Федерациясының шекарасы» республикалық жолының 144 шақырым учаскесін қайта жаңарту аяқталды. Подстепный, Пойма және Приурал ауылдарының маңында үш көлік айрығы салынды. 59 ауылға жалпы ұзындығы 575 шақырым болатын кіреберіс жол жөнделді. Екі теміржол вокзалы жаңғыртылып, тағы екеуі жаңадан салынды. «Сырым» және «Ақсай» өткізу бекеттері жаңғыртылды. «Ақжайық» шағынауданында ішкі көше жолдарын көпір өткелімен қоса салу жобасы жүзеге асырылуда. «Мақат – Орал» теміржол желісі перспективалы жобалар тізіміне енді.

– Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Сіз ветеринариялық инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға басымдық беріп келесіз. Өңір халқын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?

– Расында, өңір экономикасының өсімін ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығынсыз елестету мүмкін емес. Соңғы төрт жылда ірі қара мал басы 39%-ға өсіп, бұл күндері 1 082 мың басты құрады.

Облыс етті бағыттағы ірі қара саны бойынша республикада бірінші орында. Барлық етті бағыттағы малдың 43%-ы біздің өңірде шоғырланған. Біз өзімізді ет және ет өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Алайда сүт және сүт өнімдерінде импортқа тәуелділік бар. Осы мәселені реттеу үшін өндірістік тауарлы сүт фермаларын салуға кірістік. 2023 жылға дейін бір ғана тауарлы сүт фермасы болса, қазір олардың саны алтыға жетті. Басты нәтиже – өңір халқын сүт өнімдерімен қамтамасыз ету деңгейін 22,3%-дан 39%-ға жеткізу.

Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мәселесі назарымызда. Бір ғана мысал, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы өңір тұрғындары ҚПО-ға 1,2 млрд теңгенің өнімін өткізді. Түрлі саланың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 1 мыңға жуық арнайы техника алынды. Оның 149-ы ветеринария саласына берілді. Ауылдарда мал қорымдары мен ветеринариялық нысандар салынды.

– Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда су ресурстарының маңызы зор. Жылдар бойы қараусыз қалған гидротехникалық нысандар теңгерімге алынып, бір жүйеге түсіп, жаңғыртылып жатыр. Су инфрақұрылымын дамыту бағытында қандай шаруалар қолға алынды?

– Өңірде 160 гидротехникалық құрылыс бар. Оның ішінде жалпы сыйымдылығы 669 млн текше метрді құрайтын 39 су қоймасы, жалпы ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын 59 канал бар. Коммуналдық меншіктегі 25 гидротехникалық құрылыстың 20-сының техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген Покатиловка, Ұзынкөл, Жаңа Өмір және Кемер су қоймаларын қайта жаңғырту үшін республикалық меншікке берілді. 2023-2026 жылдары жалпы ұзындығы 453 км каналда механикалық тазарту жүргізілді. Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы және Орал қаласы тұсында Жайық өзенін бекіту жұмыстары Азынабай – Тайпақ каналын, Киров және Чиров су қоймаларын қайта құру жобалары аяқталды. 2024 жылы «Батысирригация» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылды. 2023-2026 жылдары тұрақты суармалы жерлердің көлемі 9 мың гектардан 13,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Ал су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы суарылатын жерлер 7,9 мың гектардан 12,8 мың гектарға артты.

– Нариман Төреғалиұлы, соңғы жылдары стратегиялық нысандардың жай-күйіне назар аударылып, энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға көңіл бөлінуде. Аталған инфрақұрылымдардың тозу деңгейі қаншалықты төмендеді? Мемлекет басшысы Жолдауында энергия көздерінің жеткілікті болуы мемлекеттің бәсекеге қабілетін, тіпті экономикалық дербестігін айқындайтынын атап өтті. Осы тұрғыда көрші елге энергетикалық тәуелділіктен қашан  арыламыз?

– 2023-2026 жылдары жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 27,9 млрд теңге болатын 12 нысан және 27,1 шақырым жылу желісі жөнделді. Соның нәтижесінде жылу желісінің тозуы 43,1%-дан 39,5%-ға, ЖЭО жабдықтарының тозуы 89%-дан 83%-ға дейін төмендеді.

2023-2026 жылдары сумен жабдықтау және су бұру саласында жалпы құны 36,7 млрд теңгені құрайтын 9 нысан және 29,5 шақырым желі жөнделді. Нәтижесінде сумен жабдықтау желісінің тозуы 61-ден 57,8%-ға, су бұрумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 63-тен 60,3%-ға төмендеді.

2023-2025 жылдары жалпы құны 19,7 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 399 шақырым электр желісі және екі қосалқы станса салынды, жаңартылды. 2025 жылы Орал жылу электр орталығында жалпы құны 3,2 млрд теңгеге №1 турбоагрегат ауыстырылып, стансаның электр қуаты 12 МВт-қа ұлғайды. Құны 1,6 млрд теңге болатын «Hitachi» газтурбиналық қондырғысына күрделі жөндеу жүргізілді. Жәнібек ауданының Өнеге ауылында құны 2,5 млрд теңге болатын 4,9 МВт аралас электр стансаның құрылысы аяқталды. Орал қаласында жалпы құны 21 млрд теңге болатын 50 МВт жел электр стансаның жобасы іске асырылуда.

2023-2026 жылдар аралығында 156 елді мекенде электр желісі қайта жаңартылды, қалған елді мекендерде күрделі жөндеу жүргізілді. Сонда жүргізілген және жоспарланбаған жобаларды ескерсек, жалпы ұзындығы 8037,47 шақырым желіде жұмыстар орындалды. Сонымен қатар 867 жинақтық трансформаторлық қосалқы станса мен 77 қосалқы стансада жұмыстар жүргізіліп, 36 072 дана темір бетон тірек ауыстырылды. Электр желілері инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту мақсатында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға 16 жоба ұсынылды. Сондай-ақ 2029 жылға дейін қосымша жобаларды іске асыру көзделген. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейін 11%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

– Жуырда Қарашығанақта газды кері айдайтын алтыншы компрессор іске қосылып, кенішті кеңейту жобасының бірінші кезеңі толық аяқталды. Газ өндірумен қатар, оны өз елімізде өңдеу де маңызды. Кен орны аумағында газ өңдеу зауытын салу мәселесі шешімін тапты ма?

– 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңірге жұмыс сапары барысында Қарашығанақ кен орнының базасында газ өңдеу кешенін салуды тапсырды. 2026 жылы оның іске асыру «QazaqGaz» ұлттық компаниясына жүктелді. Қазір жобаны «QazaqGaz» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны – «QazaqGaz Processing» ЖШС жүзеге асыруда. Зауыттың жылдық өңдеу қуаттылығы 5 млрд текше метр газды құрайды. Мұнда жылына 4,1 млрд текше метр тауарлық газ, 350 мың тонна сұйытылған көмірсутек газы, сондай-ақ тұрақты газ конденсаты мен түйіршікті күкірт өндіру көзделген. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 3,5 млрд АҚШ доллары немесе шамамен 1,65 трлн теңге.

Қазір зауыт салынатын алаңды таңдау, инженерлік ізденіс жүргізу және қажетті рұқсат құжаттарын әзірлеу жұмысы атқарылуда. Жоспарға сәйкес жобалау жұмысы 2027 жылы аяқталып, 2028 жылы құрылыс басталады. Зауытты 2030 жылдың соңына қарай пайдалануға беру көзделген.

– Сіздің бастамаңызбен қолға алынған «Қаладан – ауылға» өңірлік жобасы тиімділігін көрсетіп, бұл күндері бірнеше облыста жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ қолдауыңызбен «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылып, түрлі сала өкілдері, оның ішінде журналист әріптестеріміз де баспаналы болды. Бұл жобалар жалғасын таба ма?

– 2024 жылы қолға алынған «Қаладан – ауылға» жобасы аясында 288 отбасы, яғни 1444 адам қаладан ауылға қоныс аударды. Оның 909-ы – балалар. Барлық отбасы баспанамен қамтылып, 313 азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Олардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер және ауылға қажетті өзге де сала мамандары бар. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар да аз емес.

Ал 2024 жылы пилоттық негізде іске қосылған «Жайық жастары» бағдарламасы арқылы үш жылда 207 жас маман баспаналы болды. Алғашқы жылы 600 млн теңге бөлініп, 41 жас тұрғын үйге қол жеткізсе, 2025 жылы 1 млрд 260 млн теңге қарастырылып, 72 азамат баспаналы болды. Биыл бұл мақсатқа 1 млрд 654 млн теңге бағытталды. Оның 331 млн теңгесі «Отбасы банк» АҚ есебінен қамтамасыз етілді. Нәтижесінде тағы 94 жас маман тұрғын үй сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Бағдарламаға деген сұраныс та жоғары. Үш жылда барлығы 1960 өтінім қабылданды. Сондықтан біз оның қолжетімділігін арттыруға және қатысушылар қатарын кеңейтуге ерекше назар аудардық. Алғашқы жылы алты санат қамтылса, былтыр олардың саны сегізге, биыл онға дейін ұлғайды.

– Мемлекет басшысы қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын басты басымдықтардың бірі ретінде атап өтті. Бұл міндет «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының мақсаттарымен де үндес. Жалпы-ұлттық экологиялық акция өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр?

– Биыл қазан айында «Хан тоғайы» экологиялық саябағы ашылды. Жайық жағалауын бекіту жұмыстары Жеңіс алаңына дейін жалғасып, аталған аумақты да экопаркке айналдыру жоспарланып отыр. Жыл басынан бері орман қоры аумағына 6 млн 400 мың түп ағаш егілді. Бұл – биылғы жоспардың 80%-ы. Ал Мемлекет басшысының жалпы 2 миллиард ағаш егу туралы 2020 жылғы тапсырмасына сәйкес, өңірдегі жасыл желек қорын 56,6 млн дана тал-терекке көбейту көзделген. 2024-2026 жылдары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 426 мың адам қатысып, 63 мың гектар жиналды. 14 мың тонна қоқыс шығарылып, 421 мың түп көшет отырғызылды. «Таза Қазақстан» – бұл ортақ ниет пен саналы әрекеттің нәтижесі.

– Нариман Төреғалиұлы, мазмұнды сұхбатыңыз үшін рақмет! Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы қызметіңіз табысты  болсын.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале