22.09.2026, 9:15
Оқылды: 5

Жеңімпаз - жүлдегерлермен жүздесу

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жүлде алған өңір спортшыларын және муай-тайдан әлем чемпионы Ерлан Шаймардановты, олардың бапкерлерін қабылдады.  Халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшылармен жүздескен аймақ басшысы олардың жеңістерін өңір спортының жетістігі ретінде бағалады.

3df98fd2-b52b-4f49-a9c8-02c274930c80

Спорттағы жеңіс жолы тынымсыз еңбек, табандылық және үлкен жауапкершіліктен қалыптасады. Сіздер халықаралық аренада Қазақстанның көк Туын көтеріп, туған жердің мерейін асырдыңыздар. Әсіресе ұлттық спорт түрлерінен жүлде алуыңыздың мәні бөлек. Өйткені Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ата-бабадан жеткен дәстүрлі спортты дәріптеп қана қоймай, ұлттық болмысымызды әлемге танытатын айтулы дода. Сіздердің жетістіктеріңіз жас спортшыларға үлгі, олардың жеңіске деген жігерін арттыра түседі. Алдағы бәсекелерде де биіктен көрінулеріңізге тілектеспін, – деді Нариман Төреғалиев.

Айта кетейік, биылғы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 113 мемлекеттен 3 мыңға жуық өкіл қатысты. Қазақстан құрамасы сапында 150-ден астам спортшы бақ сынап, 74 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Қазақстан құрамасы сапында өңірімізден жеті спортшы өнер көрсетіп, ел қоржынына төрт медаль салды.

Санжар Өмекей 12 шақырымдық құнан бәйгеде топ жарып, алтын медаль иеленді. Дәстүрлі садақ атудан Әсемгүл Ғалымжанова 40 метр қашықтықтағы «Орта Азия» нысанасы бойынша жеңімпаз атанды. Жамбы атудың мажар стилінен Аружан Ықсан күміс жүлдеге ие болса, самбодан 76 келіге дейінгі салмақта белдескен Еркебұлан Нығмет қола медаль еншіледі.

Өңір спортындағы тағы бір айтулы жетістік – муай-тай шебері Ерлан Шаймардановтың жеңісі. Косова Республикасының Пея қаласында өткен 24 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем біріншілігінде жерлесіміз 45 келіге дейінгі салмақта әлем шемпионы атанды. Ерлан да әкім қабылдауына келді. Осы кездесуде облыс әкімі спортшылар мен олардың бапкерлеріне алғысхаттар мен қаржылай сыйлықтар табыстады.

– Жеңіс бір күнде келмейді.

Сондықтан бүгінгі жетістіктеріңізді жоғары бағалаймыз. Алдағы халықаралық жарыстарда Қазақстанның, Батыс Қазақстанның намысын абыроймен қорғайтындарыңызға сенеміз. Жеңістеріңіз көп болсын! – деді өңір басшысы.

Батысқазақстандық спортшылардың еңбегі мемлекеттік деңгейде де еленді. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғаған спортшылар мен бапкерлерді қабылдаған болатын. Сол кезде садақ атудан жеңімпаз атанған Әсемгүл Ғалымжанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, жас шабандоз Санжар Өмекейге Қазақстан Республикасы Президентінің алғысхаты берілді.

Өңір спортының халықаралық додалардағы нәтижесі ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінгі жеңімпаздардың жетістігі – ертеңгі жас спортшылар үшін үлкен мектеп, ел спортының келешегіне салынған сенімді негіз.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале