Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Нариман Төреғалиев Шыңғырлау ауданының тұрғындарымен кездесті.

Фото: БҚО әкімінің баспасөз қызметі
Жиын Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, кейінгі жылдары атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысына назар аударды.

Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев Шыңғырлаудың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін баяндады. Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция 3,3 млрд теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 еседен астам өсті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 9,2 млрд теңгені құрады. «Ауыл аманаты» аясында 9 жоба 104,3 млн теңгеге қаржыландырылды. Жалпы 2023-2026 жылдары 118 азамат 868 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.
Ауданда инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылуда. 7 елді мекенде 85,3 шақырым электр желісі жаңартылып, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Биыл әлеуметтік осал топтарға арналған 59 тұрғын үй салынып жатыр. «Шыңғырлау – Ақшат – Сегізсай» жолының 15 шақырымын күрделі жөндеу қолға алынды.

– Ауданды дамытуда тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерге басымдық беруіміз керек. Жол, электр желісі, тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың жағдайы – халықтың өмір сапасын айқындайтын негізгі факторлар. Сонымен қатар аудан экономикасының негізі саналатын ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды. Басталған жобалар сапалы әрі уақытында аяқталуы тиіс, – деді Нариман Төреғалиев.

Кездесуде тұрғындар мектеп пен бөбекжай салу, балалар қауіпсіздігі, жол, медицина және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін көтерді. Облыс әкімі сауалдарға жауап беріп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Шыңғырлаулықтар атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, ауданның алдағы дамуына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жиыннан кейін Нариман Төреғалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

