Сырым ауданында «Өсу векторы» жобасы аясында облыстық семинар өтті. Білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуға, инновациялық жобалар мен заманауи білім беру бағыттарын таныстыруға арналған жиынға аудандық және қалалық білім беру бөлімдерінің басшылары, әдістемелік кабинет меңгерушілері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысты.

Семинар қонақтарын аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қарсы алып, жиын барысында сөз сөйледі. Ол білім беру саласындағы жаңашылдықтың, педагогтердің кәсіби ізденісін қолдаудың және тиімді тәжірибелерді бөлісудің маңызын атап өтті.

Жиын барысында «Білім беру кеңістігі: қуатты бастау, жарқын болашақ» тақырыбында композициялық таныстырылымдар ұйымдастырылып, білім беру ұйымдарының тәжірибелері ұсынылды. Қосымша білім беру саласындағы жұмыстар мен дәстүрлі бағыттарды заманауи тәсілдермен ұштастыру үлгілері де таныстырылды.

Семинардың жобалық бөлімінде мектеп пен түлек арасындағы байланысты нығайту, экологиялық тәрбие, табиғатты қорғау, құс шаруашылығы, дәстүр мен инновацияны сабақтастыру бағыттарындағы жобалар таныстырылды. Сонымен қатар цифрлық білім беру мүмкіндіктеріне арналған жұмыстар көрсетіліп, әдебиетті цифрлық форматта насихаттау, тарихи-танымдық материалдарды заманауи технологиялармен ұсыну секілді жобалар қорғалды.

Жиын барысында қатысушылар білім беру сапасын арттыруға бағытталған тәжірибелермен танысып, өзара пікір алмасты. Мұндай басқосулар білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасуға, тиімді бастамаларды таратуға және жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кеңесте Сырым ауданлық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов ауданның білім беру жүйесіндегі негізгі көрсеткіштерді таныстырды.
Қоңдыкер Елеуов,
Сырым ауданы