15.03.2022, 9:30
Оқылды: 43

Инвестиция көшінің неге соңындамыз? 

Ақпан айында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің инвестициялық штаб отырысында 2021 жылғы инвестиция тартудың мақсатты индикаторларының орындалуы мен биылғы жылға арналған жоспарлары талқыланды. Осы жиында Қызылорда облысы мен бірге біздің өңірдің де инвестиция тарту көрсеткіштерінің ең төмен екендігі айтылды. Мұның себебі неде, инвестиция тарту жұмыстары қалай жүруде? Осындай сауалдарымызға облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрия Гайтпаева жауап берді.   

LWD4Uzz9EI0m5bY2troX

Фотосурет: inventure.com.ua

– Иә, өткен жылдың қаңтар-желтоқсанында негізгі капиталға салынған инвестиция  көлемі 15,3%-ға төмендеп, 423,7 млрд теңгені құрады. Инвестиция көлемінің мұндай  төмендеуі Қарашығанақ кен орнын игеруші «ҚПО б.в.» компаниясының жұмысымен тығыз байланысты деуге болады. Аталмыш компания пандемияға байланысты «көрпеңе қарай көсіл» ұстанымын ұстанды. Компания газды кері айдайтын төртінші компрессорды орнату жобасын жүзеге асырудағы шығындарды реттеп, қысқартты. Сонымен қатар былтыр  Қарашығанақ өңдеу кешеніндегі газ өндірудегі шектеулерді алып тастау жобасы іске қосылды. Осының барлығы компанияның шығындарын азайтты, соның нәтижесінде негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі төмендеді. Дегенмен басқа салаларда инвестиция тарту жұмыстарына өсім тән. Мысалға, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялар көлемі 14,9%-ға, ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция шамасы 42,8%-ға, саудада 6,6%-ға, денсаулық сақтау саласына тартылған инвестиция көрсеткіші 8,1%-ға өсті, – деді Нұрия Ханзадақызы.

Басқарма ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өңірде жаңа инвестиция тарту, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған (жобалардың жалпы құны – 1,6 трлн теңге, 7655 жаңа жұмыс орны) 70 жоба пулы жасалған. Жобалар пулында өндіріс, қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, медицина, спорт және басқа да салалардағы әлеуеті маңызды ірі жобалар қарастырылған. Оның ішінде 2021 жылы 465 млрд теңгеге 11 жоба іске қосылды, 1640 жаңа жұмыс орны ашылды. Ол жобалар мыналар: Қарашығанақ өңдеу кешенінің газ бойынша өндірістік шектеулерді алып тастау («ҚПО б.в.»), жиһаз фабрикасының құрылысы («Квант» ЖШС), сүт зауытын салу («UralskTradeCompany» ЖШС), қызанақ пен қияр өсіретін жылыжай кешенінің құрылысы («World Green Company» ЖШС), көкөніс сақтау қоймасын салу («Baystone» ЖШС) жобалары. Сонымен қатар кірпіш зауытын салу («134» ЖШС), спорт зал құрылысы («Юниор-Уральск» ЖК), көпбейінді спорт кешенінің құрылысы («Гульсара» ЖК), тауарлы бетон өндірісі кеше-ні («ОралТранс» ЖШС), мейрамхана-қонақ үй кешенінің құрылысы («Garant Plus» ЖК), демалыс орталығы және тұ-қы тұқымдас аквамәдениетті өндіріс орталығының құрылысы («ПСП «СЕРИК» ЖШС) жобалары бар.

Биыл 2658 жаңа жұмыс орнын құру мен 243,7 млрд теңгеге 30 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде келесі ең ірі жобаларды атап өтуге болады: газды кері айдайтын 4-ші компрессор жобасы («ҚПО б. в.»), 2-ші пресс желісін жаңғырту жобасы («Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ),  ПЭТ ыдысқа су құю желісін өндіру  («Дынникова О.В.» ЖК), күн сәулесі панельдерін өндіру («Green Spark Limited» ЖШС),  пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу, тауарларға арналған пластикалық қаптамаларды шығару цехы («Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС) жобалары бар. Одан басқа  сүт-тауарлы фермасының құрылысы («Ringo-Milk» ЖШС), демалыс саябағы және су демалысының құрылысы («БатысСтройМонтаж» ЖШС), шолу дөңгелегін салу және орнату («Риа Мир» ЖШС), логистикалық орталық салу («Квант» ЖШС), автомобильдік газ толтыру компрессорлық стансасы құрылысы («Метан-Сервис» ЖШС) және басқа да жобалар «жандандырылуда».

Ағымдағы жылы Ақ Жайық өңіріне инвестициялар тарту, инвестициялық ахуалды жақсарту және экспортты ілгерілету жөніндегі өңірлік кеңестің 5 отырысы өткізіліп, 3900-дан астам тұрақты жұмыс орнын құратын жалпы шамасы 566,6 млрд теңгеге 23 жоба мақұлданды. Инвестиция  тарту және облыстың инвестициялық ахуалын жақсарту үшін invest07.gov.kz инвестициялық порталы жұмыс істейді.  Онда өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар, өңірдің тауар өндірушілері, инвесторлар үшін тауашалық (ниша) жобалар, инвестициялық же-ңілдіктер, шағын және орта бизнеске арналған 100 жоба, инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, бизнес жүргізу, инвестицияларды қажет ететін жобалар, бос жер телімдері және өзге де ақпараттар көрсетілген.

Сонымен қатар «Бизнеске арналған үкімет» жобасы аясында бизнесті ашу және қолдау үшін мемлекеттік қызметтердің 50-ден астам түрі көрсетіледі. 2021 жылы 400-ге жуық кәсіпкерлік субъектісіне 70-тен астам кеңес және 500-ден астам қызмет көрсетілді. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-ның инвесторларға қолдау көрсету орталығы тұрақты жұмыс істейді. Аталған орталықта инвесторларға «бір терезе қағидаты» бойынша тегін қызметтер көрсетіліп, инвестициялық жобаларды іске асыру шараларына қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жоба  іске асырылғанға дейін  сүйемелдеу қызметтері жүзеге асырылады.

Қорыта айтар болсақ, өңірге инвестиция тарту жұмыстары жалғасуда. Коронавирус пандемиясы, одан кейінгі геосаяси жағдайға байланысты  сауда-экономикалық байланыстағы кейбір түйткілдер экономиканың даму болжамдарына азды-көпті өзгерістер енгізуі ықтимал.

Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,

zhaikpress.kz 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале