25.05.2022, 20:28
Оқылды: 198

2460 оқушыға - жазғы лагерь, 1416 оқушыға - «жазғы мектеп»

Бөкей ордасы аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Қайырғалиеваның төрағалығымен әлеуметтік саясат, денсаулық сақтау, білім беру, отбасы, балалар мен аналар, экология жөніндегі тұрақты комиссия отырысы өтті. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Бисенбек Насимоллин жазғы демалыс кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жайын баяндады. 

IMG-20220525-WA0114

- Қазіргі таңда жазғы каникул кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің сауықтыру демалысын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру үшін, сонымен қатар, олардың шығармашылық дамуы үшін қажетті жағдай жасау, кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығының, қылмыс жасамауының, қараусыз және қадағалаусыз қалмауының алдын алу мақсатында аудандық білім беру бөлімі жоспар құрып, құжаттарын рәсімдеуде, - деді мекеме басшысы.

Бисенбек Насимоллинның айтуынша, 2460 оқушы жаз мезгілінде лагерьмен қамтылады деп жоспарланған екен. Ол лагерьлерге ең алдымен аз қамтылған, көпбалалы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық емес отбасы балалары қамтылмақ.

- Сонымен қатар, облыстық білім басқармасының «2021-2022 оқу жылында жазғы мектепті ұйымдастыру туралы» бұйрығына сай аудандық білім беру ұйымдарына, білім сапасын арттыру және пандемия шектеу шаралары кезеңінде жіберілген олқылықтарының орнын толтыру мақсатында жазғы мектепті ұйымдастыру жөнінде бұйрық пен нұсқаулықтар берілген болатын. Қазіргі таңда жазғы мектепке 1-8 және 10 сынып оқушыларының ата-аналарынан 1416 өтініш түсіп отыр. Білім беру ұйымдарында іс-шараларға жауапты педагогтар бекітіліп, сабақ кестесі мен жұмыс жоспары жасақталды - дейді мекеме басшысы.

Еркебұлан Бисенғалиев,

Бөкей ордасы ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале